Өткен жылғы наурыз айында елімізде отандық тыңайтқыштарды сатып алу үшін аванстық субсидиялау тетігі енгізілді. Алайда қара шығын ауыл шаруашылығы саласына қадаған сарапшылардың минералды тыңайтқыштарды пайдалану көлеміне көңілдері толмайды. Өйткені әр гектарға 5-7 келіге дейін тыңайтқыш қолданылады деседі. Мемлекет басшысы АӨК алдына ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін 2 есеге арттыру жөнінде елеулі міндет қойды. Соған орай және ауыл шаруашылығы жерлерінің тозуын азайту бағытында әкімдіктер 2025 жылы тыңайтқыш енгізу көлемін республика бойынша 1,9 млн тоннаға дейін арттыруы қажет. Өйткені халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы өнімнің мол болуымен байланысты.

Тыңайтқышқа – демеуқаржы
Елімізде «Қазфосфат», «ҚазАзот» зауыттары тыңайтқыштар шығарады. Тек калий тыңайтқышы өндірілмейді. Ақжайық ауданында іске қосылатын «Сәтбор» кен орнында калий тыңайтқышы өндіріледі деп күтілуде. Әдетте калий тыңайтқышын картоптың өнімділігін арттыруға қолданады. Өткен жылы өңірдегі диқандарға тыңайтқыштар үшін жергілікті бюджеттен 589 млн теңге субсидия төленді. Бұл қаржы 70 шаруашылыққа берілді. Мысалға, отандық аммофостың тоннасы – 244 мың теңге, Ресейдің мұндай өнімі – 380-450 мың теңге шамасында. Қазақстандық селитра – 154 мың теңге, былтыр Ресейдің селитрасы отандық өнімнен арзанырақ, 120 мың теңге болды. Отандық өнімдердің бағасы қымбат болғандықтан, ішкі нарықта сұранысы төмен екені жасырын емес.

– 2024 жылы облыс егіншілері 8200 тонна тыңайтқышты кәдесіне жаратты. Ал ғылыми тұрғыдан егіннің шығымдылығын арттыруға 36200 тонна тыңайтқыш топыраққа енгізілуі тиіс. Өткен жылғы пайдаланылған тыңайтқыш шамасы ғылыми межеге мүлдем жуықтамайды. Десе де, алға жылжушылық бар. Мысалға, былтырғы көрсеткіш 2023 жылы пайдаланылған тыңайтқыш шамасымен салыстырғанда (2023 жылы – 4100 тонна) екі есе өсті, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы, астық және тұқым инспекциясы бөлімінің басшысы Кеңес Қайдашев (суретте).
Былтырдан бастап отандық зауыттарда өндірілген тыңайтқыштар 60%-ға, шетелдік тыңайтқыштар 50%-ға субсидияланды. Бұл Ресейден 500 мың теңгеге сатып әкелінген тыңайтқыштың 50%-ын мемлекет өтейді деген сөз емес. Субсидия нарықтағы ең төменгі бағамен және қосымша құн салығынсыз есептеледі. Тыңайтқыштың қалған 40% сомасы мен қосымша құн салығы шаруагерлер қалтасынан төленеді. Өткен жылы топырақты нәрлендіреміз, егістегі өнімді молайтамыз деген Бәйтерек, Теректі, Шыңғырлау, Тасқала, Бөрлі, Ақжайық аудандарындағы және Орал қаласы маңындағы 70 шаруашылық тыңайтқыш алды. Барлық 8200 тонна тыңайтқыштың 60%-ы бау-бақша (картоп, көкөніс т. б.) дақылдарын өсіруге жұмсалды. 2020 жылы өңірдегілер небары 2000 тонна тыңайтқыш пайдаланса, одан бергі төрт жылда бұл көрсеткіш төрт есе өсті. Соңғы жылдары егін өсірумен айналысатын кәсіп иелері тыңайтқыштың мол өнім кепілі екенін түсінген сыңайлы. Алайда қалтаның жұқалығы кедергі болуда.
Жер тозбасын...
Шаруаларды тыңайтқыш алуға ешкім қыстай алмайды. Заңды түрде ықпал ету тетігі қарастырылмаған. Бұл күндері Жер кодексінің жобасында нақ осы мәселе қарастырылуда. Шаруаға жер телімі берілген жеті жылдан кейін жердің құнарлылығы тексеріледі. Жерді тоздырып, сапасын төмендеткен жағдайда жерді мемлекетке қайтару көзделуде. Мұндай тәжірибе шетелдерде қолданылады. Мысалға, Ресейде, Сербияда, Францияда және т. б. елдерде.
– Жобада көрсетілгендей жеті жылда жерді тыңайтпаса, оны кері қайтарғаны дұрыс. Топырақта азот, калий, фосфор секілді химиялық элементтер белгілі пайызда болады. Өсу үрдісі барысында дақылдар сол элементтерден нәр алады. Өңіріміздің топырағы калийге бай. Бірақ ол өсімдік сіңіріп алатын күйде болмағандықтан, дақылдар оны игере алмайды. Облыста дәнді дақылдардың, арпаның егіс көлемін азайту бағытындамыз. Нарықта сұранысы бар өсімдіктерді егуіміз керек. Былтыр бұршақты дақылдар 2023 жылмен салыстырғанда (2000 гектар) 12 мың гектар жерге егілді, ноқат, жасымық алқабының аумағы 6 есеге көбейді, – деді Кеңес Баянұлы.
Шаруалар егін өнімділігіне қол жеткізу үшін жаңа технологияларға көшуде. Мысалға, күзгі жиын-терімде егістіктегі сабанды жинамайды. Ол топырақтың бетін жауып, дымқылды рәсуа етпей, сақтайды. Мамандар бидайды жыл сайын өсіре бергеннен жердің құнары артпайтынын айтады. Сондықтан топырақ құнарын сақтап қалуға және қалпына келтіруге болатын ауыспалы егіс жүйесіне көшкен тиімді деседі. Бабын таппаса, торқадай жердің өзі де тозады емес пе?!
– Мысалға, 1 мың гектар алқаптың бір бөлігіне бидай, екіншісіне – майлы дақылдар, үшіншісіне бұршақ дақылдарын өсірер болсақ, оларды өткізу оңай болады. Оның үстіне бұршақ дақылдары жерді азотпен байытады. Ал күнбағыс жердің құнарын сорып алады. Осылайша, дақылдарды кезектестіріп еккен жөн. Биыл енгізілген тыңайтқыш егіннің өнімділігін күрт көтереді деп ешкім кепілдік бермейді. Өйткені ол топыраққа сіңіп, өсімдік игере алатындай деңгейге жетуі тиіс. Сәл бұрынырақ мақсары, күнбағысқа сұраныс күшті болды. Кейін баға түсіп кетті. 2021 жылы облыста мақсары 80-90 мың гектарға егілді. Бағасы 220-250 мың теңгеге өсті. 2022 жылы 123 мың гектарға өсірілді. Сонда бағасы 50 мың теңгеге күрт төмендеді. Осыдан кейін шаруалар оны
Топырақ сапасы қандай?

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ветеринария және агротехнология институтының оқу жұмыстары жөніндегі директордың орынбасары, PhD докторы Ерғали Аюпов (суретте) топырақтың түр-түсі, құрамы, құнары түрлі болып келетінін айтады. Өңірдің жері қара қоңыр, ашық қара қоңыр, қара топырақты болып келеді. Қара топырақты жер Қазақстанның солтүстігінде, біздің жақта Шыңғырлау ауданына азын-шоғын тиесілі. Ондай жер көлемі 3-5 мың га шамасында. Облысымызда құнарлығы бойынша қара топырақтан кейін қара қоңыр топырақты (каштан) жерлер тұрады. Каштанның гумустық мөлшері 3-5% шамасында. Яғни оның 95%-ы минералды, 5%-ы органикалық заттар болады. Органикалық заттар топырақта көбірек болса, онда өнімді молырақ алуға мүмкіндік болады. Өсімдіктердің өсуіне жауын-шашын мөлшері де әсер етеді. Облыс орталығы маңында жауын-шашын шамасы жылына 300-350 мм, ал оңтүстікке қарай 200 мм-ге дейін азая түседі.
– Топырақтың механикалық құрамы, соның ішінде сазды, құмды болуы да егіннің өнімділігіне әсерін тигізеді. Ресейдің Повольже, Краснодар өлкелерінің және Украинаның топырақ құрамы БҚО-ның топырағына ұқсас. Сол елдегі тыңайтқыштарды бізде де пайдалануға болады. Тыңайтқыштар – мол өнім алудың кепілі. Бірақ алдымен жердің химиялық құрамын зерттеп алған дұрыс, – деді Ерғали Есқалиұлы. Ғалымның айтуына қарағанда, бір дақылды бір алқапқа екі жылдан артық егуге болмайды. Өйткені дақылдың сол топырақта ауруы, зиянкесі қалады, сондықтан орнын ауыстырып тұру керек. Алдымен, жердің топырағының құрамын анықтап алған дұрыс.
– Тұзды топырақтың өзі екіге: кебір және сор деп бөлінеді. Натрий мен магний катионы топырақтың 15-35 см беткі қабатында көп болса, оны кебір топырақ (солонец) дейді. Мұндай жерге дақылдарды өсіру қиын. Тұзды топырақтың сапасын жақсартуға болады. Алайда ондай шаруаға қомақты қаржы қажет. Олардан бұрын егін егуге қолайлы алқапты игере алмай жүрміз, – дейді Ерғали Есқалиұлы.
Өнімді молайтады
Жалпы, елімізде минералды тыңайтқыштарды алқаптың аумағына, дақылдардың түріне қарай қанша көлемде енгізу қажет екенін республикалық агрохимиялық қызмет мекемесі айқындап береді. Бірақ сол мекеменің атауын естімеген шаруалар да баршылық.
Өңірдегі алқап біткеннің барлығы құйқалы болмағанымен, өзен, көл, канал, су айдындары жағасындағы жерлерге көкөніс өсіру қолайлы. Қазіргі кезде сондай жерлерге қарбыз егіп, гектарынан 70-80 тоннадан өнім алып жүргендер бар. Тайпақ жағында топырағы құмдасын алқаптардан мол өнім алынуда. Орал қаласының маңында, Бәйтерек ауданы аумағында барлық дақылды өсіруге болады. Осындай мүмкіндікті пайдалану әлі де кемшін. Ерғали Аюпов ғалым ретінде диқандарға тыңайтқыштарды пайдалануға кеңес береді. Әуелі, жердің құнарлылығын, тұздылығын анықтап алған жөн. Мұндай қызметті жергілікті университет көрсетеді.
– Тыңайтқыштар өнімді күшейтеді. Өсімдік өсу барысында үш макроэлементті қажет етеді: азот, фосфор, калий. Қазір олардың қатарына күкірт қосылды. Азоттан өсімдіктің өнімі қалыптасады. Фосфор тамыр жүйесі мен «сүйегін» қалыптастырады. Калий болса, өсімдіктің сүйегін қатайтуға қызмет етеді. Содан кейін өсімдіктер микроэлементтерді аз мөлшерде қажет етеді. Оның өзі болмаса, өсімдіктен мүмкіндігіне сай толық өнім алынбайды. Зиянкестермен уақтылы күресу, өсімдік ауруларына қарсы пестицидтерді себу де маңызды. Мысалға, картопты 1 гектарға 2,5-3 тоннаға дейін егеді. Алғаш еккен жылы гектарына 25 тонна өнім алады. Мұны табиғаттың өзінің сақтаған құнарлылығының арқасында алады. Енді осы жерге тыңайтқыш енгізілмесе, келесі жылы сол 25 тонна өнімді қайтып ала алмайды. Өсірілген егіннің 1 тонна өнімі жерден 6 келі азот, 2 келі фосфор, 8 келі калий секілді макроэлементтер алады. Одан басқа микроэлементтерді де сіңіреді. 10 тонна өнім алынса, макроэлементтер шамасы да 10 есе өседі. Қарбыз өсіретіндер өсімдіктің тез өсуі үшін пестицидтер, селитра (азот тыңайтқышы) пайдаланады. Бірақ оларды да шектен тыс қолдануға болмайды, – деді Ерғали Аюпов.
Сөздің тоқетері, тыңайтқыштарды енгізуге шаруашылықтардың жағдайы көтермейді деп зар қақсағанмен, жағдай түзелмейді. Қазіргі кезде Беларусь еліндегі диқандар 1 гектарға 270 келі тыңайтқыш себеді екен. Ал біздің көрсеткіш 3-5 келі шамасында. Мамандар суармалы алқаптардан алынатын өнім шамасы шетелдік өнім көрсеткішінен әлдеқайда төмен деседі. Жаңа заң қабылданып, шаруалар жерге күтім жасауды мойындарына алса, кейінгі ұрпаққа мұра болар жерімізге қамқорлық күшейер. «Екпесең – жер қысырайды, күтпесең – көл қысырайды» дегендей, өнімділікті арттыру қиял болып, деградацияға ұшыраған алқаптар аумағын ұлғайтып, жердің табиғи құнары төмендей бермек. Сондықтан шаруагерлер көштен қалмай, ілкімді істерге ұмтылса дейміз.

Ғалымжан Маширов, Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының БҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:
– Жер ресурстарын басқару комитетінің «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының 2024 жылғы
8 қаңтардағы бұйрығы негізінде осы кәсіпорынның Батыс Қазақстан облысындағы филиалы құрылды. Біздің филиал жерге экономикалық бағалау жасап, жерлердің сапасын есепке алады, мониторинг, топырақтық, геоботаникалық, агрохимиялық зерттеп-қараулар және топыраққа бонитирлеу жүргізеді. «2024-2030 жылдар кезеңіне арналған топырақ, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің құнарлылығын қалпына келтіру және арттыру жөніндегі шаралар» жол картасы бойынша облыста биыл көлемі 13 мың 880 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде су эрозиясымен күресу, 6 мың 160 гектар жерде жел эрозиясына қарсы топырақ қорғау және 17 мың 760 гектар жерде су және жел эрозиясымен күресу шараларын өткізу қарастырылған. «2024-2030 жылдар кезеңіне арналған топырақ, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің құнарлылығын қалпына келтіру және арттыру жөніндегі шаралар» жол картасын іске асыру аясында жергілікті атқарушы құрылымдарға 2025 жылғы жол картасы алаңдарының индикаторларына сәйкес нақты учаскелер анықтап берілді. Сондай-ақ жер қатынастары басқармасы үшін картографиялық материалдар ұсынылды. Алдын ала болжамды есептеулермен топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру және арттыру бойынша тиісті ұсыныстар берілді.

Бекболат Мұқашев, «Алтын бидай» шаруа қожалығының жетекшісі, Бәйтерек ауданынан:
– Жылда 3300 гектар алқапқа егін егіп, несібемізді жерден теріп жүрміз. Нарықтағы сұранысқа сай биыл қызыл жасымық, күнбағыс егіп отырмыз. Оған қоса былтыр егілген күздік егініміз бар. Өткен жылы жаздық бидайдан гектарына 4-5 центнерден өнім алынды. Шығынымызды жаппады. Оның үстіне бидай бағасы 75-85 теңгеге түсіп кетті. Биыл екпей қалдық. Жасымықты, күнбағысты трейдерлер арқылы Түркияға өткіздік. Жергілікті зауыттың майлы дақылдарды қабылдауға әлеуеті жетпейді.
Жерді тоздырмау, оның құнарлылығын сақтау мақсатында тыңайтқыштарды пайдаланамыз. Қазақстандық өндірісшіден аммофос, ресейлік зауыттан сульфааммофос сатып алдық. 2024 жылы да тыңайтқыш алып, тиісті субсидияға қолымыз жетті. Әрине, тыңайтқыштарды қолдану егіннің шығымдылығын арттырады. Шаруашылықтар бір-бірінен көріп, үйреніп, тыңайтқыштарды пайдалануға бірте-бірте бет бұрады деген ойдамын. Әйтпесе, жерді күтпедің деп заңмен шегелеп, кері қайтарып ала берсек, егін өсіретін адам қалмас. Мемлекеттің тыңайтқыш алуға жағдай жасап отырғаны көңілден шығады.
Кәсіп бастауға – 1,5 млн теңге
Биылғы 21 мамырдан бастап Business.enbek.kz порталында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған қайтарымсыз гранттарға өті-нім қабылдау басталады. Бұл бастама, әсіресе кәсіп ашуды армандап жүрген, бірақ бастапқы капиталға зәру азаматтар үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Бірінші лек аясында республика бойынша 4 500 адамға грант берілмек. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің ресми парақшасында жазылған.
Гранттың көлемі – 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 572 800 теңге. Бұл қаражат кәсіп бастауға, құрал-жабдықтар сатып алуға, жалға алынған ғимарат ақысын төлеуге, мал мен құс, көшет пен тұқым алуға жұмсалады. Алайда бұл қаражатты тұтынушылық мақсатта, несие жабуға, тұрғын үй немесе жер телімін сатып алуға, акциздік өнім, яғни мемлекет тарапынан арнайы салық салынатын өнімдер өндіруге пайдалануға болмайды.
Мемлекеттен бөлінетін бұл қолдау, ең алдымен, әлеуметтік осал топтарға бағытталған. Грантты алу үшін адам жұмыссыз ретінде тіркелуі немесе жеке кәсіпкерлік мәртебесін алғанына үш жылдан аспауы қажет. Сонымен бірге үміткер мүгедектігі бар азамат, қандас мәртебесіндегі адам, басқа өңірден көшіп келген, аз қамтылған немесе көпбалалы отбасының мүшесі, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-ана, не асыраушысынан айырылған азамат болуы тиіс. Тағы бір маңызды шарт – үміткердің соңғы үш жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өткенін растайтын сертификаты болуы керек. Барлық өтінім тек электронды түрде, Business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады. Ол үшін үміткер порталға тіркеліп, өзінің талаптарға сәйкестігін тексереді, ұсынылған үлгіге сай бизнес-жоспарды толтырып, порталға жүктейді. Содан кейін өтінім үлгісін толтырып, электронды цифрлық қолтаңбамен растайды. Ғаламторға немесе компьютерге қолжетімділігі жоқ адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтары мен карьералық орталықтардағы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары арқылы өтініш бере алады. Үміткердің бизнес-жобасы аудандық немесе қалалық комиссияда қаралады. Комиссия отырысында жобаның бәсекеге қабілеттілігі, нарықтағы сұранысы, қаржылық негізділігі, үміткердің кәсіпкерлік қабілеті мен жаңа жұмыс орындарын ашу әлеуеті бағаланады. Қорытынды шешім порталдағы жеке кабинетке жолданады. Егер жоба мақұлданса, үміткер банк реквизиттерін жолдап, электронды келісімшартқа қол қояды және әр тоқсан сайын гранттың мақсатты жұмсалуы туралы есеп тапсырып отырады.
Бұл бастама азаматтардың еңбекке араласуына, өз ісін бастауына, ел экономикасына үлес қосуына жол ашпақ. Мемлекеттің басты мақсаты — табыс табуға қабілетті, әлеуметтік тұрғыдан белсенді қоғам қалыптастыру. Ал бұл грант – соған бастар нақты әрі сенімді қадам.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»