20.05.2025, 12:30
Оқылды: 144

Ардагер ұстаз Қабаш Жүнісов 80 жасқа толды

Бүгін талай жасқа тәлім беріп, қанат қақтырған педагогикалық еңбек ардагері, 17 жыл Т.Жароков атындағы орта мектебін, 11 жыл №9 кәсіптік лицейді басқарған Қабаш Жүнісұлы мерейлі 80 жасқа толды. Атаулы датада аудан әкімі Тимур Шиниязов ұлағатты ұстазды қабылдап, құрмет көрсетті. «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев пен аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов те әкім жанынан табылып, қабылдауда бірге болды.

image-20-05-25-11-36-3
Тимур Серікұлы: «Сізді 80 жасқа толған мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз білім беру саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, мыңдаған шәкіртке сапалы білім, саналы тәрбие бердіңіз. Ұзақ жылғы ұстаздық жолыңызда мектеп пен колледжді басқардыңыз, ұжымға үлгі, жас мамандарға жол сілтеген ұстаз болдыңыз. Еңбек жолыңызды карапайым мұғалімдіктен бастап, аудандық деңгейдегі басшылық қызметтермен жалғастырып, білім саласының дамуына сүбелі үлес қостыңыз. Сіздің елге сіңірген еңбегіңіз жоғары марапаттармен бағаланды. Адал еңбегіңіз бен парасатты тұлға ретінде елге сіңірген еңбегіңіз үшін сізге зор ризашылық білдіремін. Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық және толайым табыс тілеймін», -  деп құттықтаухат табыстап, иығына шапан жапты.

image-20-05-25-11-36-1

Қабаш Жүнісұлын ауданда, тіпті облыста танымайтын адам жоқ шығар. Ол – Жәнібек ауданының құрметті азаматы. «Қазақ КСР-і халық ағарту ісінің қызметкері», жоғары санаттағы математика пәнінің мұғалімі, 1962-1964 жылдар аралығында Орал қаласындағы педагогикалық институтында «Физика-математика» факультетінде оқып жүріп, 1964-1967 жылдары Кеңес әскері қатарында болды.

image-20-05-25-11-36

1967 жылы аталған институтта оқуды жалғастырып, 1970 жылы тәмамдады. 1970-1974 жылдары Жәнібек ауылындағы Абай атындағы мектеп-интернатында тәрбиеші-мұғалім, 1974-1980 жылдар аралығында Жәнібек аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1980-1997 жылдары Жәнібек ауылындағы Т.Жароков атындағы орта мектебінің директоры, 1997 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін №9 кәсіптік лицейдің директоры қызметтерін атқарды.

Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале