Кеше Сырым ауданы әкімдігі Орал қаласындағы жерлес ардагерлер үшін жылы жүздесу ұйымдастырды.

Аға буынның айтар ақылы, көрсетер үлгісі жетерлік. Әсіресе, түрлі салаларда басшылық қызметте болған, “сырттың да, іштің де”, даланың да, кеңсенің де жұмысына қайнап - піскен ағалардан бүгінгі атқамінерлер үйренер қасиет көп. Мақсат - ел қызметіндегі ізгі жолды жалғау.
Сырымдық ардагерлердің күні Орал қаласындағы “Жайық Арена” көпбейінді спорт кешенінде басталды. Қазыналы қариялар жаңадан бой көтерген кешенге экскурсия жасап, күнделікті тыныс тіршілігімен танысты. Айта кетейік, нысанды осыған дейін Сырым ауданында әкім орынбасары болып қызмет еткен Артур Шерғалиев басқарады.
Көпбейінді кешенде аудандық Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің жанындағы “Қайсар” спорт клубы және “Демалыс орталығы” ұйымдастыруымен мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған ардагерлер арасында спорттық жарыстар ұйымдастырды.
Жарыстың ашылуында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов, “Жайық Арена” көп бейінді спорт кешенінің директоры Артур Шерғалиев сөйледі.
Шараға Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева, БҚО Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, қалалық филиал төрағасы Мынатаубиік Анесов, кеңестің аудандағы өкілі, журналист Мүсірбек Айташев қатысты.
Қариялар асық ату, үстел теннисі және дартстан өзара мықтыны анықтады.
Түскі уақытта ардагерлер үшін ерекше құрметпен “BEEF Assorti” мейрамханасында аудан әкімі атынан ақ дастархан жайылды. Жұмагелді Батырниязов үлкен буынға ілтипат білдіріп, еңбектері үшін алғыс айтты. Сөз арасында аудан басшысы қаладағы жерлестер Сырым ауданында атқарылған және жоспардағы жұмыстармен таныстырып, елдің жайын да айта отырды.
Қондыкер Елеуов
Сырым ауданы