«Жұмысшы мамандықтар жылына» орай Бөрлі ауылындағы «Бөрлі» спорт кешенінде «Еңбек кубогы - 2025» атты аудандық спартакиада оздырылды. Спартакиаданы аудандық Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұйымдастырды. «Еңбек кубогы - 2025» жұмысшы өндірістік мекеме қызметкерлері мен жұмыссыз жастар арасында жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрге айналған жарыс.

Жарыстың ашылу салтанатына Бөрлі ауылдық округінің әкімі Әзілхан Зарифов пен Бөрлі орман шаруашылығының директоры Төрехан Тальманұлы қатысып, қатысушыларға сәттілік өтеді. Жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мен спорттық шеберліктерін шыңдау мақсатында өткізілген спартакиада «Шағын футбол», «Гір көтеру», «Арқан тартыс» кезеңдерінен тұрды. Аудандық спартакиадаға 6 команда қатысты. Атап айтсақ, Бөрлі ауылдық округінің «Электрик», Қанай ауылдық округінің «Механик», Бумакөл ауылдық округінен «Агроном», Кеңтүбек ауылдық округінің «Құрылысшы», Пугачев ауылдық округінің «Теміржолшы» және Ақсай қаласынан «Дәнекерлеуші» командалары.
Спартакиаданың «Гір көтеру» кезеңі бойынша кеңтүбектік «Құрылысшы» командасы жеңіске жетті. Ал екінші және үшінші орындарды ақсайлық «Дәнекерлеуші» мен бөрлілік «Электрик» командалары бөлісті. «Шағын футбол» ойынында бумакөлдік «Агроном» І орынға, ақсайлық «Дәнекерлеуші» ІІ, ал бөрлілік «Электрик» ІІІ орынға ие болды.
Нағыз команданың күшін көрсететін «Арқан тарту» кезеңінде бумакөлдік «Агроном» мықтылықтарын танытты. ІІ орынға «Электрик», ІІІ орынға ақсайлық «Дәнекерлеуші» командалары орналасты. «Еңбек кубогы - 2025» спартакиадасының қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Бумакөл ауылдық округінің «Агроном» командасы ұйымшылдықтарын танытып, қарсыластарын шаң қаптырып 81 ұпаймен І орынға ие болды. Ал Ақсай қаласының «Дәнекерлеуші» командасы 75 ұпаймен ІІ орынға ие болса, кеңтүбектік «Құрылысшы» командасы 72 ұпаймен ІІІ оырнмен марапатталды.

Жеңімпаздарды Бөрлі ауылдық округінің әкімі Әзілхан Уәлиханұлы мен аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Толқын Абайқызы жеңістерімен құттықтап, жүлделі орындармен марапаттады.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы