Жәнібек ауданы әкімінің ауылдық округ тұрғындарына есеп беру жиыны Қамысты және Тау ауылдарында өз жалғасын тапты.

Аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов және аудандық бөлім басшыларымен бірге тұрғындардың тарапынан түскен көкейтесті сауалдарға жауап беріп, уәждерін тыңдауға жеткен аудан басшысы мен аталған ауылдық округ әкімдері өз баяндамаларында ең маңызды деген салалардағы атқарылған және жоспарланған жұмыстарға тоқталды.
Еркін форматтағы жиында Оралбек Кенханов мен Нұртілек Мизамбаевтың берілген есептерінен соң округтердің тұрғындары, соның ішінде қамыстылық жұртшылық біраз мәселені алға тартты.
Оның ішінде ең маңызды, уақыт күттірмейтіні – ауыз су мәселесі. Жергілікті тұрғындар қолдарында бар су тұздылығын тексеретін құрылғымен, өздері пайдаланып отырған суды тексерістен өткізген-ді. Нәтиже көңіл көншітпейді, яғни шекті нормадан әлде қайда жоғары. Ашынған ауыл жұртшылығы мәселе түбегейлі шешімін тапқанша, тым құрымағанда тұрғындарды уақытша ақылы ауыз сумен қамтамасыз ете тұрса дейді. Суды сүзгіден өткізетін аппарат болғанымен оны қондыруды бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді.
Әжептеуір уақыт жол тауқыметін көріп келген ауданның қай тұрғыны болмасын, соңғы бірнеше жылда бұл салада атқарылып жатқан жұмыстардың қарқындылығын тілге тиек етіп, аудан әкіміне зор ризашылықтарын жеткізді. Дегенмен қос ауылға ортақ мәселе де жоқ емес. Негізінен бұл жанары бар кез келген жанның ауызында жүрген әңгіме.
Жол құрылысы жұмыстарын жүргізіп отырған мердігерлердің шахмандары өздерінің жасағандарын, өздері қиратып әлек. Заң жүзінде белгілі бір салмақтан асатын жүк тасымалдау көліктері өздеріне арналған айналма жолмен жүруі тиіс. Кім айтып жатса да құлақ асарлары жоқ көлік тізгініндегілерге өткен жылы бірнеше мәрте айыппұл салынған болатын. Қозғалған мәселеге байланысты шара қолдануын өтінген тұрғындарға аудан әкімінің берген жауабы:

- Бұл жайттан хабардармын. Көзбен көргеннен соң жауапты тұлғалармен тікелей байланысқа шықтық. Олар жүк тиелмеген уақытта жолды пайдалануға рұқсат сұрап отыр. Егер жүгі бар жүк көліктерін көрген болсақ бейнедәлелдемелерді жинақтап, аудандық полиция бөлімі мен транспорттық инспекция арқылы мәселені шешетін боламыз,-деді.

Айтқандай, жиында бұдан өзге жалақы көтеру, ауылішілік жолдарға асфальт төсеу, балабақшаларға қосымша топ қосу және маңыздылығы жоғары мекемелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу сынды уақыт еншісіндегі мәселелер қозғалды.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы