Орал қаласында медицина қызметкерлері күніне арналып, өз жалауын түрген ашық қалалық спартакиада ойындарында Жалпақтал ауылында орналасқан Казталов аудандық №2 аурухана ұжымы 16 команда арасынан оза шауып жалпы командалық есепте бірінші орынмен жеңімпаз атанды.

Кәсіби мереке қарсаңында ақ халаттарын спорттық киімге ауыстырған медицина қызметкерлері «Атоян» стадионында спартакиада ережесіне сай жағажай волейболы, шағын футбол, асық ату, дартс, арқан тарту, жүгіру (эстафета) сияқты спорт түрлері бойынша өз бақтарын сынады. Аталмыш сайыста Казталов ауданының №2 ауруханасы командасы арқан тарудан ІІ орын, шағын футболдан І орын алса, жалпы командалық есепте 15 команданы артқа тастап жүлделі І орынмен, облыстық спартакиадаға жолдама алды.
Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлері дипломдармен, кубоктармен, медалдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Спартакиадаға қатысқан жерлестерімізді ауылдастар атынан жеңістерімен құттықтап, алда өтетін облыстық спартакиада ойындарында тек сәттілік тілейміз.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы