16.05.2025, 12:30
Оқылды: 444

Казталовтың өнерлі оқушалыр есеп берді

Казталов ауданы, Жалпақтал ауылының Мәдениет үйінде «Өнер мектебі» оқушыларының «Өнер – асыл қазына» атты есеп беру концерті өтті.

IMG_7220

Мектеп жанындағы Гүлжанар Маратқызы жетекшілік ететін өнерлі оқушылар мен ұстаздардан құралған оркестрдің орындауындағы Дина Нұрпейісованың «Тойбастар» күйімен ашылған сахна шымылдығы әрі қарай сүп-сүйкімді қос бүлдіршін Әйгерім мен Азаттың жүргізуімен әдемі жалғасын тапты. Мамыр айының мамыражай күнінде ұстаздардың шеберлігін шыңдап, сансыз шәкірттің өнерге қанатын самғатқан, ұзақ жылғы тарихы бар Жалпақтал балалар өнер мектебінің жыл сайынғы дәстүрлі есеп беру концерті биыл да өз биігінен табыла білді. Өнерлі оқушылар мен олардың ұстаздары үшін үлкен мерекеге айналған осынау тамаша күнде айтулы еңбектің тәтті жемісін ұсынған олар оркестрдің сүйемелдеуімен орыстың халық әні «Пойду ль я, выйду ль я»  әнін көрерменге тарту етті. Одан кейін тамаша нөмірлердің қатарына қосылған Гүлнәр Байғалиқызы жетекшілік ететін вокалдық топтың орындауындағы Ержан Алуаның «Бақытты бала» әні мен кеш қонағы ретінде құрметпен шақырылған Шолпан Жұмабаева жетекшілік ететін қараөзендік «Гүлім» бишілер тобының «Шашу», «Хорезм», «Ұстазға арнау» (флешмоб) билері кеш ажарын аша түсті.
Бірінші орындауынан екінші орындауы басымдау түсетін концерттің кезекті нөмірінде Фариза Тимурқызы жетекшілік ететін ұлт – аспаптар квинтеті Матвей Блантердің «Катюша» әні, он оқушы оқыған Қадыр Мырза Әлінің бақыт туралы өлеңі, Аяжан Тілегенқызы жетекшілік ететін облыстық жас музыканттар байқауының және облыстық «Музыка әлемі» байқауының лауреаты Мейрамғали Дарунаның орындауындағы халық күйі «Келіншек», Гүлбаршын Бауыржанқызы жетекшілік ететін Жұмабек Әсеттің орындауындағы «Ер тұран», Гүлнәр Байғалиқызы жетекшілік ететін вокалдық дуэттің орындауындағы Ербол Бекболатовтың әні «Қазақстан», Аяжан Тілегенқызы жетекшілік ететін қобызшылар ансамблінің орындауындағы халық әні «Ақбаян», жеке дауыста Мейрамғали Даруна орындаған ұстаздар хоры Жақсыгелді Сейіловтің «Ана туралы баллада» әнін көременге жолдады. Одан кейін Гүнара Байғалиқызы жетекшілік ететін вокалды топ орындауындағы Жанболат Ербатыровтың әні «Елім жерім», мектебіміздің ұстаздарынан құралған ысқышты аспаптар квинтетінің орындауында фильмдерден «Саундтрек», Баян Құбайқызы мен Асылған Қымызбайұлы жетекшілік ететін республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Үлгілі «Қыз Жібек» дәстүрлі әншілер ансамблінің орындауындағы орыс халық әндерінен попурри, Гүлбаршын Бауыржанқызы жетекшілік ететін аспаптық трионың орындауындағы халық әні «Сәулем-ай», Гүлнара Байғалиқызы жетекшілік ететін Мерген Інжудің орындауындағы Зүбәйда Сисенбаеваның әні «Қазақстан - Отаным» әні орындалып, Жалпақтал балалар өнер мектебінің көркем сурет бөлімі оқушылары мен ұстаздарының қолдарынан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдары мен киім үлгілері ұсынылды. Одан кейін де кезек әсем әндерге беріліп, Фариза Тимурқызы жетекшілік ететін «Болашақ» балалар хоры Ұшқын Жамалбектің «Қазақстан» әні орындалып, кеш финалы Құрмаш Махановтың  «Болашағы біз елдің» әнімен қорытындыланды.
Өздерінің әдемі өнерлерін паш ету арқылы көрерменге тамаша кеш сыйлай білген Өнер мектебінің есепті концертінде Казталов аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Джангереева мен Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Әлібеков өнерпаз өрендердің өнеріне риза болып, оқушыларды өнер жолына талмай баулып, дәріс беріп жүрген мектеп директоры Гүлгүл Сәтжанова бастаған ұйымшыл ұжымға, ата-аналарға ауыл тұрғындары атынан алғыс білдірді.
Осылайша, жас өрендердің есепті концертінен көрермен қауым үлкен әсермен тарқасты.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале