Бүгін Орал қаласындағы «Аманат» партиясы ғимаратында мемлекеттік рәміздерге қатысты жиын өтті. Ең әуелі облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева сөз алып, қазақ геральдикасының тарихын зерделеудің, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қараудың маңыздылығына тоқталды.

Содан соң «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ директоры Шерхан Талап аталған орталық тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайында сөз қозғады. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерге қатысты біраз пайдалы мағлұмат айтты.

Өз кезегінде Ұлттық құрылтайдың мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Бауыржан Ғұбайдуллин Шерхан Талапұлына қазақы игі дәстүрмен қонақжайлылық танытып, оның алдағы уақыттағы жұмысына сәттілік тіледі.

Жиын барысында Шерхан Талап қатысушылардың сауал-сұрақтарына толыққанды жауап қатты. Гүлжанар Болатқызы жиынды қорытындылап, мемлекеттік рәміздерді насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізу керектігін жеткізді.

Мәрлен Ғилымхан
Суреттерді түсірген: Мәди Салық
«Орал өңірі»