21.05.2025, 11:45
Оқылды: 207

Жымпитыдағы “Мұғалімдер ісі”

31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

 

(1937 жылдың баяны)

Қолымызға Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві, 786-қор, 1 тізбе, №225 іс тиген кезде мәтінімен, мәнімен танысып, екіұдай күйде қалдық. “Мұғалімдер ісі” . Істі болатындай жымпитылық мұғалімдер не істеген?! 

37 - жылдардың салқыны әлі жүректі тоңдырады. Жымпитылық мұғалімдер Алашорда үкіметін қолдағаны үшін және діни ұстанымына қатысты қудалауға ұшырапты. 1937 жылы 3 ақпан-25 желтоқсан күндері аралығында Орал облыстық білім басқармасының «...Кейбір білім беру қызметкерлерінің Алашордаға қатысы туралы, әлеуметтік шығу тегі және басқа да мәселелер туралы аудандық халыққа білім беру бөлімдерімен  хат алмасу» жүргізілген. PHOTO-2025-05-20-15-25-08

Аудандық білім бөлімі басшыларына «Батыс Қазақстан ОББ-на тез арада қарауыңыздағы алашордалық ұстаздардың аты-жөнін және олардың мектептегі жұмысының сипаттамасы мен мінездемелерін дереу хабарлауыңыз керек» деген білім басқармасы басшысының орынбасары Азаровтың  қолы қойылған хабарлама жіберілген.

Артынша, іле-шала «Бұрынғы алашордашыл, контрреволюциялық ұлтшыл топтардың қатысушылары болған директорлар, оқу ісінің орынбасарлары, тарих, қоғамтану, әдебиет пәндерінің мұғалімдері білім беру жұмыстарынан алынып тасталсын» деген облыстық комитет хатшысы  Құрамысов пен білім басқармасы басшысы Аюповтың қолы қойылған жедел хат жазылған.

Осы хатқа байланысты Жымпиты аудандық білім беру бөлімі тарапынан 1937 жылы 19 сәуір күні жауап хат жазылған. Ол хатта:

«Жымпиты ауданында бастауыш, толық емес орта және жалпы орта білім беретін мектептердің 107 мұғалімі жұмыс жасайды. Білім беру басқармасының қолында бар мәлімет бойынша жалпы мұғалімдер санының 15-20 пайызы алашордашылар және рухани молдалар.

Бастауыш мектептің 76 мұғалімінің ішінде тек қана 10 адамы орта білім алған, қалғандарының білімдері төмен, олардың көпшілігі 3-5-10 айлық мұғалімдерді даярлау біліктілік курсынан өткендер. Аталған 107 мұғалімнің ішінде тек қана 1 адам ғана партия (ВКП/б) мүшесі, алайда оның да арнайы дайындығы жоқ.

Жоғарыда аталған жайттар білім беру және саяси-тәрбиелік жұмыстарда кері әсерін беруде. Соңғы кездері алашордашыл және молдалар жұмыс жасайтын жекелеген мектептерде бұл жағдайлар анық көрініп отыр.»

Хаттың ішіне бұрынғы алашордашыл және рухани молдаларға жататын 19 мұғалімнің  аты-жөні, мектебі, бұрын кім болып қызмет жасағаны туралы тізім қоса жалғанады. Осы тізімдегі 4 мұғалімге арнайы мінездеме жазылған. Олар Букин Ыбыраш, Абилев Ғазиз, Джумабаев Газиз, Дабаров Хасан. Енді, тізімдегі мұғалімдерге жекелей тоқталайық.

1) Букин Ыбыраш (Ибраш) Сарбөпеұлы - 1894 жылы Жымпиты ауданы Сарой ауыл советінде (кей деректе Қособа ауылында) дүниеге келген. Батыс Алашорданың белсенді мүшесі, бұрын сотталмаған. 1922-1937 жылдар аралығында ВКПБ құрамында мүше болып, Жымпиты ауданында 7-8-сыныптардың математика пәнінің мұғалімі қызметін атқарған. Құжатта сонымен қатар, 1937 жылғы 28 наурызда өткен аудандық мұғалімдер кеңесінде сөйлеушілердің көпшілігі Ы. Букиннің Алашорда далалық сотының бас хатшысы қызметінде болғанын растаған (құжатта: генеральный секретарь полевого судьи Алашорды). Кейін 1937 жылы «Алашордашылармен сыбайлас» болғаны үшін жұмыстан шығарылған. 1937 жылы 13 қазанда облыстық НКВД тұтқындаған. 58-2, 58-11-баптар бойынша айыпталған. Батыс Қазақстанда диверсиялық, контрреволюциялық наразылық ұйымдастырған және контрреволюциялық ұлтшыл үгіт-насихат жүргізгені үшін айыпталып, ең ауыр үкім ату жазасына кесілген, мал-мүлкі тәркіленген. (УК РСФСР 58-2-11-бап). (БҚО НКВД басқармасы Үштігінің №7 хаттамасы, 30қыркүйек 1937 ж. №2463 іс). 1963 жылы 12шілдеде қылмыс құрамының жоғына орай іс тоқтатылып, ақталған.

WhatsApp Image 2025-05-21 at 10.43.58

2) Абилев Ғазиз - 1897 жылы Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданының Елтай ауылында дүниеге келген. Қазақ, білімді, оның ішінде діни сауатты, Алашорда мүшесі. Жымпиты орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін мешіт ұстаған, патша заманы және Алашорда өкіметі кезінде атағы жер жарған Әбіл хазіреттің баласы. Ғазиз Абилев ұзақ уақыт бойы Мәулімбергенов Қажығали хазіреттің қолында тәрбиеленіп, білім алған. 30-шы жылдары Жымпиты ауданының Елтай, Сасықкөл ауылдарында тұрған. «Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласпайды, Елтай ауылындағы рулық топқа басшылық жасайды, Ы.Букинмен байланыс ұстайды, соның көзқарасын қолдайды» деп көрсетілген. 1937 жылы сәуірде партия комитетінің көзіне ілініп, «бұрынғы Алашорда мүшесі, хазіреттің баласы, антисоветтік көзқарастағы ұлтшыл» деген желеулермен қызметінен шеттетілген. 1938 жылы 13 ақпанда Жымпиты аудандық УНКВД тарапынан тұтқындалған. 1938 жылы 15 ақпанда УНКВД Үштігінің шешімімен сотталып, ең ауыр үкім ату жазасына кесілген. 1958 жылы 13 қыркүйекте қылмыс құрамының жоғына орай іс тоқтатылып, ақталған. (БҚО мемлекеттік архиві, 786-қор, 1-тізбе, 225-іс, 105-106-пп.).

3) Жұмабаев Ғазиз қазақ, сауатты, діни білімді, Алашорда мүшесі. 1917 жылға дейін Бұқарада, Хиуада білім алған. 1917 жылы «хазірет» лауазымына ие болып, Батыс Алашорда басшысы Ж. Досмұхамедовпен бірге қоғамдық-саяси істерге араласқан. (Бұл екеуі де тана руынан болғандықтан, туысқан ретінде жақсы қарым-қатынаста болған). Ж. Досмұхамедовтің шақыруымен мешіттің имамы болып тағайындалып, Алашорда тарағанға дейін сонда қызмет атқарған. Жұмабаев Ғазиз хазіреттің екі әйелі болған, оның біреуі 1934 жылы қайтыс болған. Кеңес өкіметі орнаған 1920 жылдары 3 айлық мұғалімдер курсында білім алып, бұрынғы діни қызметін тастап, мұғалімдік қызметке ауысқан. Жымпиты аудандық білім беру бөлімінің басшысы Измаиловтың айтуынша, 1916 жылы Електегі 2 кластық орыс-қазақ училищесінің 2 жылдық педагогикалық курсын аяқтаған. 1936 жылы тамыз айынан бастап Тасқұдық ауылдық бастауыш мектебінің меңгерушісі, Бұлдырты бастауыш орта мектебінің директоры қызметтерін атқарған. «Тасқұдық мектебінде қызмет жасаған уақытта оқушылар арасында антисоветтік үгіт-насихат жүргізеді» деп жала жабылған. 1937 жылы сәуір айында НКВД тарапынан бақылауға алынып, кейін сотталған (БҚО мемлекеттік архиві, 786-қор, 1-тізбе, 225-іс, 105-106-пп.). Кейінгі тағдыры белгісіз.

4) Даваров Хасан (1900 ж, құжат бойынша 1905 жылғы) - Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында дүниеге келген. (Арыз Қаратөбе аймағынан жазылған болуы керек, дұрысында Жымпиты ауданы Қоспа жерінде дүниеге келген). Қазақ, орташа білімді, молда, 1917 жылға дейін арабша бала оқытқан, Алашорда жасағының мүшесі. 1926 жылы Орал қаласында бір жылдық мұғалімдер курсын аяқтап, мұғалім мамандығын алған. 1928-1929 жылдары Қаратөбе мектеп-интернатының меңгерушісі қызметінде жүріп, тәркілеу науқанына қарсы наразылық бүлік ұйымдастырып, сол үшін БК(б)П партия қатарынан шығарылған. 1930 жылы жаппай қоныс аударуды ұйымдастырып, өзі ортаңғы Еділ аймағына көшеді. Одан 1933 жылы кері Жымпитыға қайтып көшіп келіп, Көздіғара бастауыш мектебіне мұғалім қызметіне орналасады. К. Маркс бастауыш мектебінің 5-7-сыныптарында география және математика пәндерінің мұғалімі қызметін атқарған. 1937 жылғы 28 наурызда өткен аудандық мұғалімдер кеңесінде Ы. Букин мен Ғ.Жұмабаевты айыптап сөйлеушілерге қарсы шығып, «Олардың алашорда кезіндегі қызметтерін дұрыс бағаламадыңыздар!» деп жақтап сөйлеген. 1937 жылы «оқу-ағарту саласын алашордашылар мен діншілдер, молдалардан тазарту» жұмыстары кезінде НКВД тарапынан тұтқынға алынып, сотталған. Қылмыстық істе басқа мағлұматтар кездеспейді. (БҚО мемлекеттік архиві, 786-қор, 1-тізбе, 225-іс).

WhatsApp Image 2025-05-21 at 10.45.43

Дабаров Хасанның өмір жолын зерттеу барысымызда мынадай жайттар белгілі болды. 1937 жылы ақпан-наурыз айларында Дабаров Хасанның өткізген сабақтарына облыстық, республикалық инспекторлық тексерулер жүріп, үй қамақта болған. Тексерулер нәтижесі «оң» деп танылып, мұғалімдік қызметін қайта жалғастырады. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, «Ерлігі үшін», «Германияны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған. 1946 жылы «Білім беру ісінің үздігі» марапатымен марапатталды. Зейнеткерлікке шыққанша Бұлдырты мектебінде мұғалім, әрі кітапханашы болып қызмет жасады. Батыс Қазақстан аймағында алғашқылардың бірі болып жеке кітапхана ісін ұйымдастырды. 1982 жылы дүниеден озды.

Тізімде әлі де мұғалімдер бар. Олар - Сапа Тайров, Хасан Жаңатауов, Мария Анисова, Ізім Жаркеев, Қсжым Исмолдин, Есентай Үсенов, Мәлім Құрманғазиев,  Өтеш Байғабылов,  Хаби Мәулімбергенов,  Әбуғали Күзенов, Кенжағали Қаратаев, Біләл Қалымбетов және есімі беймәлім үш фамилия - Назаров, Шынаров,  Сүйінбаев. Газеттің келесі санында олардың да қолда бар өмірбаянымен бөлісеміз. Егер, Сізге аты - тегі таныс адамдар болса, ұрпақтарын танысаңыз, редакцияға немесе қорды “сөйлетуші” ретінде жеке маған хабарлассаңыз болады. Орақтың жүзінде, балғаның астында қалам деп қорықпай заманының көзіне тура қараған, сол қудаланған Жымпиты оқығандары туралы әлі талай жазылуы тиіс.

Мұқат Арыстанов, 

Қ.Мырзалиев атындағы ЖОББМ

тарих пәні мұғалімі,

Сырым ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале