15.05.2025, 10:45
Оқылды: 316

Өнер майталманы туған жерінде

Мың сан өнерді бойына сыйдырған Нұрлыгүл Жұбатова Қосөзеніне табан тіреді. Туған жерге табан тіреген перзент табиғаттың таңғажайып нұрымен келді. Яки, бұл – оның риясыз көңілі, боямасыз болмысы, жоғалмайтын жарқын жүзі болса керек-ті.  Әйтеуір, ақ жауын да нөсерлетіп сары Нұргүлінің өшіршең өнерімен жауа түсті.

FB_IMG_1747278121489

Сахнада бала, бойжеткен, бүгінгі Нұрлыгүл Өтемісқызының өнегелі өмірі кестеленіп көрініспен өтіп жатты. Өнер иесінің қиялшыл, арманшыл өмірінің ең бір сәулелі шақтарын көзімізбен көріп, көңілге көппп дүние түйіп қайттық.

Аласармайтын арман, мызғымас мақсат жолындағы “Өнер” деген үлкен сапардың бақытты жолаушысы тәрізді біздің қосөзеннің қайсар қызы. Әке мен ананың киелі шаңырағына қадам басқан өнер майталмандары сол бір қаршадай қыздың арманына қанат байлап, алға жетелей түскендей-ау, сірә! Бойына үміт пен сенім, қайсарлық пен қарапайымдылық қатар тоғысқан сәтте ол тек биікке жетуді, өнер майданында күресуді мақсат етті.

FB_IMG_1747278130208

Ә дегеннен-ақ өмір мен өнердің сабақтастығынан бастаған экрандағы көріністен өнер иесінің өнерге шексіз махаббатын сезіндік. Нұрлыгүл Өтемісқызының әр өнердің сырын, жүрек қылын  шертіп, тебірендіріп, толғатып толғануының мәні тереңде жатыр…

Бұл кеш – өнер мен шынайылықтың, еңбек пен шабыттың бір арнаға тоғысқан сәті. Өнер иесінің өмір жолы, шығармашылық табыстары мен ұмытылмас рөлдері бәрі-бәрі  рухани кештің арқауына айналды. Сахна шымылдығы түріліп, өнерге тағзыммен Нұрлыгүл Жұбатова Иран-Ғайып «Мен ішпеген у бар ма? Абай мен Әйгерім, Жұбанның анасы Зеріп қойылымдарының үзінділерін туған жер сахнасында қойып, көрерменнің ыстық-ықыласы мен қошеметіне бөленді.

Актрисалық шеберлігімен қатар, кейінгі жылдары Нұрлыгүл Жұбатова режиссер ретінде де өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Оның ең алғашқы режиссерлік жұмысы Нұрлан Сәдірмен бірлесіп жазған ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған «Аялап өтем...» поэтикалық фэнтезиі қойылымынан үзінді қойылды.

Рухани кешті актёр Теміржан Матаев жүргізсе, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Нұргүл Жұбатованың замандасы, театрдың талантты актрисасы Жанаргүл Құрманғалиева, өнер иесінің өнердегі қос қанаты Маулет пен Жылқыбай Жұбатовтар өнер көрсетті.

FB_IMG_1747278135226

Өнер жолы – қиын жол. Әсіресе шығармашылық пен отбасын қатар алып жүрген әйел заты үшін өнердің салмағы зіл батпан. Бірақ соған қарамастан, жолыңда кездескен қиындықтың бәрін еңсеріп, жарқ етіп жұлдыздай жарқылдасаң – ол жеңістің дәмін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мәдениет саласының үздігі, «Парасат» орденінің иегері Нұрлыгүл Жұбатованың жеткен жетістігі тізбектеліп тұр. “Мен өмірімдегі әр сәтті жоспарламадым. Бәрі де өз уақытымен…” деді өнер иесі өз сөзінде…
Әйтсе де уақыт, өмір ағысы адам бойындағы тұп-тұнық талантты өз уақытында биікке самғатып, жетістік деген шыңға жетелейтіні сөзсіз… Сол уақыт пен жолдарда қосөзеннің қаршадай қызының өнер сапарындағы өшпейтін өміршең қолтаңбасы жатыр…

Әсте мақтануды жақсы көрмейтін өнер иесімен біз бүгін жерлестері мақтандық, өнеріне құрметпен қарап, үлкендерше марқайдық. Жылайтын жерде жылап, қуанатын сәтте қуандық…

ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Парасат» орденінің иегері, актриса, режиссер Н.Жұбатованың өнеге мен өнерге толы өмір жолын сағаттап қарасақ та артық етпейді.  Әлбетте, екі сағаттың ішінде жандүниеміз бен руханиятымыз бірге тыныстап, азық алды…

Бірлігі жарасқан, өнері өрлеген, талант пен татулығы тоғысқан әулеттің тәрбиесі әрідееее жатыр-ау!

Өнерде қайталанбас қолтаңбасын қалдырған Нұрлыгүл Өтемісқызы тек көктеректің ғана емес, барша қазақтың мақтанышына айналуында осы әке мен анасының тәрбиесі мен өнегесі жатыр…

"Өнер. Өмір. Өнеге" деп аталатын кеште өнер иесі ел сахнасында елдің ықыласымен еркін көсілді. Елінің ерке қызы елінің махаббаты мен өнерге, өзіне деген қошеметін сезінді.

FB_IMG_1747278151842

Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы өз сөзінде, "Сіз Сарыөзен жағасындағы Көктерек ауылынан түлеп ұшып, киелі қара шаңырақ Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының қабырғасында өңіріміздегі театр әлеуетін арттыру жолында еңбек етіп келесіз. Өзіңіз сомдаған рөлдеріңізбен ұлттық болмысымызды, замана шындығын сахна мәдениетін сақтай отырып көркем түрде жеткізудесіз. Халқымыздың төл мәдениетін дамытуға, ұлт руханиятын жетілдіруге өлшеусіз үлес қосудасыз. Сізге өркениетіміздің өзегі болған мәдениет пен өнерді өркендетуге, ауданымыздың әлеуетін арттыруға қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Әрдайым көрерменнің қошеметіне бөленіп, өнер көгінде самғай беріңіз", — деп  иығына шапан жауып, естелік сыйлық табыс етті және елдің атынан Нұрлыгүл Жұбатоваға ат мінгізді.

Театр директоры Нұржан Қадыржанұлы Тасболатов  Казталов аудандық мәдени- демалыс орталығының директоры Асхат Нұрланұлы бастаған ұжымға алғыс хат табыстады.

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале