Белесте өтетін түрлі жиындарда жергілікті мектепті жөндеу мәселесі көтерілмей қалмайтын. Мұғалім де, ата-ана да осынау түйткілге тоқталмай өтпейтін. Сол мәселе биыл шешім тапты. Осыдан бір ай бұрын Белес мектебінде күрделі жөндеу басталды.

Аталмыш білім ұясының директоры Азамат Майемердің сөзіне қарғанда, 1988 жылы салынған ғимаратқа бұған дейін күрделі жөндеу жүргізілмеген. 464 оқушыға арналған мектепте қазір 320 оқушы оқиды. Жыл сайын бала саны артып келеді. Болашақта бала толатынын анық. Оқушылар қазір ауылдық округі әкімдігі мен клуб ғимараттарында оқуда. Жөндеу жұмыстарын, бұйыртса, жаңа оқу жылына дейін, яғни 1 қыркүйекке бітіру жоспарланып отыр. Мамыр айына демонтаждау және шатырды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Күн сайын мектепке соғып, жөндеу жұмыстарының жүру барысын қарап кетемін,-дейді Азамат Максимұлы.-Қазір бәрі жоспарға сәйкес жүруде. Жаңа оқу жылын жаңа кейіпке енген, жаңа жиһаздармен, құрал-жабдықтармен қамтылған ғимаратта қарсы алатынымыз ұжымызға, соның ішінде мұғалімдерге, оқушыларға қуаныш, тың серпін сыйлап отыр».

Айта кетейік, биыл бұл білім ұясынан 30 түлек қанат қаққалы отыр. Олардың беруі «Алтын белгіге» («Алтын белгі» иегерлері 2010 жылдан бері шығып келеді), бесеуі үздік аттестатқа үміткер. Мектептегі білім сапасы - 65 пайыз. Жыл сайын түлектердің 60-70 пайызы мемлекеттік грантқа оқуға түседі.

-Мектептің күрделі жөнделуі белестіктер үшін көптен күткен қуаныш. Себебі бұған дейін мектебіміз жөндеуге ілікпей, дайындалған жобалық-сметалық құжаттамалардың (ЖСҚ) мерзімі өтіп кетті. Осы жолы «Жайықмұнай» компаниясы ЖСҚ дайындатуға 3 млн теңге бөлді. Ауылдық округтегі іс-шараларға қашан да көмек қолын созып отыратын бұл компания басшылығына алғысымды айтамын. Сонымен қатары осы ЖСҚ-ның сараптамадан өтуіне, биыл облыс көлемінде күрделі жөнделетін бес мектептің қатарына ауылымыздағы білім ұясының енуі үшін біраз тер төккен Ақсерік Әйтімов ағамызға, аудан басшылығына белестіктер атынан ризашылығымызды білдіреміз. Жалпы мектептің жөндеу жұмыстарына ауылымыздың жұмыссыз тұрғындары қабылдануда. Қазіргі таңда мұна әзірге 9 адам еңбек етуде,-дейді Белес ауылдық округінің әкімі Бақытгүл Жүнісова.
Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы