«Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» демекші, отау құрған ерлі-зайыптылар дүниеге ұрпақ әкелуді, үрім-бұтағын жалғастыруды ең үлкен бақытына балайды. Айтсақ ауыр, айтпасқа тағы болмайды. Елімізде бедеу әйел мен белсіз еркектің қарасы көбейген. Осы орайда облыста сәби иісі мен күлкісін аңсаған 238 әйел былтыр ЭКҰ-ға (экстракорпоральді ұрықтандыруға) квота алуға өтініш жазса, оның 71-і ғана мақұлданып, ана атанған.

Сурет: egemen.kz
Ана бақытын аңсағандар аз емес
Келін болып түскен әулеттің ұрпағын өрбітіп, сәби сүюі – тек нәзікжандылардың мәселесі ғана емес. Жарық дүниеге дені сау нәрестенің келуінде ер-азаматтардың да үлесі зор. Десе де, бедеулік мәселесі туындай қалса немесе балалы болмаудың кінәратын қоғам бірінші нәзік жандылардан іздейтіні рас. Бірақ статистикаға сүйенсек, бүгінде бедеу әйел мен белсіз еркектің саны бірдей, яғни некелескен жұптарда баланың болмауына ер-азаматтар да себепкер екен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасы енгізіліп, экстракорпоральді ұрықтандыруға (ЭКҰ) бөлінетін квота 7 есе көбейгені мәлім. Соның нәтижесінде «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы мыңдаған отбасы бала сүю бақытына ие болды. Аталмыш бағдарлама бойынша барлық шығын мемлекет есебінен төленді.
Еліміздегі «Экомед» адам ұрпағын өрбіту орталығының негізін қалаушы, репродуктолог Салтанат Байқошқарованың БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында экстракорпоральді ұрықтандыру – әйелдің жұмыртқасы мен ер адамның ұрығын арнайы түтікшеде қолдан ұрықтандырылатынын айтқан. Алайда бұл әдіс кез келген әйелге қолданыла бермейтін көрінеді. Оның өзіндік асқынуы мен қарсы көрсетілімі бар. Жатырдың ішін бала көтертуге дайындайтын дәрі-дәрмектің те жанама әсері бар көрінеді. Ең алдымен, дәрігерлер келген науқасты бастан-аяқ тексереді. Кейбіреулері ем-домнан кейін-ақ бала көтеріп кетеді. Бір айта кететін жағдай, ЭКҰ жасалғаннан кейін де оның нәтижелі боларына толық кепілдік жоқ. Денеден тыс ұрықтандыру әдісі басқа ешқандай тәсіл көмектеспеген жағдайда ғана қолданылады. Маманның айтуынша, жасанды ұрықтандыру – күрделі процесс. Әйелдің ұрығын алу үшін алдымен оны дайындайды. Одан соң аналық ұрықты шығаратын фолликула жасушасын өсіру үшін гормондық дәрілермен стимуляция жасайды. Ең үлкен доминантық фолликуланың көлемі 18-20 мм-ге жеткенде фолликуладағы ұрық оны жарып шығу үшін тағы бір дәрі беріледі. Содан кейін жіңішке ине арқылы фолликуладағы сұйықтықты сорғызып алады. Оны арнайы микроскоппен қарап, ішіндегі ұрықтың бар-жоғын тексереді. Аналық ұрықты алып, инкубаторға салады. Оның температурасы, қолайлылығы – бәрі әйелдің жатырындағыдай етіп жасалған. Ал ұрығы мүлде жоқ әйелге донор ұрық қолдануға тура келеді екен. Осы уақыт аралығында еркектің ұрығын өңдеп, әртүрлі сүзгіден өткізіп дайындайды. Егер еркектің ұрығы аз немесе әлсіз болса, онда амал жоқ, ИКСИ әдісіне жүгінеді. Нақтырақ айтқанда, ең сапалы, жақсы деген ұрықтарды іріктеп алып, арнайы микрохирургиялық құрылғының көмегімен аналық жұмыртқаға «қолмен» апарып кіргізеді. Содан соң қолдан ұрықталған эмбрионды ананың жатырына салады.
Облыста былтыр ана бақытын аңсаған 238 әйел ЭКҰ арқылы сәби сүйсем деген ниетпен квотаға өтініш жазса, 2023 жылы 240 отбасы жүгінген. Ал 2022 жылы 246 ерлі-зайыптыдан өтініш түскен. Биыл бағдарлама бойынша құжат қабылдау енді басталуда. Бұл туралы бізге облыстық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғұбайдуллина (суретте) айтқан еді.
ЭКҰ: 71 сәби дүниеге келді
Өңірде соңғы үш жылда ЭКҰ арқылы қанша ата-ана сәбилі болды? Облыста қанша репродуктолог маман бар? «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша квотаға кімдер өтініш жаза алады? Талаптары қандай және қайда жүгіну керек? Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғұбайдуллина жауап берген еді.
Оның мәліметінше, былтыр экстракорпоральді ұрықтандыру арқылы сәби сүюге ниеттенген облыстағы 71 әйелге квота бөлініп, олар бөбектерін қолдарына алған. Бұл көрсеткіш былтыр 102 болса, 2022 жылы 123 болған екен.

– Еліміз бойынша квота бөлінетін орталықтардағы ЭКҰ процедураларының бағаларына тоқталсақ, 2020 жылы бір әйелге орташа шығын 865 мың теңге бөлінсе, 2021 жылы – 937 мың теңге, 2022 жылы бір миллион теңге көлемінде болған. 2023 жылы 1 100 000 теңгені құрады. ЭКҰ бағасы жыл сайын қымбаттауда. Экстракорпоральді ұрықтандыру әйел денсаулығына қауіпті емес пе деген сауалыңызға айтарым, егер әйелдің созылмалы сырқаттары немесе денсаулығында кінәрат болмаса, жүктілікке тиянақты дайындалған болса, қауіпті емес. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында штаттан тыс бас репродуктолог маман біреу, ал Орал қаласындағы жеке клиникаларда 3 репродуктолог қызмет етеді, – деді А. Ғұбайдуллина.
«Аңсаған сәби»: кімдер қатыса алады?
Маманның айтуынша, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Оған отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Негізгі талап – Қазақстан азаматы болуы тиіс және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Одан соң бағдарлама тек репродуктивті жас – 18-ден 49 жасқа дейінгі қатысушыларға ғана мүмкіндік береді. Қалыпты соматикалық және эндокриндік көрсеткіштер, жоғары фолликулярлық резерв те маңызды. Сондай-ақ бағдарламаға қатысатын адам міндетті түрде ерікті түрде жазбаша келісім береді. Мамандар жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализация онкологиясы, денедегі қатерлі өскіндер болған жағдайларда науқасты экстракорпоральді ұрықтандырудан бас тартқызуы мүмкін.
Жолдаманы қалай алады?
– «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында ЭКҰ-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару міндетті. Тіркелген емханасына барып, қажетті талдамаларды тапсырады. Бедеулік диагнозы қойылу керек. Емханадағы бейінді маманның қорытындысы негізінде облыстық перинатальдық орталықтағы ЭКҰ бойынша кураторға жолданады. Онда комиссия қарап, оң шешім шығарған жағдайда әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, ем-шараға дайындық басталады. Пациент жасанды ұрықтандыру клиникасын өзі таңдайды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша ЭКҰ жылына бір рет тегін жасалады. Егер талпынысыңыз сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан кезекке тұрасыз, – деді Айнаш Жұбанышқызы.
Белсіздік пен бедеулік неге белең ала бастады?
Жалпы, жасанды ұрықтандыру әдісі елімізде 1995 жылы қолға алынған. Алматы қаласында шағын зертханадан басталған тәжірибе бүгінде іргелі ғылыми Репродуктивтік медицина институтына айналды. Бүгінде ЭКҰ арқылы сәби сүюге мүмкіндік беретін орталықтар ел аумағында көбейді. Жалпы, ЭКҰ әдісін айтқанда, көбіне елімізге танымал репродуктолог-эмбриолог, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарованың есімі жиі аталады. Ол бір сұхбатында Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы балаға зәру екенін айтқан.
– Белсіздік пен бедеулікке алып келетін себептер әртүрлі. Көбінесе ерлер мен әйелдердің бұл мәселемен бетпе-бет келуіне өздерінің өмір сүру салты, мысалы, ерте басталған және ретсіз жыныстық қатынастар, суық тигізу немесе түрлі инфекциялардан болатын қабыну процестерінің орын алуы, дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеу, тіпті дұрыс тамақтанбау сияқты жайттар да әсер етеді. Одан бөлек, экологиялық жағдайлардың, ғылыми-техникалық прогрестің әсері де баршылық. Басқа аурулар сияқты бедеуліктің де алдын алуды бала кезден бастаған жөн. Мәселен, бала кезінен қыз баланы уақтылы балалар гинекологына, ұл баланы андрологқа апарып, баланың ағзасының, жыныстық жүйесінің дұрыс дамуын, денсаулығында асқыну ауруларының бар-жоқтығын тексертіп тұру керек.
Осылайша, бедеулікке алып келетін кейбір аурулардың алдын алуға болады. Ата-ана өсіп келе жатқан ұрпақты жастайынан жіті бақылап, баланың денсаулығында қандай да бір ауытқулар байқаса, бірден дәрігерге жүгінуі керек. Қазіргі кезде ер балалар 14-15 жасқа толмастан махаббат ләззатын татқысы келіп, жыныстық қатынасқа тым ерте түседі. Сондықтан ұлдарды осы уақытта жіті бақылау маңызды. Ерте жыныстық қатынасқа түсу себебінен әртүрлі созылмалы жыныстық ауруға шалдығып, бұл өз кезегінде аталық ұрықтың қабынуына әкеліп, ұрпақ өрбітетін жасқа жеткенде белсіздікке тап болуы әбден мүмкін. Сонымен қатар ерлердің ұрпақ жалғастыра алмауының тағы басқа бірқатар себептері бар. Оған еркектен бөлінетін сперматозоидтың аз немесе сапасыз болуы, аталық ұрық безіндегі ісік, қант диабеті, созылмалы жұқпалы аурулар мен басқа жағдайлар да әсер етеді. Бірақ ең бастысы, дер кезінде балаға дұрыс тәрбие бермегендіктен, ата-аналар кейін зардабын шегіп жатады.
Қыз балалардың да ерте жыныстық қатынасқа түсіп, құрсақ көтеріп қалатын жағдайлары көп кездеседі. Ұятты болып қалғанын білдірмеу үшін түсік жасатып, өзін бедеулікке апарады. Алғашқы жүктілік кезінде жасалған түсіктер көп жағдайда әйелдің ағзасын қатты жарақаттайды. Әрине, бедеуліктің себептері әртүрлі. Оған тек түсік жасатқандарды ғана жатқызуға болмайды. Мәселен, нәзік жандарда гормоналды ауытқулар, эндокринді аурулар, жағымсыз экологиялық жағдайлар, жатыр түтігінің бітелуі, эндометриоз, миома, етеккірдің бұзылуы, жатыр мен жатыр түтікшелеріндегі патология, тағы басқа көптеген факторлар себеп болады. Мұндай аурулардың кейбіреуі суық өту әсерінен болады. Кейбір әйелдерде іштен туа біткен бедеулік те болады. Оған жыныс мүшелерінің, жатырдың жетілмей тууы – басты себеп. Мұндай ауытқуларды асқындырып жібермеу үшін қыз баланы, әсіресе кәмелеттік жасқа толған кезден бастап бақылауға алып, гинеколог дәрігерлерге тексертіп тұру қажет. Кезінде аналарымыз үйдің берекесін сәбилердің дауысымен толтырып, 10-12 баланы дүниеге әкелетін.
Біздің заманда бұл таңғаларлық жағдай болса, о заманда жұрт үшін бұл қалыпты жағдай болатын. Ал бүгінде мұндай мәселені өте сирек кездестіресіз. Тіпті жоқтың қасы десек болады. Табиғатынан әйелдердің ағзасы 6-9 балаға дейін туа алатын мүмкіндіктері бар.
Бірақ олар көбіне 2-3 сәби туумен шектеледі. Алайда бүгінде бір баланың өзін көтере алмай жүргендерді көргенде, оған да шүкір, ХХІ ғасыр бедеуліктің күш алып бара жатқан заманы ғой дейсің. Ол ең алдымен жас отбасының шайқалуына, артынан ерлі-зайыптылардың ажырасуына алып келеді, – деген.
Қоғамда сәби сүйе алмаған жандардың әртүрлі себептері бар. Ал ЭКҰ – басқа емдеу жолдары тиімсіз болғанда ғана қолданылатын тәсіл. Сондықтан ең дұрысы, ерте жастан бедеулік пен белсіздіктің алдын алу қажет.
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»