20.05.2025, 0:00
Оқылды: 192

Екпелі шөп — заман қажеттілігі

Биылғы жыл Казталов ауданында мал өсірген ағайындар үшін қолайлы десек артық болмас. Қыстағы қардың суы сай-саланы толтырмаса да, көктемнен бастап жауған жауын берекетін беріп тұр. Қазақ айтқан: «Бес қонақ», «Құралай» мезгілдері өз мінездерін көрсетіп-ақ жатыр. Жерге құт жауып, айналаны көк майсаға бөлеп тастады. Бір əдемі көрініс.

Ырысты жылды мүмкіндігінше толық пайдаланған казталовтық шаруалар мал азығын жинауда жаңа заманауи технологияларды жүзеге асыруда. Нақтырақ айтсақ, аз ғана жерге екпелі шөп егіп, мол өнім алуды көздеп отыр. Екпелі шөп — заман қажеттілігі. Түсінген адамға көктен жауын-шашын тілеп, ауа райының қолайлығына қарап отыратын заман артта қалды. Бүгінде қолдағы мал да жыл санап өсіп келеді. Ал ол малға қажетті азық дайындаудың өзі қиындау үстінде. Әсіресе, біздің оңтүстік аудандарда қуаңшылық басым, оның үстіне киіктің көбеюі кері әсерін тигізіп жатыр. Жалпы аудан бойынша біраз шаруашылықтар суы мол өзен-көлдерді жағалап, екпелі, көпжылдық шөптерді егуді қолға алуда.
Аудандық кəсіпкерлік жəне ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мəліметіне сүйенсек, Казталов ауданы бойынша көктемгі дала жұмыстарына ауыл шаруашылық құрылымдары өз дайындықтарын жүргізіп, қазіргі уақытта тұқым себу жұмыстарын жүргізуде. Аудан бойынша 2025 жылға 245 га жерге 4 шаруашылық біржылдық және көпжылдық мал азықтық дақылдарын егеді деп жоспарлануда. Мұнымен қоса екпелі шөп егуге қызығушылық танытып отырған шаруашылықтар қатары көбеюде.
Нəтижелі іспен шұғылданған Казталов ауылдық округінің «Кардон» шаруа қожалығы. Шаруашылық тізгінін ұстаған жаста болса жігерлі, көпке танымал Нұрлыбек Хайруллин. Нұрлыбек әкесі Жұмабектің ақылымен Қараөзенге жақын жерден жер алып, суданка шөбін егіп жатыр. Əліптің артын баққан шаруалар биылғы жауын-шашыны мол жылда мол өнімге кенелмек.
Аудандық кəсіпкерлік жəне ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев егістік басына барып, шаруашылықтың жұмыстарымен танысты.
Міне, өзіміз куə болғандай, Казталов ауданының шаруалары жауын-шашынға тəуелді пəленбай мың гектар жерді шабудың тиімсіз екеніне көз жеткізіп, аз ғана жерде суармалы, көпжылдық шөп егіп, мол өнім алуға болатынын түсінгендей.

Қайрат Жақып
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале