15.05.2025, 15:30
Оқылды: 388

65 жылдық тәрбие жолы

Әр ғимараттың өз тынысы болады. Ал егер ол жер бала тәрбиесі мен білімін, танымын кеңейтуге  арналған  орын болса, онда  оның  әр  кірпіші де жылылық пен рухқа толы секілді көрінеді.  Жақында Орал қаласындағы Исатай батыр көшесі, 71/1 мекенжайында орналасқан облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі  және экология орталығына арнайы барып, орталық мамандарымен әңгіме-дүкен құру мүмкіндігі туды. 

WhatsApp Image 2025-05-15 at 12.10.59

Көктемнің лебі сезіліп, күн жылынып келе жатқан шақ. Орталықтың ауласына жақындай бере көзімізге бірден кіреберістегі қарбалас тіршілік ілікті. Қолдарына күрек, щетка ұстаған жұмысшылар аумақты жазғы маусымға дайындап, тазалық жұмыстарына кірісіп кетіпті. Қарап тұрып, бұл жердің тек білім ұясы емес, үлкен жанашырлық пен қамқорлықтың ортасы екенін бірден түсінесің. Ғимараттың ішіне аяқ басқан сәтте де ерекше әсерге бөлендік. Қабырғалары аппақ, айналасы мұнтаздай таза. Дәліз бойынан келе жатып жуғыш заттардың хош иісі тынысыңды ашып, көңіліңді сергітіп жібереді. Ал кіреберісте отырған күзетшінің жарқын жүзі мен ілтипатты сәлемі келген қонақты баурап алады. Ол кісі бағытымызды нақтылап  берген соң, екінші қабатқа көтеріліп, орталықтың тіршілігімен етене танысуға жол басталды.

WhatsApp Image 2025-05-15 at 12.11.46

Екінші қабатқа көтерілген сәтте бізді өлкетану бөлімінің меңгерушісі Райгүл Әлмұханова күтіп алды. Ұзақ жыл бойы осы орталықта еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман алғашқы кездесуден-ақ бала тәрбиесіне деген шексіз сүйіспеншілігін аңғартты. Көп бөгелмей, Райгүл Сағынәліқызы бізді орталық мақтанышына айналған Балалар туризмі тарихы музейіне бастап барды. Музейдің табалдырығын аттаған сәтте бізді ерекше атмосфера баурап алды. Бұл жер балалық пен ерлік, саяхат пен ізденіс, ұстаз еңбегі мен шәкірт арманы тоғысқан рухани мекендей көрінді.

WhatsApp Image 2025-05-15 at 12.11.23

Экспозицияларды аралай жүріп, өлкетанушы әрбір сөренің астарында жатқан тарихты қызықты етіп баяндап берді. Алғашқы саяхатшылар мен қазақ даласын зерттеген шетел ғалымдарының еңбегі, қазақ зиялыларының ұлт үшін жасаған ғылыми саяхаттары, XX ғасырда балалар туризмімен айналысқан ұстаздар мен оқушылардың жорықтары – бәрі-бәрі бейне бір тірі шежіредей көз алдымызда тізбектеліп өтті. Мұражайда тұрған жәдігерлер өткеннің үнсіз куәгерлері сықылды. Мұнда әр бала, әр педагог, әр жорық өз ізін қалдырған. Мұның бәрі бірнеше буынның ізденісі мен еңбегінің жемісі екені сөзсіз.

Орталық тыныс-тіршілігі (6)

– Біз келіп тұрған Балалар туризмі тарихы музейінің негізі 1995 жылы қаланды. Бұл бастаманың басында сол кездегі орталық директоры Виктор Фомин мен туризм ардагері Галина Словцова тұрды. Биыл музейдің ашылғанына 30 жыл толады, – деген Әлмұханова үнін бір сәтке баяулатып, бізді музейдің ішкі тынысымен таныстыруға кірісті. – Бұл музей – 1960 жылдары жұмысын бастаған жас туристер стансасының педагогтері мен балалардың жылдар бойы жинаған ізденісі мен еңбегінің көрінісі. Әрбір бұйым, әр фото, әр карта – баланың таным жолындағы бір белесі. 2015 жылы музейге қайта жан бітті. Экспозициялар толық жаңарып, мазмұны заманауи сипатта қайта түзілді. Бірақ мазмұн өзгермеді, жүрекпен жиналған жәдігерлер, рухпен сақталған естеліктер сол күйінде. Мына бірінші витринаға назар аударыңыздар, бұл жерде сіздер өлкемізден шыққан алғашқы саяхатшылардың тарихымен таныса аласыздар. Олардың әрқайсысы – өз заманының батыл зерттеушісі, туған жер табиғатын алғаш таныған тұлғалар. Ал келесі сөреде Батыс Қазақстан облысы жас туристер стансасының құрылғаны туралы алғашқы бұйрықтың түпнұсқасы, сондай-ақ алғаш ұйымдастырылған жорықтардың суреттері қойылған.

Орталық тыныс-тіршілігі (4)

Бұл – біздің өлке туризмінің бастау алған сәттерінен сыр шертетін құнды құжаттар мен фотошежіре. Мына сөрелерден сіздер балалар туризмін дамытуда өшпестей із қалдырған ұстаздардың өмірбаяны мен еңбектерін көре аласыздар. Олар – талай буынды тәрбиелеп, табиғатқа деген сүйіспеншілікті бала жүрегіне ұялата білген шынайы жанашырлар. Келесі қабырғада 1980–1990 жылдардағы спорттық құрал-жабдықтар: коньки, балалар шаңғылары, ұйқы қаптары, санитарлық планшеттер мен хоккей таяқшалары сақталған. Бұл – сол жылдардағы жорықтардың, жаттығулардың тынысын сезіндіретін ерекше бұрыш. Ал мына экспозицияда республикалық деңгейдегі балалар туризмінің негізін қалаушылар туралы материалдар қойылған. Олардың еңбегі – бүгінгі ұрпаққа бағдар, ал бізге – үлкен мектеп. Орталықтың педагогтері мен тәрбиеленушілері жыл сайын түрлі экспедициялар мен жорықтар ұйымдастырып отырады. Сол сапарлар кезінде табылған барлық тарихи жәдігерлер, тастар, карталар мен сирек кездесетін бұйымдар дәл осы музейде сақталып отыр, – деген Райгүл Сағынәліқызы 1986 жылы орталықты басқарған Виктор Фоминге арналған сөренің қасында біраз кідірді.

Орталық тыныс-тіршілігі (9)

Виктор Павлович Фомин – ұстаз, өлкетанушы, Қазақстанның білім беру ісінің үздігі, педагогика ғылымдарының кандидаты, Мәскеудегі Балалар-жасөспірімдер туризмі мен өлкетану халықаралық академиясының толық мүшесі, көптеген инновациялық жобалардың ауторы. Бұл адамның балалар туризмі саласын дамытуға, оны жүйелі бағытқа түсіруге қосқан үлесі өлшеусіз екенін сөзсіз аңғардық. Орталықтың материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға тікелей мұрындық болған жан ретінде оның еңбегі уақыт ағымында  ұмытылмақ  емес.

Орталық тыныс-тіршілігі (11)

Журналист ретінде назарымызды бірден аудартқан дүниенің бірі – орталық жанынан жарық көретін «Соқпақ-Тропинка» журналы болды. Бұл басылымның ерекшелігі мен тарихы туралы сұрағанда, өлкетанушы  былай  деп  жауап  берді:

– Бұл журналдың алғашқы нұсқасы 1990 жылдары газет ретінде жарық көрсе, арнайы құжаттары 2003 жылы рәсімделіп, 2005 жылы алғашқы нөмірі жарық көрді. Міне, биыл журналдың ресми құрылғанына 20 жыл толмақ. Журнал балалар мен жасөспірімдер туризмі, өлкетану, экология салаларындағы әдістемелік мақалалар мен тәжірибелік материалдарды қамтиды. Әр тоқсан сайын жарық көретін басылымның бас редакторы – Құралай Қайырлиева. Ол туризмге қатысты нақты, қолданбалы материалдар дайындап, қосымша білім беру педагогтерінің кәсіби дамуына үлес қосып жүр. Бұған қоса 2008 жылы журнал Мәскеуде өткен халықаралық байқауда Балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығының ең жоғары марапаты – «Золотой компаспен» марапатталған. Бұл сөреде алғашқы қолданылған компьютерлер, баспа машинкалары және сол жылдары пайдаланылған техникалар сақтаулы.

Музейден шыға бергеніміз сол еді, бізді орталық директорының орынбасары Айгүл Мұқашева күтіп тұр екен. Ол бірден орталықтың басшысы Ғалым Бекқалиевтің қабылдау бөлмесіне қарай бастап жүрді. Жолай жүріп, бұл ғимараттың қабырғасына сіңген тарих жайлы байыппен  әңгімелеп  берді.

– «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының «Балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология облыстық орталығы» – біздің өңіріміздегі тарихи тамыры терең, мазмұны бай мекемелердің бірі. Бұл орталық 1960 жылы өз жұмысын бастаған. Содан бері бірнеше буын ұрпақтың тәрбиесіне, тұлғалық қалыптасуына, туған өлкесін тануына өлшеусіз үлес қосып келеді. Орталықтың негізгі қызметі – қосымша білім беру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу, туристік-өлкетану, экологиялық, спорттық бағыттар бойынша түрлі білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру. Сонымен қатар жазғы және басқа маусымдық демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді өткізуге, демалуына, табиғатпен етене араласуына жан-жақты жағдай жасалады. Бүгінде орталықтың құрылымында бес бөлім, екі туристік база және «Соқпақ-Тропинка» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының редакциясы бар. Атап айтқанда туризм және маршруттар қауіпсіздігі, өлкетану және өңірлік ынтымақтастық, экологиялық туризм, спорттық бағдарлау және әскери-патриоттық тәрбие, спорт және дене шынықтыру бөлімдері жұмыс істейді. Ал «Еуразия» туристік кешені мен «Самал» туристік лагері балалар үшін әр маусымда жаңа әсер мен тәжірибе сыйлайтын ерекше демалыс алаңдарына айналды. Мұнда әр маусымда қызықты бағдарламалар, табиғат аясында жаттығулар мен үйірме сабақтары өткізіледі. Орталықтың кешенді жұмысы, бағыттары мен жетістіктері жайында әрі қарай толығырақ орталық директоры Ғалым Бекқалиевтің өз аузынан тыңдайық, – деп жымиды Айгүл Батырғалиқызы.

Орталық тыныс-тіршілігі (3)

Қабылдау бөлмесіне енгенімізде бізді орталық директоры Ғалым Ибатоллаұлы күтіп алды. Шынайы ықыласпен «Қош келдіңіздер!» деп ілтипат білдірген ол хал-жағдай сұрасқан соң, көп күттірмей әңгімесін өзі бастап кетті. Сөзінен бұл кісінің балалар тәрбиесі мен туризм саласының дамуына да ерекше жанашырлықпен қарайтыны бірден сезілді.

– Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел тірегі. Сол тірек мықты болу үшін оған бала кезден дұрыс бағыт, орта қажет. Біздің орталық – дәл сондай бағыт көрсететін, баланың жан дүниесін ашатын орта. Мұнда оқушылар өз-өзін таниды, тұлға ретінде қалыптасады. 2024–2025 оқу жылында біз 800-ден астам баланы қосымша біліммен қамтып отырмыз. Ал облыс аудандарындағы туризм стансаларын есепке алсақ, олардың саны 12 мыңға жуықтайды. Бағыттарымыз жан-жақты, олар – өлкетану, экологиялық туризм, жаяу, су, жартаста өрмелеу сияқты спорттық туризм, футбол, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, асық ату сынды ұлттық ойындар, спорттық бағдарлау. Әр баланың қызығушылығына сай бағыт табылатыны сөзсіз. Жалпы Батыс Қазақстан облысында туризм бағыты өте жақсы жолға қойылған. Республика бойынша балалар туризмімен айналысатын 40-қа жуық мекеме болса, соның 14-і біздің өңірде орналасқан. Бұл – саны мен сапасы жоғары көрсеткіш. Республикалық деңгейде қарасақ, туризм бағыты бойынша нәтиженің пайыздық үлесі бойынша облысымыз көш басында. Яғни біздегі орталықтар мен педагогтердің жұмысы өз жемісін беріп отыр. Мысалы, біздің өңірдің балалары туризм саласындағы республикалық жарыстарда қатарынан 9 жыл бойы жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұл – ұстаздың, ата-ананың, ұжымның еңбегі. Соның айқын дәлелін осы бөлмеде тұрған сөрелерден көре аласыздар, – деді орталық директоры.

Көзіміз мұқият ілініп, тізбектелген марапаттарға, дипломдарға, кубоктар мен медальдарға түсті. Шынымен де, мұндағы әр марапат – баланың өзіне деген сенімі мен жеңіске жетсем деген ұмтылысынан, ал ұстаздың соған бағыт беріп, шабыттандырып, демеу болғанынан туған еңбектің жемісі. Орталықтың бастамасымен жыл сайын облыс көлемінде 60-тан астам байқау мен жарыс өткізіледі екен. Бір жылда 4000-нан астам бала 300-ге жуық жорыққа шығады. Балаларды табиғатты тануға, ел тарихын білуге, спортты сүйіп, саламатты өмір салтын ұстануға, шығармашылықпен айналысуға баулитын бірқатар іс-шаралар  мен  жобалар  жүзеге  асады.

– Әр бөлімде білікті ұстаздар еңбек етіп жатыр. Айталық, Кәмшат Едрисқызының жетекшілігіндегі туризм және маршруттар қауіпсіздігі бөлімінде он екі үйірме жұмыс істейді. Олар жаяу, су, велосипед туризмінен бастап, өрмелеу техникасы мен «Жас құтқарушы» сияқты байқауларда балаларды жан-жақты тәрбиелейді. Бұл жердегі мақсат – жауапкершілік пен төзімділікке баулу. Райгүл Сағынәліқызы жетекшілік ететін өлкетану бөлімі – біздің мақтанышымыз. «Ақжайықтану», «Елтану» экспедициялары, «Менің Отаным – Қазақстан» слеті – баланың туған жерге деген сүйіспеншілігін оятатын бағыттар. Сол секілді Ниязбек Ғатауов пен Наталья Байсариеваның экологиялық бөлімі табиғатпен тілдесуді үйретеді. Ал Райлан Ерсайынұлы жетекшілік ететін әскери-патриоттық тәрбие бөлімі – рух пен тәртіптің мектебі десем, қателеспеспін. «Алау», «Айбын» секілді байқауларда балалар шыңдалады. Виталий Вячеславович басқарған спорт бөлімі де біз үшін маңызды бағыт. Спорт – ерік-жігерді тәрбиелейді. Светлана Петченконың көркемсурет үйірмесі балаларды сурет арқылы табиғатты тануға, жорыққа шығып, өз көзқарасын қағазға түсіруге үйретеді. Жалпы басшы ретінде мен әр қызметкерге ең алдымен қояр талабым – баланы сүю, оны шын жүректен қамқорлау, мейіріммен қарау. Балалар – біздің аманатымыз. Әр бала біздің орталыққа келгенде өз үйіне келгендей қауіпсіздік пен жылылықты сезінуі тиіс. Бұл – мен үшін басты қағида. Сол себепті біз мекемемізде балалар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға күш салып келеміз. Ыстық тамақ пен тынығуға арналған жатын бөлмелер, қауіпсіз әрі заманауи спорттық және туристік құрал-жабдықтар, оқу мен демалысқа қажетті барлық инфрақұрылым – бәрі де бала өзін еркін әрі жайлы сезінуі үшін ойластырылған. Олар орталықтан нағыз қамқор ортаны, ұстаздың мейірімін көріп кетсе – біздің еңбегіміздің зая кетпегені, – деді Ғалым Ибатоллаұлы.

Биыл Оралдағы облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы үшін мерейлі жыл. Тарих пен тағылымды, ізденіс пен еңбекті қатар ұштастырған ұжым бір емес, үш бірдей маңызды белесті атап өтпек. Алдымен, орталықтың негізі қаланғанына биыл – 65 жыл. Бұл – бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп, талай баланың өмір жолына бағыт сілтеген, маңдай термен жазылған абыройлы тарих. Сонымен қатар балалық ізденістің, рухани жаңғырудың айнасына айналған Балалар туризмі музейінің ашылғанына – 30 жыл. Ал жас туристердің шығармашылығын қолдап, ұстаздар мен оқушылар арасындағы рухани көпірге айналған «Соқпақ-Тропинка» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының жарыққа шыққанына 20 жыл толғалы отыр. Бұл жыл тек мереке ғана емес, өз жолынан жаңылмаған ұжым үшін жаңа белеске бетбұрыс болмақ.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале