14.05.2025, 12:15
Оқылды: 514

Еңбек майданының батырлары

Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылында» халық үшін аянбай қызмет жасап жүрген азаматтардың еңбегін ескермеу мүмкін емес. Әсіресе, Казталов ауданындағы ауыл тұрғындарының күнделікті қиналмай өмір сүруі үшін барлық жағдай жасап, өмірлік маңызы бар инфрақұрылымдардың тоқтаусыз жұмыс жасап тұруы да осы саладағы жұмысшы мамандардың еңбегі.

IMG-20250513-WA0100

Казталов ауданындағы коммуналдық шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорны аудан халқының таза ауыз сумен үздіксіз қамтылуына тікелей жауапты. Ауданымыз үшін стратегиялық маңызы бар саланың еш кедергісіз жұмыс жасап тұруы да осы мекемеде қызмет жасап жүрген азаматтардың арқасы деп білеміз. Бір уақыт тығырыққа тіреліп, айлап жалақы алмаған коммуналдық кәсіпорынның мамандары жұмыстарын тоқтатқан емес. Бүгінде мекеменің тізгінін ұстаған білікті маман, ұзақ жылдар ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек еткен Сергей Тоқпановтың еңбегі бір төбе. Оны қолдап, қаражат тауып беріп жатқан ауданның атқамінер азаматтарының да еңбегі зор. Коммуналдық кәсіпорынға басшы болып тағайындалған күннен бастап, мекемеге жан бітіріп, жұмысқа бел шешіп кірісті. Білікті басшы бірінші кезекте мекемеге кәсіби шебер мамандарды тарта білді. Соның нәтижесінде аудан халқы ауыз судан мұқтаждық көріп жатқан жоқ.
Коммуналдық кәсіпорында уақытпен санаспай, халық үшін еңбектеніп жүрген мамандардың жұмысына бір мәрте үңіліп көрейікші. Күн-түн демей, ауыл халқының таза ауыз су ішуі үшін өзен бойындағы таза су қондырғылары мен артезиан ұңғымалары сағат секілді істен шықпауы қажет. Осы жұмысты қадағалап, уақытында жөндеу — коммуналдық кәсіпорын мамандарының құзырына кіреді. Иә, тап осы салада қызмет жасау үшін «жанкешті» болуыңыз шарт. Аз ғана жалақыға бар күш-жігеріңді жұмсап, қыстың суығы мен жаздың ыстығына төзу керек. Біз әсірелеп жатқанымыз жоқ, бұл мекеменің мамандары тап осындай еңбек майданының батырлары.

IMG-20250513-WA0113
Көзімізге елестетіп көрейікші, қақаған қыста ауыз су жүріп жатқан су құбыры жарылды дейік. Құбырдың қай жерден жарылғанын анықтап, дер кезінде жөндейтін осы коммуналдық кәсіпорынның жұмысшылары. Қыста тоң қатқан, қатты жерді қазып, су толған шұңқырдың ішінде белуардан су кешіп, «қыңқ» деместен жұмыстарын атқарып жатады. Бәрі де халықтың игілігі үшін. Бұл бір ғана мысал.
«Судың да сұрауы бар» демекші, үйдегі шүмегіңізден ағып тұрған таза суда кімдердің маңдай тері бар?! Бір мәрте ойланып көрдік пе?! Кейбіреуіміз бұл шаруаға бас қатырып жатқанымыз шамалы. Шынайы өмірдің шынайы мысалдарын саралап көрейік...
Жуырда үш ауылдың таза су ұңғымаларында техникалық ақау орын алған. Атап айтар болсақ, бүгін Әжібай ауылын таза ауыз сумен қамтып отырған ұңғымадағы су сорғысы істен шығып, коммуналдық кәсіпорынның жігіттері жаңа су сорғысын қондырып берді. Сондай-ақ Қошанкөл ауылында да ауыз су жүйесінде ақау анықталып, осы мекеменің мамандары өз уақытында жөндеп тастады. Бұдан бөлек Қараоба ауылын таза сумен қамтиын ұңғымадағы су сорғысы істен шыққан. Бұл кемшілікті де коммуналдық кәсіпорынның азаматтары дер кезінде байқап, жаңа су сорғысын қойды. Біздің жазбамызға дәлел ретінде төмендегі суреттерге көз салып шығыңыз.

IMG-20250513-WA0107
Иә, бәрі ауызбен айтқанда оңай секілді. Бұл жұмыстардың артында қаншама тер, қаншама еңбек жатыр?! Жоғарыда аталған ауылдарда жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын ауыл тұрғындары байқамай да қалды. Себебі, ауыз су бір мезетке тоқтаған жоқ. Мамандар жедел түрде жұмыс атқарып, суды тоқтатқан жоқ.
Қадірменді оқырмандар! Біз бұл жазбамызда еңбек майданы батырларының өлшеусіз еңбегін дәріптеуді жөн санадық. Уақытпен санаспай, аса жауапкершілікпен халық игілігі жолында тынымсыз еңбек еткен жандардың еңбегін бағалай білейік! Олардың еңбегіне құрметпен қарап, әркез төрден орын берейік!

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале