Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті. Сондықтан, кез келген мемлекеттің толыққанды дамуы жолында мәдениет саласы ұмыт қалмайды. Оның ішінде ауыл мәдениетінің де алар орны ерекше. Жазушы Ғабит Мүсірепов «Біреулерді қызмет көріктендірсе, енді біреулер қызметке көрік береді» деген екен. Бұл сөз саналы ғұмырының 30 жылдан астамын аудан мәдениетіне жұмсаған Көпжасар ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Лаура Баймулдинаға арналғандай. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Лаура Мақсотқызы жайында қалам тербемекпіз.

Қазақтың күй анасы атанған Дина Нұрпейісованың жерлесі 1974 жылы ауданымызға қарасты Көпжасар ауылында дүниеге есігін ашты. 1980 – 1991 жылдары сол ауылдағы ұлы күйші атындағы орта мектепті және балалар саз мектебін бітірді. 1992 – 1995 жылдары Орал мәдени – ағарту училищесінің халық аспаптар бөлімінің домбыра класын аяқтап, 2002 – 2005 жылдары М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен «Мәдени – демалыс жұмысы» мамандығы бойынша жоғары кәсіби білімді мәдени жұмысын ұйымдастырушы мамандығын алып шықты. 1995 жылы алғашқы еңбек жолын Жаңақала аудандық мәдениет үйінен бастап, бір жылдан соң туған ауылына сүйемелдеуші боп қызметке тұрады. Ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсетуде алдына жан салмайтын маман мәдениет ошағына 2014 жылдан бастап басшылық жасайды. Мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырып, ауыл халқының рухани сұраныстарын қанағаттандырып келеді.
2014 жылдан бастап ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі лауазымын абыроймен атқаруда. Аудандық халық оркестрінің, халық хорының белді мүшесі, термеші, жоғары санатты мәдениет қызметкері. Төл перзент мәдениет үйінің жанынан домбыра, вокал, көркемсөз секілді үйірмелер ашып, тынбай еңбек етіп келеді. 1999 жылы құрылған «Ақ әжелер әуені» әжелер ансамбліне жетекшілік етіп, ансамбль 2018 жылы ҚР мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен «Халықтық» атағына ие болады. Ақ жаулықты аналарымыз күні бүгінде қоғамның бел ортасынан табылып, көпшілік шаралардан қалған емес.
Ауылдық мәдениет үйін біраз жылдан бері басқарып келе жатқан Лаура Мақсотқызы ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесінде "Үздік мәдениет қызметкер" төсбелгісінің иегері атанды. Сонымен қатар 2024 жылы «Үздік жыл мәдениет үйінің меңгерушісі» аталымына лайық деп бағаланды. Аудан, облыс басшылығы тарапынан ие болған көптеген алғысхат пен дипломды айтпағанда бұл өнер адамына берілген шынайы баға, көрсетілген зор құрмет.

– Отыз жылдан бері осы салада еңбек етіп келемін. Жүрек қалауыңмен жасаған еңбектің наны тәтті болады. Талай қиын кезеңді басынан өткерген мәдениет саласының ыстығы мен суығын көрдік. Бұрынғы уақытпен салыстырғанда мекеменің қазіргі жағдайы жақсы, 2009 жылы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Ескі ғимаратта отырып та, халыққа қызмет еттік. Ақылы қызмет көрсету жоспарын орындап, бөлім басшысынан марапат та алдым. Қазіргі талап та жаңашылдықты қажет етеді. Іздену, тынымсыз еңбек жетістікке жеткізетін жол. Тыңдармандарыңды таңқалдыру оңай емес. Шын талантты өнерде шыңдау, сахна мәдениетіне тәрбиелеу қажырлы еңбекті талап етеді. Ауылда жыл сайын ауылдық, аудандық көлемде мәдени іс-шараларды өткізіп келеміз. Ауқымды шаралардың қатарына биыл Дина Нұрпейісованы еске алуға арналған «Күй қайнар» жас домбырашылар байқауын жатқызуға болады. Жас өрендер қара домбыраның шанағынан құйқылжыта күй төккенде жүрегіміз тулап, көңіліміз бір серпіліп қалды. Барлығы тұрғындардың көңілінен шығып жатса, біздің еңбектің ақталғаны, – дейді мәдениет майталманы Лаура Баймулдина.
Бір сәтке де тынбайтын, өмірін мәдениетсіз елестете алмайтын ер мінезді нәзік жан түздің де, үйдің де тірлігін дөңгелетіп, шаруаны ширатып жүр. Ауласына мал ұстап, сүтін сапырып, майын былғап, құртын жасап та үлгереді. Мәдениет үйінің ішкі жұмысымен қатар сыртқы шаруасына да бел шешіп кірісіп, азаматтармен иық тіресе еңбек етеді.
Мәдениет үйі - қазіргі кезде ауыл орталығындағы көрікті де әсем ғимараттың бірі.
- Лаура Мақсотқызы көп жылдан бері мәдениет үйін басқарып келеді. Табанды, қайсар, мінезімен ауылдың өнерін, мәдениетін асқақтатуда үлесі мол. Ол әр шаңырақты жаяу аралап, қарапайым тұрғындардың тасада қалған таланттарын жарыққа шығарып, сахнаға баулып, көременнің жоғары бағасы мен ыстық ықыласына ие болуда. Аядай ауылдан келіндер, әжелер, балалар үйірмесін ашып, әжелер ансамблінің «халықтық» атағын алуда зор еңбек сіңірді. Мәдени шаралардың ортасынан табылып, құрмет төрінен талай мәрте орын алып жүр. Кішкентай бүлдіршіндерге де, ауыл жастарына да көңіл бөліп, мультфильм, кино ұйымдастырып, мерейтойлық, мерекелік кештерді, байқауларды шет қалдырған емес. Бұл Лаураның өз мамандығына деген махаббаты деп білемін. Өнер деген құдіретті күшке ие әпкеме тек өрлеу тілеймін,- деп ауылдасы Ақмарал Қамиденқызы ақ тілегін жолдады. Ал әріптесі, аудандық мәдени-демалыс орталығы көркемөнерпаздар бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Хамзин былай дейді:
- Мәдениет – ұлттың рухани өзегі, елдің еңсесін көтеріп, болмысын биіктететін ұлы күш. Осы қасиетті салаға мәдениет ардагерінің бірі – Лаура Баймулдина 30 жылдан астам ғұмырын арнап келеді. Жұмысына адал, тиянақты әріптесімізден үйренеріміз мол. Домбыраның құлағында ойнап, әсем даусымен көрерменнің көзайымына айналып, тыңдарманның жүрегіне жол тауып жүрген жан. Лаура Мақсотқызы Көпжасар ауылдық мәдениет үйіне қызметке келгеннен бастап талай балғынның қанатын қатайтып, шәкірттері бүгінде үлкен сахналарды бағындырып жүр. Кісілігі мен кішілігі қатар жарасқан, табиғаты таза жан ретінде көпке үлгі.

Лаура Мақсотқызы сөз соңында Әбуғали Шаһидолла, Сыйлыбай Сисенов, Ерген Мусин, Бейбіт Ғұмаров, Дархан Сұлтанов, Жамбыл Сүйінов, Қадырбек Аюпов, Меңдібек Тілекқабылов, Махамбет Бесбаев, Алексей Зейнелов, Амандық Бисенғалиев, Сәбит Төлеуов, Аңсар Сариев, Жәнібек Дүйсенғалиев сынды ауылдың атымтай азаматтары ауыл тұрғындарына мәдени қызмет ұйымдастыруда қашанда қолдау танытатынын тілге тиек ете кетті.
Өз саласының мақтанышы, іскер ұйымдастырушы Лаура Баймулдинаның өнегелі өмірі осылай өріліп келеді. Кәсіби мерекеңіз құтты болсын, мәдениеттің марғасқасы!
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы