19.05.2025, 20:00
Оқылды: 188

Халықаралық «Auyl fest» шаруашылығының форумы өтпек

Бүгін Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Мирболат Бисеновтің төрағалығымен жиын өтті. Жиынға «Ауыл» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы аппаратының басшысы Ғайса Қапақов, филиал кеңесшісі Сатқан Төлегенов, «Депо» базарының әкімгері Айдарбек Дакупов пен ауылдық округ әкімдері қатысты.

image-19-05-25-06-34-3

​Басқосуда бес мәселе қаралды. Бұл туралы Ғайса Хамидоллаұлы өзі баяндап берді.
​- Биыл тамыз айында Қазақстан бойынша алғаш рет халықаралық «Auyl fest» атты қой шаруашылығының форумын жоспарлап отырмыз. Орал қаласында өтетін форумға Қытай, Бразилия, Аустралия, Уругвай, Ресей және тағы басқа елдер қатысып, өздерінің өнімдерін ұсынатын болады. Форум мақсаты аты айтып тұрғандай қой шаруашылығына қатысты. Яғни қой шаруашылығын қалай дамытамыз, оның болашағы қандай болмақ деген сұрақтарға жауап іздейміз. Сонымен қатар форумда қой етінен, жүнінен жасалған заттардың үлкен көрмесі ұйымдастырылады. Осы орайда аудандарды аралап, сондағы қожалықтармен және ауыл әкімдерімен кездесіп, көрмеге қатысуға шақырамыз, - деді ол.
​Сонымен қатар Ғ.Қапақовтың айтуынша, биыл облыс орталығында «Депо» базарын салу жоспарланған. 10 мың гектар жерге базар салынып, тауардың барлық түрі сатылатын болады. Ауылдардан келетін тағамдарға бөлек павильон салынады. Яғни базар ашылғаннан кейін Жәнібек ауданының ауыл шаруашылық тауарлары аталған базарда сатылатын болады. Айта кету керек, павильондар жалға тегін беріледі. Жиын барысында қос тарап, яғни Жәнібек ауданы әкімдігі мен «Ауыл» партиясы облыстық филиалы өзара меморандумға қол қойды. Ғайса Хамидоллаұлы базардың заманауи болатынына кепілдік береді. Ашылатын базардың орындары тегін әрі тауарды айына бір-екі рет немесе үнемі сатуға болатынын да айта кетті. Сондай-ақ логистика жағы да қарастырылуда.
​Үшінші мәселеде аппарат басшысы қаладан ауылға көшу және оларға жұмыс орындарын ашу туралы айтты. Айтуынша, үкіметте бұл мәселе қаралып, тапсырмалар берілуде.
​«Бірінші орында шекарадағы ауылдар тұр. Яғни ол ауылдарды дамытып, сондағы жағдайды жақсарту керектігін жеткізді. Мәселен, Ресейдің Қазақстан шекарасына жақын ауылдарында 500 мыңға жуық қандасымыз тұрып жатыр. Өзге елде тұрып жатқан қазағымыздың елге қайта оралуы үшін жұмыстануымыз керек», - деді Ғ.Қапақов.
​Жиында сонымен қатар ауылдарда кәсіпорын ашу хақында әңгіме өрбіді. Ғайса Хамидоллаұлы кәсіпорындар туралы бірнеше мысал келтіріп, өзінің тәжірибесінде болған жағдайларды айтты.
​Күн тәртібіндегі соңғы мәселе ауданда «Ауыл» партиясының бастауыш ұйымын құру турасында болды.
​Жиынды пайдалана отырып, Ғайса Қапақов аудандық мәслихат депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Тілекбек Мұханбетжановқа «Ауыл» партиясының жаңа белгісін тақты.
​Аппарат басшысы Ғайса Қапақовтың сөзіне сүйенсек, «Ауыл» партиясының облыс бойынша атқарып жатқан жұмысы өте көп екен. Жиынға қатысқандарды бірге жұмыстануға шақырды.
​Мирболат Бауыржанұлы жиынды қорытындылап, партия өкілдерін Бөкей ордасы ауданына шығарып салды.

Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале