Саралжын ауылынан басталған әкімдердің есептік кездесуі бүгін Сайқын ауылында мәресіне жетті. Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева бастаған мекеме басшылары қатысты.

Алдымен ауылдық округ әкімі Шыңғыс Абдоллин халық алдында есеп берді.
Сайқын округінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы баяндалды, бюджет қаржысының қайда, қандай мақсатпен жұмсалғаны айтылды.
Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Нұрлыбек Даумов та аудан көлемінде атқарылған істер, алдағы жоспарлар туралы дәл осындай мазмұнда есеп берді.

Жарыссөзде сөз алған Дүйсенбай Молдағалиев, Сәрсенбай Қуанышалиевтер ауылдың абаттандырылуы, жол күтімі, иесіз үйлер мен көше көркін қашырған жайсыздықтар туралы айтса, Жұмағаным Аманжолова, Мәнсия Бегалиева мен Салтанат Сәбиттер ауылдың жаңа ауданы Тәуелсіздік, Астана, Алашорда көшелеріндегі тұрғын үй жағдайы бойынша сөз алды. Қабдреш Темрешов оңтайлы шешімі табылмай келе жатқан мал бағымын мәселе ғып көтерді.

Еруебұлан Бисенғалиев:«Қолданысқа берілген үйлер де, салынып жатқан үйлерді бөлуде осал топтарға басымдық беріледі. Үй кезегінде тұрған жастар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына ілікпейтін мамандарға да мүмкіндік берілсе» деген ұсынысын айтты.

- Қоқыс полигонына қалдық тасымалдайтындар әкесінің құнын сұрайды. Хан ордасы қоқысты небары 3000 теңгеге шығарса, сайқындықтар қоқыс-қалдықты 8-10 000 теңгеден шығарады. Қала мен екі ортаға қатынайтын таксисттер де, жекенің малына шөп сататындар да сол бағаны өздері бекітіп алған. Жергілікті билік осы такси, тасымал, шөптің баға нарығын реттей ала ма? - деп Қанат Садыков ағамыз көптің көкейінде жүрген мәселені көтерді.
Серік Бектұрсынов, Бадигүлжамал Жұмабаевалар халық арасында Шанхай аталып кеткен ауылдың батыс бетінің мәселелерін көтерді.

Айта кету керек, кездесуге келіп, зал толтырып отырған да осы шанхайлықтар болды.
- Жол да, жаяу жүргінші жолы да жоқ. Батпақты жауын-шашынды күндері бала түгіл ересек адамның өзі зорға жүреді. Балаларын мектепке, балабақшаға тасымалдайтын жастарға қиын. Ауыра қалса, жедел жәрдем көлігі де, такси де кірмейді. Қоқыс-қалдық полигоны да іргемізде тұр. Ауруханадан шыққан шприц, дәрі құтылары толып жатыр, лас су да сол жерге төгіледі. Сол лас суды ішкен малымыз өліп қалды. Малға өріс жоқ. Әрі айдасақ, полигон, бері келсе, теміржол, - деп арғы беттің мәселесін тізген Бадигүлжамал анамыз батыс беттен шағын бөбекжай ашуды сұрады.
Ауыл тұрғындарының базынасын тыңдаған Нұрлыбек Даумов не себептен жол құрылысының тоқтап қалғанын, қашан қолға алынатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
- Аудан көлемінде жобасы жасақталған жол құрылысына 815 миллион теңгедей қаржы керек. Ауданның бюджеті көтермейді. Сайқындағы 11 көшенің жол құрылысы өткен жылдардан қалыс қалып келеді. Мердігердің жауапсыздығынан аяқсыз қалды. Мердігерді жауапсыз деп танып, істі қайта қолға алу үшін алты рет сотқа беріп, қайтадан конкурс жариялап, мердігер анықтаған жайымыз бар. Мұнының бәрі уақыт алады. Жол салу кезең-кезеңімен іске асады. Осы 11 көшенің құрылысы аяқталған соң батыс бетке жол салынады. Сіздер айтып отырғандай қиыршық тас төсеу салумен мәселе шешілмейді. Уақыт беріңіздер, - деді аудан басшысы.
Шағын бөбекжай мәселесі бойынша ауданның қалталы азаматтарымен сөйлесіп, жеке меншік негізде ғана шағын орталық ашуға болатынын жеткізді.

Кездесу соңы жеке қабылдаумен жалғасты.
Анар Артықбай
Бөкей ордасы ауданы
Суретке түсірген Әділет Абдиров