24.05.2025, 11:00
Оқылды: 425

Казталовта әнші-сазгер Әділбек Сүлейменовтың шығармашылық ән кеші өтті

Кеше Казталов ауданы орталығындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, композиторлар одағының мүшесі, әнші-сазгер Әділбек Сүлейменовтың 70 жас мерейтойына арналған «Әкем — әнім» атты шығармашылық ән кеші өтті.

photo-output

Әділбек Нәсекенұлы өзегі жеті нотаны жүректерге жеткізе білген, саналы ғұмырын өнерге арнаған ерекше жан. Оның шығарған әуезді әндері өнер сүйер халық үшін баға жетпес асыл қазына. Ол тек ән жазып қана қоймай, оны тыңдарманның жүрегіне жеткізе білді.

Шығармашылық кеш Әділбек Сүлейменовтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликпен басталды. Республикалық байқаулардың лауреаты Асхат Нығметов «Оралым достық қаласы» әнін (сөзі Қ.Қуанов, әні Ә.Сүлейменов) шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Әр адамның жүрегінде туған жер ең қасиетті мекен болып саналады. Сазгердің жерлестері Гүлсезім Айтмағамбетова мен Самиға Әліпқалиева «Қаракөлім» әнін (Сөзі Б.Ырзабаев) әдемі әуелетіп, композитордың туған еліне деген сағынышын жеткізді.

Кеште Оралхан Ерғалиев пен Балғаным Ғұбашеваның орындауындағы «Бауырым жүрегімсің Казталовка» әні (Сөзі А.Шахин), Халықтық «Гүлдерайым» әжелер ансамблі және «Айшуақ» әжелер ансамблінің бірлесе шырқаған «Қариялар» әні (Сөзі Б.Ырзабаев, сырнаймен сүйемелдеуші Е.Темірғалиев) тыңдарманға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

«Ерең Еңбегі үшін» медалінің иегері, Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаты, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филормониясының әншісі Айбар Хайырханов кең диапазонымен сазгердің «Хадиша апа», «Қоштасудың қиын-ай»,«Ауылдан хат», «Қазақстан құрылысшылары», «Верные отечеству» атты әндерін шебер орындап, өнер сүйер қауымның құлақ құрышын қандырды. Шығармашылық кеште Ақжайығын әнімен тербеген Әділбек Сүлейменовтың әуезді әндері біраз шырқалды. Атап айтар болсақ, Балғаным Ғұбашеваның орындауындағы «Кешігіп келген махаббат», Оралхан Ерғалиевтің орындауындағы «Мөлдір қыз», Мерболат Қабошев айтқан «Арман жылдар» әндері көрерменді саз әлеміне жетеледі.

Сонымен бірге кешке қатысқан Тасқала ауданының құрметті ардагері, «Халық құрметі» төсбелгісінің иегері Жаңылай Арыстанова мен республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы Бақытханым Сәрсенғалиеваларды кеш иесі өзі сырнаймен сүймелдеп, «Ағайын тірлігінде», «Құрдастар» әндері сахна төрінде шырқалды.

Казталов сахнасында барша қазақтың сағынышы болған «Әкем — әнім» әнін Мұрат Ахметов көрерменге тарту етті.

photo-output

Кеш соңында Казталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев есімі өңір жұртшылығына танымал Әділбек Сүлейменовты мерейтойымен құттықтап, иығына қазақы нақыштағы шапан жауып, алғысхат табыстады. Ақжарма тілегін арнаған жерлесі Гүлімай Базартаева да өнер иесін құттықтап, естелік сыйлық табыстады.

photo-output

Өнер саласында өзіндік қолтаңбасы бар Әділбек Сүлейменовке ел азаматтары жерлестері атынан өнерде оза шапсын деген ниетпен тұлпар мінгізді.

Гүлнұр Сәуірғалиқызы
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале