30.05.2025, 10:15
Оқылды: 265

Әкімдер инвестиция тартуға күш салу керек

Облыс әкімі аппаратының  кеңесінде  өңір  басшысы  Нариман Төреғалиев  аудан  әкімдеріне  және  басқарма  басшыларына жеке инвестиция тартумен  тиянақты  айналысуды  тапсырды. Кеңесте  биылғы  қаңтар-сәуір  айларының  қорытындысы  бойынша  облыстың  әлеуметтік-даму  көрсеткіштері  айтылды. Аудан басшылары  басқосуға қашықтан қатысты.

WhatsApp Image 2025-05-26 at 10.11.48 (1)

Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаеваның баяндауынша, төрт айдың қорытындысында өңір экономикасының барлық саласында оң динамика байқалады. Тұрғын үйді пайдалануға беруден басқа сегіз негізгі көрсеткіште өсім бар.

Атап айтқанда, өнеркәсіп – 4,5%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 30,1%-ға, ауыл шаруашылығы – 1,7%-ға, негізгі капиталға инвестициялар – 4,7%-ға, құрылыс – 30,7%-ға, ішкі сауда – 4,4%-ға, көлік қызметтері – 3,7%-ға, байланыс қызметтерінің көлемі 2,7%-ға өскен.

Биылғы қаңтар-сәуірдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 104,5% немесе 1314,4 млрд теңге. Өнеркәсіп өнімінің көлемі жеті ауданда – Бөрлі, Жәнібек, Бәйтерек, Казталов, Тасқала, Теректі, Шыңғырлауда және Орал қаласында артқан. Ал Ақжайық (10,2%), Бөкей ордасы (4,4%), Жаңақала (2,3%), Қаратөбе (2,5%) және Сырым (30,6%) аудандарында  төмендеген.

Өңдеу өнеркәсібінде нақты көлем индексі 130,1% (111,4 млрд теңге) деңгейінде белгіленген. Дайын металл бұйымдар – 16,3 есе, мұнайды қайта өңдеу өнімдері – 2,3 есе, металл емес минералдық өнімдер – 1,5 есе, металлургия өнеркәсібі – 12,1%, машина жасау – 7,0%, тамақ өнімдері өндірісінің 7,4%-ға өскені байқалады. Өңдеу өнеркәсібінде Бөрлі ауданы (31,7%) көш бастап тұр. Бұдан соң Бәйтерек (20,1%), Казталов (27,5%), Тасқала (6,2%), Жәнібек (5,4%), Теректі (2,6%) аудандары мен Орал қаласы (1,5%) бар.

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің нақты көлем индексі мал шаруашылығы өнімі өндірісінің 1,8%-ға өсуі есебінен 101,7%-ға (45,2 млрд теңге) жеткен. Бұл саладағы өнім өндіру көлемі Казталов ауданында төмендеген. Басқарма басшысы айтып өткендей, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 148,1 млрд теңге немесе 104,7%. Ал кәсіпорындардың меншікті қаражаттары есебінен инвестициялардың 7,3%-ға төмендегені байқалады. Өңірдегі құрылыстың көлемі – 56,4 млрд теңге немесе тиісті кезеңде 30,7%-ға өсіпті. Облыста 125,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ақжайық, Бөкей ордасы, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Бәйтерек, Казталов, Сырым, Тасқала және Теректі аудандарында баспана беруден  оң  серпін  байқалады.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев экономикалық кейбір көрсеткіштері төмен немесе жоспарлы жұмысты тиісінше орындамаған аудандар басшыларының сөзін тыңдады. Олардың қатарында Ақжайық, Жаңақала, Казталов, Бөрлі, Бәйтерек, Бөкей ордасы және Қаратөбе аудандарының әкімдері бар. Өңір басшысы аудандардағы бірекі ірі қожалыққа байланып отырмай, жаңа кәсіпорындар ашу керек деді. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібіне басымдық беру қажет. «Ауданнан шықпай, не істеп отырсыздар? Көрші облыстарға, өзге өңірлерге неге бармайсыздар? Инвесторларды неге шақырмайсыздар? Кәсіппен айналысатын инвесторларға қолдаукөмек көрсетіңіздер. Жергілікті ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, ұсыныстар айтыңыздар. Инвестиция көбейсе, жұмыс орындары да артады, салық түсімі де молаяды», – деген Нариман Төреғалиұлы әкімдерге кабинеттен шығып, шұғыл қарекет қылуды тапсырды. Аудан басшылары бес айдың қорытындысы бойынша  есеп береді.

Бұдан соң кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Ниетқалиева өңірге инвестиция тартудың жай-жапсары жөнінде баяндады. Облыста негізгі капиталға инвестициялар көлемі бойынша бекітілген нысаналы индикатор – 841 млрд теңге. Төрт айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға  салынған инвестициялар көлемі Ақжайық (20,5%), Бөрлі (14,6%) және Бәйтерек (11,8%) аудандарында төмендеген.

Өңірдегі жеке инвестициялар көлемі – 127,1 млрд теңге. Оның жалпы инвестициялар көлеміндегі үлесі – 85,8%. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5%-ға төмендеген. Ал жеке инвестициялардың үлесі Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов және Теректі аудандарында төмен болып  отыр.

Бибігүл Әбдіғалиқызы айтып өткендей, облыста 2025-2031 жылдары жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың тізімі бар. Жалпы құны 884,9 млрд теңгеге 552  жоба ұсынылған. Оның ішінде биыл 125,4 млрд теңгеге 374 жоба жоспарланған. Баяндамашы аудандардың және Орал қаласының әкімдеріне жаңа инвестициялық жобаларды тарту бойынша жұмысты күшейтуді және биыл іске қосылатын құны 600 млн теңгеден жоғары жобаны  басқармаға ұсынуды сұрады.

Өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысына өңірдегі тоқтап қалған кәсіпорындардың санын саралауға тапсырма бергенін айтты. Бірақ тапсырма әлі орындалмаған. Облыс әкімі басшының нақты жұмыспен айналыспай отырғанын, төрт айдың қорытындысы бойынша ескерту беретінін жеткізді. Егер жұмыс бұдан әрі жанданбайтын болса, басқарма басшысының лауазымға сәйкестігі немесе сәйкес еместігі жөнінде мәселе қаралады деді. Бұдан соң облыс әкімі өзге де басқарма басшыларынан инвестиция тарту бағытында атқарып жатқан жұмыстарының жай-жапсарын сұрады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын нығайту бағытындағы нақты қадамдарды жүзеге асыру баршаға  ортақ  міндет деді.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале