21.05.2025, 9:00
Оқылды: 314

Күй тартуды ауыл ақсақалынан үйренген...

21  мамырМәдениет  және  өнер  қызметкерлері  күні

Жастар мәдениет сарайы жанындағы Есболат Абдулов атындағы үрмелі аспаптар оркестрінің жеке солисі, Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармонияның әртісі Сиғватолла Ешкаев – дарынды жастың бірі. Әнші 2000 жылы 7 мамырда Жаңақала ауданы Мәстексай ауылдық округіне қарасты Мұқыр елді мекенінде дүниеге келген. Бұл кезде аталған аудан орталығында Ұлы Жеңістің 55 жылдығына арналған үлкен іс-шара өтіп жатқан еді. Сиғватолланың атасы Кәрім Ахметжанұлы Ешкаев – соғыс ардагері. Іс-шара барысында сол кездегі Жаңақала ауданының әкімі, марқұм Төлеген Мерғалиев ардагерді немерелі болуымен құттықтап, ұлдың есімін мейрамға байланысты Жеңіс деп қоюды ұсыныпты. Алайда Кәрім Ахметжанұлы өзінің қалауы бойынша немересінің есімін Сиғватолла деп қойған екен.

ed88e435-9ca5-4951-9902-5225877aa84e

– Мен 2007-2018 жылдар аралығында Мұқыр ауылында орналасқан Әліби Жангелдин атындағы жалпы орта мектепте оқыдым. Мұқыр – облыс орталығынан 335, аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан алақандай ауыл. Небары 500-ге жуық тұрғыны бар. Ауылдағылардың ауызбіршілігі мықты, бірлігі жарасқан. Маған ауылымның әрбір тұрғыны туысқанымдай ыстық. Мені тек ата-анам емес, ауылдағы қариялар, ағалар тәрбиеледі. Солардың тәлім-тәрбиесін көрдім. Құм төбешікте отырып, үлкендердің әңгімесін тыңдайтын едім. Олардың әңгімесі өте қызықты болатын. Қараөзен мен Мұқырдың жағасында, құм шағылдардың етегінде өзімді еркін сезінетінмін. Сол алтын түстес құмдарды көргенде Дубайда жүргендей болатынмын. Ауылға келген қонақтар осы бір тамаша табиғатқа тамсанып кететін  еді, – дейді жас талант.

Әншінің ата-анасы Қажи Кәрімұлы мен Қымбат Мұратқызы ауылда тұрады. Сиғватолланың інісі мен қарындасы бар. Інісі Неғметолла М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің мәдениет және өнер факультетінде «Музыкалық білім беру» мамандығы бойынша білім алуда. Қарындасы Рысжан – 6-сынып оқушысы. Сиғватолла жұбайы Айданамен 2023 жылы отау құрды. Бір ұлы бар. Олар әулетімен өнерлі. Әкесінің бауырларының барлығы дерлік домбырамен, гитарамен ән салады. Ағайындары жинала қалса, домбыра, гитарамен ән шырқайды. Сиғватолла бала кезден ағалары шырқаған әндерді тыңдап өскен.

– Қазіргі таңда баршасы басқа салаларда қызмет атқарып жүр. Өнер жолын інім екеуміз қуып келеміз. Балалық шақтан естелік өте көп. Бәрі де есімде. Мен бақытты бала болдым. Ата-әжемнің еркесі едім. Әйтеуір, ес білгелі ән шырқап келемін. Кішкентай кезімде атам мен әжем, әкем балаларға арналған әндерді жаттататын. Кейін мектепке барған соң «Әліппе», «Ақ көгершін», «Отан» атты әндерді шырқадым. 2007 жылы 1-сыныпта оқитын едім. Ауылдағы клубта мектеп ұстаздары мен оқушылары «Екі жұлдыз» атты концерт ұйымдастырды. Сол концертте сынып жетекшім, алғашқы ұстазым Зәуреш Ишанғалиқызы екеуміз «Айгөлек» әнін орындадық. Сахнада өнер көрсету, қатысушылардың қошеметі маған ерекше әсер етті. Өзімді үлкен әртіс сияқты сезіндім. Менің ұстаздарым, әрине, көп. Қазіргі таңда да ұстаздарымнан білмегенімді сұраймын. Маған музыка пәнінен сабақ берген Жадыра Мұратқызы алғаш рет 3-сыныпта домбыра шертуді үйретті. Бір сағаттың ішінде «Әке туралы жыр» әнін үйрендім. Кейін домбырамен басқа да әндерді шырқай беретін болдым. Одан соң күй тартуды үйренгім келді. Ал ауылда музыкалық мектеп, үйірме жоқ. Сосын ауылдың ақсақалы, бүгінде жасы тоқсанға таяған Нұрым атаның үйіне барып, күнде күй тартуды үйренетін едім. Сөйтіп жүріп 5-6 күйді меңгеріп алдым. Нұрым ата да күй тартуды кезінде ауыл ақсақалдарынан үйренген екен. Маған сахна мәдениетін үйретіп, түрлі байқауларға, концерттерге қатыстырған Әліби Жангелдин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Айбар Хайдарұлы болатын. Оған алғысым шексіз, – дейді Сиғватолла Ешкаев.

Жас әнші 2018 жылы мектеп бітіріп, Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті өнер факультетінің актерлік өнер мамандығы бойынша білім алған. Аталған жоғары оқу орнын 2022 жылы тәмамдаған.

Ол өзін әртүрлі жанрда сынап көрген. Жан-жақтылықты жаны сүйеді. Дәстүрлі әндерді орындайды. Классикалық бағытта да, эстрадалық бағытта да ән шырқайды. Ол бүгінге дейін түрлі деңгейдегі ән байқауларының жүлдегер-жеңімпазы атанды. Павлодар қаласында өткен (2018) «Ақберен» байқауында бас жүлдені иеленді. Түркістан қаласында өткен (2021) «Жас толқын» ән байқауында да ешкімге дес бермеді. Атырау қаласында (2024) бард әнші Табылды Досымовқа арналған «Самала саздар сағымы» атты аймақтық байқауда 2-орынды иеленді.

– Эстрадалық жанр бағытында өнер көрсетіп жүрмін. Оның ішінде – лирикалық бағыт. Жаным соны қалайды. Мен үлгі тұтатын тұлғалар баршылық. Еліміздегі эстрада жұлдызы Ғазизхан Шекербеков – музыкалық талғамы жоғары әнші, композитор. Оның әндерінен кәсібилікті байқау қиын емес. Жаскелең Ғайсағалиев, Марат Сарбөпеев, Айбар Хайырханов сынды ағалардан үйренерім көп. Олар – еңбекқор, кәсіби әншілер. Олардың маған шығармашылығы ұнайды. Музыкалық талғамдары да ерекше. Олардың әндерін тыңдаудан жалығу мүмкін емес. Жоспарым өте көп. Маған әлі көп ізденіп, еңбектену керек. Кәсіби сахнада өнер көрсетіп жүргеніме небары екі жылдан асыпты. Яғни еңбек өтіліммен есептегенде, – дейді Сиғватолла Қажиұлы.

Бүгінде Сиғватолланың 10-ға жуық ауторлық әні бар. Көп уақыт өте қойған жоқ, Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының «Жаңа форматтағы жаңа жобасы» аясында концерт өтті. Әріптесі Аружан Бейсембаймен бірлесе өткізген Сиғватолланың концерті болатын. Қос жас әнші өзгеше стильде, заманауи бағытта бірнеше ән шырқады. Тыңдармандар өнерпаздарға риза болып отырды.

ce81bdd6-cc54-46c3-bec2-1d5d8d412f77

Әңгіме барысында кейіпкеріміз өзіне  ерекше әсер еткен үш әннің,  «Сыған серенадасы», «Алтайдың ар жағынан келген ару» және «Нурикамалдың» шығу тарихы туралы әңгімелеп берді. Оның әнді шырқап қана қоймай, сол туынды ауторларының шығармашылық шеберханасына ене білетініне куә болдым.

Сиғватолла – уақыт өте келе пайда болған немесе тәжірибемен қалыптасқан әнші емес, ол – табиғи талант. Сол себепті оның бағындырар биігі әлі алда деп білемін.

 

Мәрлен Мәлікұлы,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале