27.05.2025, 15:15
Оқылды: 349

«Атамекендегі» фотокөрме

 

Таяуда «Атамекен» өнер ордасында облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен ерекше әсерлі, терең мағынаға толы көрме ашылды. Бұл – кәсіби фотограф, хронодокументалист, фототілші Мұрат Мәмбетовтің «Қазақстан дәуірлер тоғысында» атты жеке фотокөрмесі.

DSC03453

Мұрат Мәмбетов – есімімен де, еңбегімен де елге танымал тұлға. Ол – бір сәтті ғана емес, тұтас дәуірді «тоқтатып», фотоға сыйғыза алатын, көрерменді ойға, сезімге жетелейтін ерекше шебер, фотожурналистиканың майталманы, визуалды антропология бағытындағы танымал өкіл. Көрме бірнеше маңызды тақырыптық бөлімнен тұрады: «Кеңестік Қазақстанның соцреализмі», «Тәуелсіз Қазақстанның демократияға алғашқы қадамдары», «Қазақстан. Мәдени мұрасы мен дәстүрлері» және «Арал қасіреті».

DSC03450

– Бүгін облысымызда маңызды әрі рухани мәні зор мәдени іс-шара бастау алуда. Бұл – өнер мен тарих тоғысқан ерекше күн. Құрметті Мұрат аға, елге қош келдіңіз! Сіз – өңіріміздің ғана емес, күллі еліміздің мақтанышысыз. Сіздің фотоөнердегі жолыңыз – еліміздің өткені мен бүгінін, адам мен қоғам тағдырын шынайы әрі әсерлі жеткізген, терең мазмұнмен көмкерілген рухани шежіре.

DSC03412

Фотосуреттеріңізге қарап отырып, біз уақытпен сырласамыз, халықтың үні мен жүрек лүпілін сезінеміз. Бұл көрме – тек аутордың жеке жетістігі емес, бұл – ұлт руханиятына қосылған салмақты  үлес. Мұнда фотосурет шеберінің нәзік сезімі, қоғам алдындағы жауапкершілігі, тарихи оқиғалар мен тұлғаларға құрметі айқын көрінеді. Әрбір кадр – көркемдікпен қатар, өмірдің өзінен алынған шындықты, тағдырларды, үміт пен өзгерістерді баяндайды. Бүгінгі көрме көрерменге эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, өткенімізді тануға, бүгінімізді бағалауға, болашағымызды пайымдауға мүмкіндік береді. Сізге зор шығармашылық шабыт, мықты денсаулық, жаңа табыстар тілейміз. Өнеріңіздің өрісі кеңейе берсін! – деген облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов көрме иесіне облыс әкімінің алғысхатын табыстады.

Айта кетейік, Мұрат Мәмбетов 1955 жылы Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, Каменка ауылында дүниеге келген. Каменск орта мектебін тәмамдағаннан кейін ауыл шаруашылығында еңбек етіп, кейін әскер қатарына шақырылады. Ал оның фотоға деген әуестігі сол жас кезінен басталған. Бір сурет – мың сөздің орнын басатынын алғаш білген сәттен бастап, оның өмірлік бағыты айқындалды. Уфа қаласындағы полиграфиялық техникумда фототілші мамандығын меңгеріп, кәсіби білім алды. Сол уақыттан бері фотография – оның кәсібі ғана емес, жан дүниесінің тіліне айналды.

DSC03424

– Мен оның өмірін үш негізгі кезеңге бөліп қарар едім. Алғашқысы – еңбек жолын бастаған облыстық «Орал өңірі» газеті мен телеарна.  Екіншісі – Алматыға көшіп келген кездегі Шаханов Мұхтар ағамен танысуымыз. Ол кісі Мұратты «Жалын» газетінің редакциясына жұмыс істеуге шақырды. Сол уақыттарда ол еліміздің небір әдебиетшілерімен танысты. Олардың ішінде Олжас Сүлейменов, Шыңғыс Айтматов бар еді. Осы жерде отбасылық бір оқиғаны баяндай кетейін. Ұлымыз болса, атын Мұхтар қоямыз деп армандаушы едік. Себебі ол кісіні қатты құрметтейтінбіз. Сөйтіп, Шыңғыс Айтматовпен бір дастарқан басында отырғанымызда, Мұхтар ағамыз «Ұлдарың болса, атын Шыңғыс қойыңдар» деді. Қазір Шыңғыс деген ұлымыз, Айгүл деген қызымыз бар. Және үшінші кезең 1985 жылы – сол кездегі ең беделді ақпарат агенттігі ҚазТАГ-ТАСС құрамына фототілші болып қабылдануы. Бұл – ел өмірінің ең маңызды, тарихи сәттерін объектив арқылы шынайы әрі әсерлі жеткізудің жаңа кезеңі болды. 1995 жылы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне шақырылып, мемлекет деңгейіндегі маңызды іс-шараларды түсіруге мүмкіндік алды, – дейді фотографтың жары Жанат Бадырленова.

DSC03402

Мұрат Мәмбетов 1998 жылдан бастап толықтай жеке шығармашылыққа бет бұрады. Осы кезеңде оның ауторлығымен жарық көрген «Спорттық Қазақстан» және «Арал – КСРО мұрасы» атты фотоальбомдар ТМД көлеміндегі марапатқа ие болды. Көрмені 23 маусымға дейін «Атамекен» өнер ордасының 2-қабатынан тамашалауға болады.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале