28.05.2025, 16:45
Оқылды: 613

Казталовта танымдық жоба мәресіне жетті

Казталов аудандық орталықтандырылған кітапханада ауданымыздың дамуына өзіндік үлестерін қосып, еңбектің ерен үлгісін көрсетіп жүрген бір топ аға-апаларымыздың еңбектерін өскелең ұрпаққа таныстырып, үлгі ету мақсатындағы «Ауылымның жауһарлары» және «Мәдениет майдангері» танымдық жобасына қатысушыларын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. 

image-28-05-25-03-25-4-2

Салтанатты іс-шара «Ақторғын» ансамблінің орындауындағы «Ауылдың адамдары» әнімен басталды.

Аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің алтын қоры саналатын ардагерлер зейнетке шықса да жас ұрпаққа тәрбие беруде белсенділік танытып жүрген Мәруа Бекболатқызы, Жаңылсын Ғатауқызы, Жамила Айболатқызы, Мағия Қадерқызы, Нұрбике Қажығалиқызы, Баян Ибатоллақызы, Ақзия Шонбайқызы, Шолпан Серікбайқызы, Баян Құбайқызы, Зәуреш Базарғалиқызы, Бақытханым Файзоллақызы, Оразғали Нұритденұлына алғысхат пен гүл шоқтарын табыстады.

Халықаралық, облыстық байқаулардың жүлдегері «Ардагерлер әуені» вокалдық тобы әні мен сөзі Қамяр Құлмұхамбетовтің «Ардагерлер маршы» әнін (сырнайды сүйемелдеуші «Ақторғын» ансамблінің жетекшісі Өтеген Шоқпанов, топ жетекшісі Н.Хабаибуллина) орындап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шарада Баян Қабиева да өзінің «Бақытты жан екенмін» әнін әуелете шырқады.

казталов

Бұл екі жоба да әр түрлі сала мамандарына көрсетілген құрмет пен қолдаудың керемет үлгісі. Қос жобаның авторы, Халықтық «Гүлдерайым» әжелер ансамблінің және «Ардагерлер әуені» вокалдық тобының жетекшісі, аудандық «Әжелер төралқасы» қоғамының төрайымы, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Нұрия Самиғоллакызы құттықтау сөз сөйлеп, ауданның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген жандарға алғысын білдірді.

Мерекелік шара Республикалық байқаулардың жүлдегері Халықтық «Гүлдерайым» әжелер ансамблінің орындауындағы «Жолыққан қандай жақсы» әнімен аяқталды.

 

Гүлнұр Сәуірғалиқызы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале