28.05.2025, 0:00
Оқылды: 150

«Сырым елін» орынборлықтар да оқиды

Оралмен шекаралас аймақта орналасқан Ресей Федерациясы, Орынбор облысының Елек ауданындағы қандастарымыз қазақы тілде шығатын «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетін бірде-бір санын жіберместен оқиды екен деген хабарды құлағымыз шалғанда таң қалдық әрі қуандық та.

photo-output

Ал, осы жағымды жаңалықты жалпақ жұртқа жария етуде , тіпті аудандық газеттің таралымын әр жылы көбейтуде жарғақ құлағы жастыққа тиместен жұмыстанып жүрген елтайлық пошташы Шандоз Батиеваны ерекше атар едік

Шандоз Машанқызы Елтай ауылдық округіндегі байланыс бөлімшесінің меңгерушісі ретінде 40 жылдай маңдай терін төгіп еңбек етіп жүрсе , оның алдында сауда саласында 10 жыл , электр жүйесінде 12 жылдай еңбек еткендігін де айта кеткен жөн.
Ал, 40 жылдай байланыс саласында қызмет атқарып, республикалық, облыстық, аудандық газеттерді оқырмандар арасында жаздырып, таратудағы Шандоздың өзіндік қолданар тәлім-тәжірибесі, халық пен жатық тілде сөйлесу әдісі тым ерекше , бөлек-ақ.
Мысалы, 1983 жылдан бері байланыс саласында қызмет атқарып келе жатырған Шандоз Батиеваның жоспарлы басылымдарды орындамай қалған кезі болмапты, меже үнемі асыра орындалған
Ал, бұл үрдіске ол қалай қол жеткізіп отыр ?
Оның да сырына өзімен әңгімелескенде қанықтық
- Менің достарым, құрдас, замандастарым көп, олар үнемі мені қолдап, жұмысымның алға басуына жәрдемші болуда.
Мысалы, жымпитылық құрдастарым Нұртілеу Жұмағалиев, Бақыт Сейітжанова, Мақпал Теміралиева, Сәуле Жүсіпқалиева, Орал қаласынан Қаламсия Ақмалиева, Сандуғаш Саменова үнемі менімен хабарласып , аудандық газетке ұйымдасқан түрде жазылады.
Ал, Орынбордың Елек ауданына қоныс аударып , шаңырақ көтерген қазақ қыздары — Алуа Андарова, Ақзила Нұржанова, Бақыт Қосдаулетова отағасылары орыстілді ағайындар болса да «Сырым елі» жылда жаздырып алады.
Бұл үрдіс мен үшін де әбден қолайлы «Бір оқпен екі қоянды атқандай» округке берілген басылым жоспары орындалады, әрі өзім жазылушы тараптың мекенжайын мұқияттап жазып, жеткізілуін де қадағалап отырамын, – дейді Шандоз Машанқызы.
Міне, жергілікті басылымды қолдау, оған оқырмандарды тарту бағытындағы елтайлық байланыс саласының ардагері Шандоз Батиеваның оңды да құптарлық тәжірибесі осындай.

Мүсірбек Әлібекұлы
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале