15.05.2025, 12:00
Оқылды: 618

«Адалдық пен арамдық арпалысқан заманда арамдықтан сақтасын...»

Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев облыс әкімдігінің «Астана» залында облыс активімен кездесті.

М Салык (1) Актив жиынында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Ұлттық құрылтайдың IV отырысының қорытындылары мен Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысын баян етті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің тұрақты дамуы үшін бірқатар маңызды мәселелер көтеріп, өңірлердің өркендеуіне айрықша мән беруде. Оның ішінде: жаңа экономикалық саясат, инвестиция тарту, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту, өңірлерді дамыту және аймақтардағы инфрақұрылымды жаңғырту, экологиялық мәселелерді шешу, жергілікті басқару жүйесін жетілдіру бағытындағы тапсырмалары бар, – деді облыс басшысы.

«Қуатты өңір – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында өңірде ауқымды істер атқарылуда. 2023–2024 жылдары Батыс Қазақстан облысында 900 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды. 22 мектеп, 38 медициналық, 6 мәдениет және 8 спорт мекемесі салынды. 1 мың шақырымнан астам жол жөнделді.  Шалғай аудандарға дейін жол тартылып, облыс орталығымен байланыс қамтамасыз етілді. Тозығы жеткен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы облыс экономикасының негізгі салаларына тұрақты өсім тән.  2023-2024 жылдары өңір экономикасына 1,2 трлн теңге инвестиция тартылды. Өткен жылдың өзінде 104 млрд теңгеге 21 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Былтыр облыста 637,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл 640 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарлануда, соның ішінде апатты үйлер мәселесі шешіледі. Сондай-ақ өңір жастарын қолдау бағытында «Жайық жастары» бағдарламасы арқылы былтыр 600 млн теңгеге 41 тұрғын үй сатып алынса, биыл 2,5 млрд теңгеге 160 тұрғын үй алып беру жоспарланған.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 50 медициналық нысан құрылысы жоспарланып, 2023-2024 жылдары 36 жаңа нысан пайдалануға берілді. Биыл қалған 14 нысан құрылысы аяқталады. Өткен жылы 6 жаңа мектептің (5 мыңға жуық орын) құрылысы аяқталды. Биыл 15 жаңа мектеп бой көтереді, оның 8-і – шағын  жинақты (720 орын), 1-еуі орта мектеп (400 орын), алтауы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынады.

– Президенттің 2023 жылғы өңірге жұмыс сапары барысындағы тапсырмасы бойынша Орал қаласында «Жайық арена» көп функционалды спорт кешені ел игілігіне берілді. Спорт кешені  2 мыңға жуық адамды бір мезетте қабылдай алады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, барлық аудан орталықтарында 12 спорт кешені салынды. Орал қаласының Ақжайық шағын ауданында 7,5 млрд теңгеге 150 орындық мүгедектерді Оңалту орталығы пайдалануға берілді. Былтыр ауылдық жерлерде кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 14,1 млрд теңгеге 805 пәтер сатып алынды. Биылғы жоспар – 555 пәтер. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 мәдениет үйі және 2 кітапхананың, «ҚПО» компаниясы есебінен 7 мәдени-спорт кешенінің құрылысы жүруде,  – деген Нариман Төреғалиев   Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай алаңында ұсынған барлық бастамаларын табысты әрі жедел жүзеге асыру басты міндет екенін айтты.

Жиында облыстық мәслихаттың хатшысы Мұрат Мұқаев депутаттардың өңірдегі қордаланған мәселелерді шешу жолында тынбай қызмет етіп жүргендерін баяндады.  Жергілікті деңгейде шешімін таппаған маңызды мәселелер бойынша депутаттық сауалдар орталық мемлекеттік құрылымдарға және ҚР Парламентіне жолданған. Мысалға, облыстық мәслихат депутаттарымен ағымдағы жылда 46 депутаттық сауал жіберілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде бірқатар елді мекендерде жолдар жөнделіп, мектептер мен медициналық мекемелер күрделі жөндеуден өтіп, ауыз су мәселелері оң шешімін тапты. Сонымен қатар түйткілді мәселелер де (мысалы, киік санын реттеу) айтылды.

– 2001 жылы Орал қаласының маңынан ортағасырлық  Жайық қалашығының жұрты табылды. Осы қалашықты аспан асты музейге айналдыру мәселесін журналист ретінде көтеріп келемін. Бұл мәселенің екі мән-маңызы бар. Сарайшық қаласы секілді аспан асты музейі етсек, айналадағы ел-жұртқа, отандастарымызға тарихымыздың  тереңнен тамыр тартатынын айғақтаймыз. Бурабай құрылтайында Мемлекет басшысы айтқандай, туризмді жүйелі жолға қою арқылы облыстың, Орал қаласының ішкі және сыртқы туризмдік тартымдылығын   күрт арттырған  болар едік. Ұлытау құрылтайында құрылтай мүшесі ретінде Мемлекет басшысының назарына 6-7 мәселені ұсындым. Соның бірі – шекара бойындағы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық мұң-мұқтажын елдің ішіндегі ауыл-аудандарға  қарағанда бірінші кезекте шешу. Атырау құрылтайы қарсаңында Бөрлі, Бәйтерек, Шыңғырлау аудандарының шекараға таяу орналасқан елді мекендерінде болып, ондағы ел-жұрттың өтінішін жазбаша түрде  құрылтайдың хатшылығына жолдадым. Биылғы Бурабай құрылтайында Президент өзінің баяндамасында шекараға таяу елді мекендер туралы арнайы заң қабылданатындығын айтты. «Бос жатқан жер жау шақырады» деген бұрынғылардан қалған сөз бар, шекарадағы елді мекендердегі тұрғындардың көшуін тоқтату үшін, ол жерлерге халық көбірек көшіп баруы үшін бірінші кезекте  әлгіндей елді мекендердің, ауыл-аудандардың мұң-мұқтажын шешу керек. Осы бағытта облыс әкімінің ұйытқы болуымен біраз шаруа атқарылуда, – деді сөз кезегін алған  Ұлттық құрылтай мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, облыстық қоғамдық кеңестің Азаматтық қоғаммен байланыс комиссиясының төрағасы Бауыржан Ғұбайдуллин. Сонымен қатар журналист ретінде еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің «ауыр» жағдайы туралы  және саланы дамыту туралы ой-пікірімен бөлісті.

Актив жиынын қорытындылаған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қазіргі кездегі геосаяси жағдай, экономикасы дамыған мемлекеттер арасындағы экономикалық талас-тартыстар туралы, ондай саяси-экономикалық жағдайдың әлем елдеріне әсері, еліміздің   ауыр сынақтардан (жарылыстар, су тасқыны, қаңтар оқиғасы және т. б.) сүрінбей өткені жайында кеңінен әңгімеледі.

М Салык (2)

«Ел Президентінің ұстанған саясаты – болашақта болжанып отырған қауіп-қатердің алдын алу жолдарын қарастыру», – деген Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының мемлекетті дамыту бағытындағы түрлі саяси қадамдарына ой жүгіртті. Ел Президентінің Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде жұмыстың бес басым бағытын белгілеп, көптеген мәселенің  жүйелі шешімдерін айтып, Әділетті Қазақстанды құруға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге септігін тигізетін нақты міндеттерді айқындағанын тілге тиек етті.

– Ұлттық құрылтай отырысындағы ел Президентінің бағдарламалық баяндамасы – мемлекеттік маңызы бар құжат.  Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметкер  міндетті түрде осы құжатпен танысуы керек. Бұл құжатты басты ұстаным етіп алған жөн. Өйткені бізде коммунизм кезінде жұмыс істеген біраз ағайын бізде ұлттық идеология жоқ деп жиі айтады. Ол – көпірме сөз. Ұлттық идеология бар. Мемлекет ұлттық идеологиямен жұмыс істеп отыр. Иә, кейбір тұстарын жіберіп алдық. Ол рас. Кейбір олқылықтарды біз қолдан жасап алдық. Ол рас. Енді біз қайтадан етек-жеңімізді жиып, бүкіл дүниемізді түгендеп жатырмыз, – деген Президент кеңесшісі Ұлттық құрылтайдың идеология саласына қатысты көптеген мәселенің шешімін табу үшін Президент тапсырмалары берілетінін жеткізді.  Биылғы Ұлттық құрылтайда 53 мәселе көтерілсе, сол 53 мәселенің сөз жүзінде емес, іс жүзінде шешімін табу мақсатында   Президент 53 тармақтан тұратын  Жарлыққа қол қойды. Яғни бағдарламалық баяндамада айтылған мәселелер өз шешімін табады.  Одан әрі  Мәлік Нұржанұлы облыстық газеттерге жазылудың және кітап оқудың мән-маңызы туралы ой бөлісті. Өңірдің дамуына жақсы баға берді.  Сөзін: «Жазушы Шерхан Мұртазаның айтқан сөзі бар еді.  «Адалдық пен арамдық арпалысқан заманда Алла арамдықтан сақтасын! Тектілік пен тексіздік текетірескен қоғамда Тәңірі тексіздіктен сақтасын! Көргенділік пен көргенсіздік кескілескен кезеңде Құдай көргенсіздіктен сақтасын!» – деп аяқтады.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале