Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязов есептік кездесу бойынша сапарын Күйгенкөл ауылдық округінде жалғастырды.

Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Тахир Кадимов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Біржан Қуанәлиев, бірқатар мекемелердің басшы-қосшылары қатысты. Есептік кездесуді күні бүгін сайланған Сержан Қошанов ашып, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар жөніңде баяндап өтті. Өз кезегінде Тимур Серікұлы жарты жыл ішінде атқарылған жұмыстарға шолу жасап, алдағы уақытта атқарылатын бірқатар жұмыстарға тоқталды.

Баяндамалардан кейін кездесу сұрақ-жауаппен жалғасты. Ауыл тұрғындары түрлі бағытта сұрақтарын қойып өтті. Зейнеткер ұстаз Жұпар Хамзина өз сөзінде: «Сержан Серікұлы, сізге ауыл адамдары үлкен сенім артып, сіздің кандидатураңызды қолдап дауыс берген болатын. Енді сол сенімді ақтайды деп есептейміз. Сенеміз сізге, себебі, сіз бірнеше жыл үлкен мекемелерді басқардыңыз. Бұл деген үлкен тәжірбие сіз үшін, халықпен жұмыс істеуді білесіз. Енді қалған шаруаларға аудан басшылары, жергілікті халық көмектеседі. Сондықтан осы елдің сенімін ақтауыңызға біз тілекшіміз. Ауылда сізге қарап тұрған жұмыс өте көп, себебі біз бірнеше ай бойы әкімсіз отырдық. Шешуі керек болып тұрған мәселелер бар, оны енді сіз біртіндеп атқарады деп есептейміз. Біз көмектесеміз. Аудан әкімінің жартыжылдық есебі бойынша баяндамасын тыңдап өттік. Біз осы өңірде тұрғаннан кейін бәрін де білеміз. Жұмыстар жасалуда, барды бар деп бағалау керек. Сондықтан сіздің есебіңізді біз қанағаттанарлық деп қабылдаймыз. Алда да сәттіліктер тілейміз. Еңді кездесуге келгеннен кейін өзіміздің көкейімізде жүрген сұрақтарымызды қойғымыз келеді. Біріншіден, екі көшенің жолы салынып бітті. Жасқайрат көшесінің жолы сіздің жоспарыңызда бар ма, жоқ па, соны білгім келеді. Тұрғындардың қай-қайсысы да түсініп отырған болар, екі көше керемет, көлік те, жаяу да жүрген уақытта бір көшенің тұрғындары батпақтап жүргені үйлеспейтін нәрсе ғой, сондықтан осыны қаперіңізге салғым келеді. Содан кейін кітапхана салу жөнінде мәселе айтылмай кеткен сияқты. Соған қарағанда биыл тағы да жоқ секілді. Енді кітапхананың жағдайын көріп отырсыздар ғой. Бір бөлмеде отыр, оқырмандар келіп отыратын мүмкіндік жоқ. Егер де ондай шешім болмаса, жергілікті медпункттің ішіне орналастыруға болмай ма екен деген ұсынысымды айтқым келеді», - деді.
Аудан басшысы: «Барлық айтылған мәселелер жоспарда бар, аудандық бюджеттің есебінен жасалатын жұмыстар болғандықтан, шамалы шыдамдылық керек», - деді.

Әрмен қарай ауыл тұрғындары ауыз судың ащы екендігін, ауылдың учаскелік инспекторы орнында тұрақты болмайтындығын, сол себепті көптеген келеңсіздіктер мен тәртіпсіздіктер орын алып жататындығын айтып өтті. Жаяу жүргіншілер жолының керектігі жөнінде ұсыныстар тасталды. Ол сұрақтарға сала басшылары жауап берді.
Жиын соңында Тимур Серікұлы мен жаңа қызметіне кіріскен Сержан Серікұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Бану Самат,
Жәнібек ауданы