Бәйтерек ауданының аумақтық сайлау комиссиясы Зеленов, Январцев және Чиров ауылдық округтері әкімдерінің өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты кезекті отырысын өткізді. Жиынға комиссия мүшелері, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен аудандық БАҚ өкілдері қатысты.

Аудандық аумақтық сайлау комиссия төрағасы Радик Ихласовтың айтуынша, отырыста Зеленов, Январцев және Чиров ауылдық округтерінде сайлау округтерін құру және әкім сайлауын 2025 жылғы 22 маусымға белгілеу туралы шешімдер қабылданды. Сондай-ақ сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізуге арналған негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді.
Комиссия қаулысына сәйкес, 2025 жылғы 15 мамыр мен 27 мамыр аралығында (сағат 18.00-ге дейін) аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауыл әкіміне үміткерлердің құжаттарын қабылдайды. Ал кандидаттарды тіркеу рәсімі 1 маусым күні сағат 18.00-де аяқталады. Осыдан кейін, яғни 1 маусым сағат 18.00-ден бастап үгіт-насихат кезеңі басталып, 21 маусым сағат 00.00-де аяқталады.

Сайлауды тікелей ұйымдастырып, өткізу жұмысын Зеленов ауылдық округінде №162, Январцев ауылдық округінде №183, №184, №185 және №186, ал Чиров ауылдық округінде №190 учаскелік сайлау комиссиялары жүзеге асырады.
Сәнім Берік
Бәйтерек ауданы