
«Біріншісі – пациенттерді цифрлық сәйкестендіру. Былтыр біз бұл жобаны пилоттық режимде іске асырғанбыз. Жоба қазірдің өзінде 1 800-ден астам медициналық ұйымды қамтыды, жүйені күн сайын 80 мыңнан астам қызметкер пайдаланады. Жыл басынан бері олар 66 млн астам қабылдау өткізді. Нәтижесінде медициналық қызметтер көлемі 11,5%-ға азайды. Жүйе заңсыз көрсетілетін қызметтің көлемін азайтты. Қаржы жағынан бұл 2,5 млн теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік берді», – деді спикер.
Медициналық қызметкерлер әртүрлі ақпараттық жүйелердегі құжаттарды немесе қағаз құжаттарды толтыруға көп уақыт жұмсайды. Осыған орай, медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялау және модернизациялаудың арқасында медицина қызметкерінің жүктемесі 40%-ға азайды. Осыған дейін дәрігерлер 4 ақпараттық жүйеде жұмыс істесе, қазір біреуін ғана қолданады.
Сондай-ақ медициналық құжаттар, анықтамалар цифрлық форматқа ауыстырылып жатыр. Қазірдің өзінде 5 құжат цифрлық форматта ұсынылады. Осы жылы тағы үшеуін ауыстыру көзделген. Бұрын тек қағаз жүзінде ресімделген медициналық анықтамалар — мысалы, 073/у (көлік жүргізу үшін), 075/у (медициналық тексеру), баланың денсаулық паспорты және жеке жұмысшыларға арналған медициналық кітапшалар енді электронды форматта қолжетімді. Оларды eGov арқылы алуға болады. Бұл ыңғайлы әрі заңсыз беріліп жатқан құжаттар айналымын қысқартуға мүмкіндік береді.