9.05.2025, 17:34
Оқылды: 280

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы Янайкин ауылында жоғары деңгейде аталып өтті

Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде майдангерлердің ерлігі еске алынып, тағзым шаралары өткізілуде. Янайкин ауылдық округінде де бұл тарихи күн ерекше салтанатпен аталып өтті. Ауыл тұрғындары мен қонақтар округтің мәдениет үйі жанындағы алаңға жиналып, рухты көтерген концерттік бағдарламаға куә болды.

IMG-20250509-WA0030

Іс-шара шымылдығы соғыс жылдарын бейнелейтін әндермен ашылып, сахнада көркем өнер туындылары орындалды. «Қазақтың барыстары» әнін орындаған Мирас Шамашевтың орындау шеберлігі мен патриоттық рухы көрермендерді тәнті етсе, «Бейбітшілік сақталсын» әнін әуелеткен Айымжан Қуаныш пен Арина Кадерова халықтың зор қошеметіне ие болды. Сонымен қатар, Радуга вокалдық әйелдер ансамблі орындаған «Журавли» әні жүректерге жылулық сыйлады. Айымжан Қуаныштың «Кестелі орамал» әні мен Омар Ғазиз шырқаған «Әлия» әні, сондай-ақ Арина Кадерованың «Мәншүк» әні арқылы жауынгер арулардың бейнесі ерекше әспеттелді. «Әдемі-ай» би тобы орындаған «Катюша» биі де көпшілік көңілінен шықты.

Концерттік бағдарламадан соң жиналғандар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтар рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жарияланды. Бұл – жүректерге ұя салған ұлы қайғының, сонымен бірге шексіз құрметтің белгісі еді.

IMG-20250509-WA0045

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Янайкин ауылдық округінің әкімі Сәуле Аққайырова ауыл тұрғындарын Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойымен құттықтады. Ол өз сөзінде:

— Бұл жеңіс бізге оңай келген жоқ. Ұлы Отан соғысы халқымыздың басына төнген ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Қазақ халқы ел тағдыры сынға түскен сол жылдары ештеңеден тайсалмай, ерлікпен майдан даласына аттанды. Біздің округтен  240 азамат соғысқа қатысып, олардың 126-сы майдан даласынан оралмады. 114-і елге аман жетіп, бейбіт күннің тірлігін жалғастырды. Бүгінде арамызда сол бір сұрапыл жылдардың куәгерлері – тыл ардагерлері қалды. Олардың еңбегі – ұрпаққа үлгі. Сондықтан біз бұл күнді ұмытпауымыз, ұлықтауымыз керек, – деді.

Осы жиын барысында тыл ардагерлері Шайдолла Бекешов пен Владимир Страмоусов «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Бұл марапат – елінің, халқының жадында сақталған ерлік пен қажырлы еңбектің айғағы.

IMG-20250509-WA0046

Осындай тағылымды шара елді бірлікке, тарихты қастерлеуге үндеді. Ауыл жастары мен өнерпаздары ата-баба рухына бас иіп, ерлікті естен шығармауға шақырған бұл күннің мәні – бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын ұғындыру болды. Янайкиндіктер үшін бұл күн жадыда жатталып, жүректерде сақталары анық.

Салтанат Серікбайқызы

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале