9 мамыр, яғни Жеңіс күні - тек соғыс ардагерлерінің емес, тылда жұмыс істеген еңбеккерлердің де мерекесі. Ұлы Отан соғысы жылдары сарбаздар майдан шебінде аянбай, ақтық демі қалғанша жаумен күресті. Сол жылдары ауыл шаруашылығында жұмыс істеген ерлердің бәрін дерлік майданға алып кеткен еді. Ал олардың орнына ауылда жасы үлкен кісілер, әйелдер мен балалар қалды. Майдан даласында жаумен соғысып жатқан сарбаздарды осы тылда еңбек еткен қариялар, әйелдер мен кішкентай балалар азық-түлікпен қамтамасыз еткені тарихтан белгілі.

Тылда үлкендермен қатар еңбек етіп, өз үлесін қосқандардың бірі - Жеңістің 65, 70, 75, 80 жылдық мерекелік медальдарының, Әлия-Мәншүк атындағы «Қос Аққу» спорттық-патриоттық клубы медальдарының иегері Жансая Жақсығалиева. Жансая Жақсығалиқызы 1933 жылғы. Бұрынғы Жымпиты (Сырым) ауданы, Қособа ауыл кеңесінің (советі) тумасы. Ауылдық кеңесте Киров, Амангелді, Когонович деген қатарынан орналасқан 3 ұжымшар болған екен. Жансая әжеміз сол Когонович деген ұжымшарда дүниеге келіпті.

Тыл ардагерінің туған жылы ашаршылықпен тұспа-тұс келсе, Ұлы Отан соғысы жылдары мектепте оқыған. Ол әпкесімен бірге өздерінің тұратын жерінен 5-6 шақырым жерде орналасқан Амангелді мектебіне барып оқыпты. Негізінен тоғыз сыныптық Амангелді мектебі мұғалімдерді соғысқа алып кетуіне байланысты жеті жылдық мектеп болып қысқартылған. Әжеміз сол мектепте 7-сыныпты аяқтап, Бұлдырты ауылының мектебінде 8-10 сыныптарды бітіріпті. Жансая әже 1952 жылы мектеп бітіріп, Оралдағы пединституттың физика-математика факультетіне оқуға түскен. Онда оқытушылардың жетіспеуіне байланысты пәндердің кейбірін орысша, кейбірін қазақша оқыған. Оқуын бітіргеннен кейін оны Шыңғырлаудың Лубин деген ауылына жұмысқа жібергенде, «Өз ауылыма барамын» деп, Жымпитының Правда кеңшарындағы мектепке жұмысқа орналасып, екі жыл еңбек еткен.

- Оқуға барған кезімізде қалам, қағаз деген жоқ. Соғыс уақыты болды ғой. Табылған қағаздарға жаздық. Тіпті сөмкеміз де болмады. Қолдан басқан киізді тігіп, аузына үлкен ілгектер қадап, конверт сияқты етіп ұстайтынбыз. Ол кез - жоқшылық уақыт қой. Бірақ әкеміздің еңбекқорлығының арқасында жоқшылықты көп көре қойған жоқпыз, - деді Жансая Жақсығалиқызы.
Кейіпкеріміз негізінен 3 ағайынды. Ағасы 5-6 жасында ауырып, қайтыс болған. Ағасынан кейін алты жылдан соң әпкесі Мүслима дүниеге келіпті. Кейіпкеріміздің де, әпкесінің де тегі әкесінің атында. Оны әже: «Жалғыз ұлы қайтқасын әкеміздің атын жоймайық деп, тегімізді Жақсығалиева деп жаздырдық. Тұрмысқа шыққаннан кейін де тегімді өзгертпедім», - деп түсіндірді.

Тыл ардагерінің әкесі Жақсығали - кедей шаруа, жасы үлкендігіне байланысты соғысқа қатыспапты. Ал анасы Биғайша үй шаруасымен айналысқан. Анасы үйде болғандықтан, ұжымшар басшысы, «Қолың бос қой» деп, әкесі соғысқа кеткен, анасы ауырып қайтыс болған екі баланы үйіндегі сиырымен бірге әкеліп тастаған екен. Сол балаларды кейіпкеріміздің анасы бағыпты. Әженің айтуынша, баланың үлкені мылқау әрі 11 саусақты, ал кішісі тек 4-5 жасар болған екен. Соғыс болып жатқан қиын уақытта кейіпкеріміздің әкесі бір жылқыға екі бөлмелі үй сатып алған. Бір бөлмесінде өздері отбасымен тұрса, екінші бөлмеде әкесінің соғысқа кеткен бауырларының әйелдері, балалары және аналары тұрыпты.

Тыл ардагерінің балалық шағы оңай болмады. Ол ашаршылық кезді де, соғыстың зұлым уақытын да бастан кешірді. Жейтін тамақ, киетін киім болмаған кезді көзімен көрді. Тылда жұмыс істеген әр адам «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек еткені белгілі. Олардың бар мақсаты - соғыс аяқталып, жақындарының аман есен оралуы еді.

Жансая Жақсығалиева 1957 жылы ері Тажымұқанмен отау құрып, сегіз бала дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. 1959 жылы жолдасының жұмысына байланысты Шыңғырлауға қоныс аударыпты. Батыр анамыздың азаматы да ұстаз болған. Мектепте биология пәнінен сабақ беріпті. Әже отбасымен 2009 жылы Шыңғырлаудан Ақсайға көшіп келген.
Алтын құрсақты ана алты ұл, екі қызды өмірге әкелген. 92 жастағы Жансая әженің тұңғышының өзі 67 жаста. Үлкен қызы да анасы мен әкесінің жолын қуып, ұстаздық жолды таңдаған, директор, директордың орынбасары қызметтерін атқарған, қазіргі уақытта зейнет демалысында. Ең кенже қызы да ұстаздық жолды таңдап, әкесі сияқты биология пәнінен сабақ береді. Әженің балаларының бәрі оқуын бітіріп, жан-жақта компанияларда жұмыс істейді.

Батыр ана 50 жасында бес баламен зейнет демалысына шыққан екен. Бірақ жұмыстан қалмай, 1993 жылға дейін 37 жыл ұстаз болыпты. Сегіз бала дүниеге әкелген ана – «Күміс алқа» мен «Алтын алқа» иегері. Бүгінде балаларынан тараған 16 немере, 19 шөберенің қызығын көріп отыр. Осы жақында өзі оқып бітірген Бұлдырты мектебінің 100 жылдығына қатысып келіпті.
Басына қанша ауыртпалық түссе де мойымай, алдынан кездескен қиындықты жеңген батыр ананың өмірі - артынан ерген ұрпағына өнеге. Сұхбат соңында әже елімізге бейбітшілік, ашық аспан тілеп, өзі көрген қиын заманды бізге көрсетпесін деп, ақ батасын берді.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы