20.05.2025, 17:15
Оқылды: 378

Бәйтеректіктер тауарлы несиеге ден қоюда

Соңғы жылдары аудан бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары айтарлықтай азайып келеді. Оған қайтарымсыз грант пен «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алушылардың санының артуы оң әсерін тигізуде. Бұл туралы Атамекен ауылдық округінде өткен есептік кездесу кезінде айтылды.

3dc699db-ba1c-4b61-92c0-84da4211933b

Аудан әкімі Марат Тоқжанов мәлімдегендей, соңғы үш жыл ішінде Бәйтеректе қайтарымсыз негізде 400 айлық есептік көрсеткіш көліменде 127 адам грант алып, салық басқармасында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жаңа жұмыс орындарын құрып, жұмыстарын бастады. Ал өткен екі жылда 185 бәйтеректік «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көре бастаған. Соған байланысты атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар саны былтыр 8 отбасыға (30 адам) азайды. Мәселен, 2023 жылы 349 мүшесі бар 66 жанұя мемлекеттен осындай қолдау көрсе, былтыр олардың саны 58 отбасын (312 адам) құрады. Өткен жылы әлеуметтік көмекті 6 ауылдық округ мүлдем  алмаған болса, биылғы төрт ай ішінде олардың қатарына Бейбітшілік, Сұлукөл, Раздольный, Чиров, Құрманғазы, Шалғай, Рубежин секілді 13 ауылдық округ қосылды.

- АӘК жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға беріледі. Бұл ондай көп ақша емес. Ал грант не бағдарлама шеңберінде жеңілдетілген несие алып ісін бастағандар қомақты қаржы таба бастады. «Ауыл аманаты» аясындағы біз тауарлы несиелеуді қолға алдық. Мұнда малмен айналысатын шаруашылықтар төрт түліктің белгілі бір бөлігін уақытша бір адамға береді. Үш жыл аралықта малды жалға алған жан өзі жем-шөпті тауып, жақсы қорада малдарды бағып-қағуы керек. Мерзімі келгенде келісілген пайыздызбен малды иесіне қайтарады. Егер жалға алушы адамның кепіл заты болмаса, ауыл әкімі мен жергілікті қауымдастық оған кепіл хат бере алады. Бұл еңбек етіп, мал тапқысы келетіндер үшін үлкен мүмкіндік. Қазіргі таңда аудан бойынша 8 ауылдық округтегі 10 отбасы осы бағытта еңбек етуде. Әлеуметтік осал топ өкілдеріне жататын бұл жанұялар құны 8 250 000 теңге болатын  21 бас ірі қара, 1,2 млн теңгенің 20 бас қойын, 500 000 теңгенің 1 жылқысын алды. Сөйтіп  шаруашылықтармен келісім-шартпен негізінде тауарлы несиелер беріліп, тұрмысы төмен жанұялаға үлкен көмек жасалды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, - деді Марат Лұқпанұлы.

88ecc127-7a60-4e2a-9c1d-02e0e6184d57

Жиында Атамекен ауылдық округінің әкімі Фархат Үмбетқалиев баяндағандай, мұндағы жергілікті тұрғындар да «Ауыл аманаты» бағдарламасына белсенді қатысуда. Мәселен, 2023 жылы 9 адам 57150 мың теңге көлемінде несие алып, мал мен құс өсіруге ден қойған. Яғни сегіз тұрғын 63 бас ірі қараға қолжеткізсе, біреуі 4500 тауық сатып алған. Былтыр төрт адам 21780 мың теңге несие алуға өтінім берген. Егер қаржы түссе, ауыл малы 31 бас ірі қарамен және 120 бас ұсақ малмен толықпақшы.

467b9336-e882-4fb7-bf7b-d94569ec040a

Есептік кездесуде атамекендіктермен ауыл маңындағы Гавриловка өзенінің бөгетін, ауылдағы мәдениет үйін жөндеу, ескі бағандарды жаңғырту секілді мәселелер көтеріліп, тиісті жауаптар берілді.

 

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале