18.05.2025, 16:30
Оқылды: 279

Әтеш ата рухына арналған облыстық жас ақындар мүшайрасы өтті

Кеше Ұзынкөл ауылдық округінде жәнібектіктерге өзінің әулиелігімен, емшілігімен жақсы таныс Ғабдулахат Ғұбайдоллаұлының (Әтеш ата) туғанына 135 жыл толды. Осы орайда ұзынкөлдіктер мен Әтеш атаның ұрпағы, кәсіпкер Жанұзақ Хамзиннің бастамасымен дүбірлі той ұйымдастырылды.

image-17-05-25-11-05-8

Таң сәресімен Әтеш ата жерленген қорымда Құран бағышталып, ас берілді. Дала қызықтары өткізіліп, шаралар легі Ұзынкөл ауылдық мәдениет үйінде «Әулие мекен еткен – Ұзынкөл» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасымен жалғасты. Шараға аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов арнайы қатысып, шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Жанұзақ Хамзинге аудан әкімі Тимур Шиниязовтың атынан иығына шапан жауып, алғысхат табыстады.
Мүшәйра басталмас бұрын қазақ руханияты үшін тағылымы терең, танымдық мәні зор «Әулие Әтеш ата» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың құрастырушысы, жас ақын, жазушы, ұзынкөлдік Нұрлан Едігенов: «Кітап – ұлттың жады, тарихтың хатшысы.

image-17-05-25-11-05-6
Бұл еңбек Әтеш атамыздың өмір жолын, рухани болмысын, ел алдындағы ерен еңбегін ұрпаққа аманат етіп қалдыру мақсатында жарық көріп отыр. Әтеш атаның жарқын бейнесін өшірмей, келешекке жеткізу жолындағы кішігірім үлесіміз. Ұлы баба – ұлт рухының айнасы. Бұл кітап тек дерек емес, тағылым», - деді.
Кітап лентасын ақын, руханият жанашыры, Қазақстан және Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі Талап Таймасұлы мен Әтеш атаның жиені Роза Бейсенқызы қиды. Әрмен қарай шара облыстық жас ақындар мүшәйрасына ұласты. Мүшәйра тізгінін алған Жаһанша Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжінің мұғалімі, ұзынкөлдік Жандос Хамза жас ақындар мен әдіқазылар алқасын таныстырды. Әділқазылар алқасының төрағасы Талап Таймасұлы болса, мүшелері жас ақын, «Тау баласы» мен «Біз Дендерденбіз» кітаптарының авторы, қазіргі таңда Батыс Қазақстан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы лауазымында жүрген Әділет Орынбасаров пен №1 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Әтеш атаның ұрпағы Әдемі Ахметова алқа мүшелері болып, әділ бағаларын берді. Облыс бойынша он жас ақын қатысып, бақтарын сынады. Жас ақындар қатарында Нұрым Ғұмар (Сырым), Ақтілек Әлібекұлы (Теректі), Ерқанат Бағдатұлы (Бәйтерек), Жеңіс Меңдібайұлы (Казталов), Райымбек Саматов (Казталов), Аңсар Жетпісқали (Сырым), Дәурен Шамұратов (Орал), Нұрман Жолдас (Орал), Ернәсіл Самиғоллаұлы (Казталов), Гүлнара Жұмаш (Жәнібек) болды.
Мүшәйрада жас жазба ақындар Әтеш ата мен Ұзынкөл ауылына арнау оқыса, еркін тақырыпта өз өлеңдерін ортаға салды.
Нәтижесінде, Бас жүлдені оралдық Дәурен Шамұратов жеңіп алды. Бірінші орынға теректілік Ақтілек Әлібекұлы лайық деп танылса, екінші және үшінші орынды Нұрман Жолдас (Орал) пен Гүлнара Жұмаш (Жәнібек) өзара бөлісіп алды. Қалған алты қатысушыға ынталандыру мақсатында алғысхат пен сертификаттар табыс етілді.
Демеушілік білдірген Жанұзақ Мұфтоллаұлы әділқазылар алқасы болған Талап Таймасұлы мен Әділет Әлібекұлының иықтарына шапан жауып, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Әтеш атаның жиендеріне де сый-сияпат тарту етті. Әзірге 50 дана көлемінде шығарылған «Әулие Әтеш ата» атты кітап Ұзынкөл ауылдық кітапхана мен келген қонақтарға таратылды.

image-17-05-25-11-05-1
Айта кету керек, Ғабдулахат Ғұбайдоллаұлы (Әтеш ата) 1890 жылы бұрынғы Ленин жолы артелі қазіргі Ұзынкөл ауылдық округінің Саман Сарай көлінің етегінде дүниеге келген. Түрікпен руының ұрпағы. Ел арасында әулиелігімен, ерекше қасиетімен «Әтеш ата» есімімен кеңінен танылған. Әтеш деген тіркесті жеңгелері қойған десе-ді (ел аузынан). Ғабдулахат Ғұбайдоллаұлы Бөкей ордасы, Нарын өңірінде, Атыраудағы Азғыр маңында кең танымал болған діни қайраткер, ағартушы Бекмұхамбет Ғайтбайұлы Қалпе атадан діни білім алған. Құм бөктерінде жатқан Сағи Хазіретінің ұрпағы. Әтеш атаның Рабиға есімді жолдасы болған. Ол Жәңгірханның жолдасы бибі Фатиманың тумалас сіңілісі. Рабиға шеше де өте сауатты білімді болған. Әтеш ата Жәнібек ауданына, қала берді шекаралас жатқан орыс жерлеріне кеңінен танымал есім. Әтеш атаның Фирдауыс, Зульфа, Саида, Бәтес деген терт қызы болған.

Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале