21.05.2025, 16:15
Оқылды: 174

Баспананың жоқтығы ауылға жас мамандардың келуіне кедергі

Аудан әкімінің кезекті есеп беру жиыны Янайкин ауылдық округінде жалғасын тапты.

IMG_20250521_133333_230

Округ әкімі Сәуле Аққайырова өткен жылдың қорытындысы мен биылғы төрт айда атқарылған жұмыстарды баяндап, 2025 жылы жоспарланған негізгі міндеттерді таныстырды.

– Былтыр Т.Бигелдинов атындағы орта мектепке Скворкин, Богатск елді мекендерінен оқушыларды тасымалдайтын УАЗ көлігін жаңарту ұсынылды. Осы мәселеге байланысты аудандық білім беру бөлімі облыстық білім басқармасына автокөлік сатып алуға бюджеттік өтінім жолдады. Нәтижесінде көлік жаңартуға қаражат бөлінді. Осы жылдың маусым айында Янайкинде фельдшерлік-акушерлік пункттің ғимараты бой көтереді. Сонымен қатар, Скворкин және Богатск ауылдарында суды жеткізуге арналған контейнерлік модульдер орнатылады. Аталмыш ауылдардың кіре-беріс жолдары жарықтандырылып, Скворкин ауылында балалар ойын кешені салынады, – деді Сәуле Қуанқызы.

Аудан әкімі Марат Тоқжановтың биыл төрт айдағы Бәйтеректің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасынан соң ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, жауаптарын алды. Мәселен, Т.Бигелдинов атындағы орта мектеп директоры Жасталап Сабыров педагог кадрлардың жетіспеушілігіне тоқталды. Оның айтуынша, ауылға жас мамандардың келуіне баспананың жоқтығы кедергі. Соған орай ауылдағы ескі жатақхана жөнделсе, оны жас мамандарға қызметтік тұрғын үй ретінде пайдалануға мүмкіндік туар еді.

Аудан әкімі бұл ұсынысты қолдап, үй мәселесінің ауылға жас мамандар тартуда үлкен кедергі екенін растады. Былтыр аудан бойынша 54 үй салынса, биыл 40 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жаңа үйлер көбіне көпбалалы отбасыларға беріліп отыр. «Жас мамандарға уақытша тұратын тұрғын үй мәселесін шешу үшін тиісті іс-шаралар қабылданады», – деген Марат Лұқпанұлы бала санының жетіспеушілігі себепті балабақша мәселесіне шешімін таба қоймағанын да жеткізді.

IMG_20250521_133359_509

Коммуналдық қызмет тарифтері мен азық-түлік бағасының жыл сайын өсуі де ауыл тұрғындарын толғандырады. Соған байланысты аудан басшысы тамақ бағасының бақылауы тек 19 түрлі әлеуметтік азық-түлік түріне қатысты екенін атап өтті. Қалған өнімдер бағаны нарықтық шарттарға сай белгіленеді. Сол себепті ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастап, сөйтіп азық-түлік өнімдерін өндіру туралы ұсынысын айтты.

-Ауыл тұрғындарын жан-жақты қолдау, ауылдық тауар өндірушілерін аграрлық бизнеске тарту, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бұл бағдарламаның берері мол. Осы бағытта еңбек етемін деген жандарды біз өз тарапымыздан қолдауға дайынбыз, - деді Марат Лұқпанұлы.

           Салтанат Серікбайқызы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале