Жаңақала ауданында мектепті тәмамдағанына 30 және 40 жыл толған түлектер аудан орталығының кіреберіс қақпасы маңына «Киіз үй жобасы» аллеясын салып, елге ерекше тарту жасады.

Жоба мақсаты – аудан орталығында ауыл азаматтарының демалысын ұйымдастыру, көгалдандыру, жас ұрпақты қазақтың қара шаңырағы киіз үй мен киелі домбырасын дәріптеуге шақыру, Отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Ұлттық нақышта безендірілген аллеяның құны - 10 миллион теңге. Ауданы 720 шаршы метрді құрайтын аллеяның ішінде биіктігі 3 метр 60 см болатын 8 қанатты темір киіз үй мен қазақтың ұлттық аспабы домбыра орналасқан. Бұл игі іс түлектердің туған жерге деген құрметі мен перзенттік парызын көрсетеді.
Аллеяның ашылу салтанатына Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев арнайы қатысып, түлектерге елге жасаған үлгілі істері үшін алғыс айтты. Аудан басшысы өз сөзінде:
- «Туған жерге туыңды тік» деген халқымыздың ұлағатты сөзіне сай, сіздер елге үлгі боларлық игі іс жасап отырсыздар. Бұл — тек бір реттік шара емес, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі бастама, - деп атап өттіп, алғысхат табыстады. Келесі болып сөз алған Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ақын Закария Сисенғали түлектердің игілікті ісіне ризашылығын айтып, аллея тек көріктендіру нысаны ғана емес, сонымен бірге рухани-мәдени мұраны ұлықтайтын ескерткіш екенін тілге тиек етті.
Ел игілігіне берген нысанның салтанатты лентасын ауданымыздың құрметті азаматы Закария Жүсіпқалиұлы мен ардагер ұстаз Жансалқам Рақымғалиқызы қиып, «Айзере» әжелер ансамблінің ақ жаулықтылары шашу шашты.
Иә, түлектер тарту еткен киіз үй аллеясында Қазақстанның халық жазушысы, абыз тұлға Әбіш Кекілбайұлының «Күй астанасы – Жаңақала» деген қанатты сөзі, сондай-ақ арнайы жасалған домбыра сағасына қазақ күй өнерінің ұлы тұлғалары – Құрманғазы, Мәмен, Динадан бастау алып, сол дәстүрді Тоғайбай, Оқап, Қали сынды тарландар жалғастырғаны, ал олардың ізін Тұяқберді, Шамғон, Мамай сынды күй тарланбоздары жалғағанын көрсетіп бедерленіп жазылған. Түлектердің тартуымен салынған аллеяда тек рухани емес, экологиялық тұрғыдан да мәнге ие болды. Алаңды абаттандыру жұмыстары аясында 78 түп ағаш отырғызылып, көгалдандыру шаралары жүргізілген.

Салтанатты шарада түлектер атынан сөз сөйлеген Ерлан Абдиров киіз үй аллеясы жобасын жүзеге асыру барысында ақылдасып, қолдау көрсеткен барша ауыл азаматтарына алғыс білдірді. Киіз үйдің дәнекерлеу жұмыстарын сапалы орындаған, Кеңес Одағының Батыры Мәжит Жүнісовтің ұрпағы Нұрбек Жүнісовке ерекше ризашылығын білдіріп, оған естелік сыйлық табыс етті. Сонымен қатар, аллеяны ресми түрде ауыл игілігіне беру мақсатында киіз үй макеті жобасының құжаттарын ауылдық округ әкімі Ақан Қапановқа табыстады.
Бұл – Жаңақала топырағының күй дәстүріндегі тарихи жалғастығын айшықтап, мақтаныштарымызды ұлықтауға бағытталған тағылымын көрсетіп, аудан орталығының экологиялық ахуалын жақсартуға және жасыл желек санын арттыруға бағытталған игі іс болды. Түлектердің туған жерге деген қамқорлығы табиғатқа жанашырлықпен ұштасып, ауданның келбетіне сән беріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жаңа демалыс орнына айналуы болашақтың ісі. Болашақ түлектерге челлендж етіп, ауылдастарына күтіп ұстауға аманаттаған түлектер осылайша жастарға үлгі болып, ұрпақтар сабақтастығын тереңнен танытты.
Сыйлыхан Жұмасалық
Жаңақала ауданы