Назарбаев даңғылымен жүріп келе жатсаңыз, Орал шаһарының еңсесін көтеріп тұрған алып ғимарат – Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры менмұндалайды. Алайда алыстан асқақ көрінген бұл мәдениет ошағының іші соңғы екі жылда қаңырап бос тұр. 2023 жылдың мамыр айында күрделі жөндеу мақсатында уақытша жабылған театрға келіп-кететін көрермен де жоқ. Ғимарат маңына аялдаған көліктер қарасы да көрінбейді. Біз екі жыл бойына жөндеу жұмыстарының жүрмей жатқандығына, жоба тағдырының тұмандылығына алаңдаймыз.

Жөндеу жұмысы неге тоқтап тұр?
Мәселенің жай-жапсарын анықтау үшін әуелі облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына жүгіндік. Басқарма басшысы Қуанышбек Мұханғалиев берген мәліметке сәйкес, театрдың күрделі жөндеу жұмыстары 2023 жылдың мамырында басталып, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес алты айдың ішінде аяқталуы тиіс болған. Алайда уәкілетті құрылымдар өткізген конкурстың заңдылығын тексергенде, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Өркен-Сервис» ЖШС-ның лицензиясы болмай, серіктестікпен келісімшарт сотпен бұзылған. Осы себепті құрылыс толықтай тоқтап, бүгінде жұмыстың небәрі 15%-ы ғана орындалған. Қазіргі таңда жаңа мердігер анықталмаған. Жаңадан жасалған ғылыми-жобалық құжаттама бойынша жөндеу мерзімі тағы да 6 ай деп көрсетілгенімен, бұл уақыт мердігер тағайындалған күннен бастап есептелмек. Театр директоры Нұржан Тасболатовтың айтуынша, күрделі жөндеуге 2 247 647 534 теңге көлемінде қаржы бөлінген. Алайда осы күнге дейін жұмсалған 109 029 075 теңге тек төбені жөндеуге жұмсалған. Осынша қаражат бөлініп, тек шатыры жаңартылған ғимарат – өнерге жасалған әділетсіздік емес пе?
«Көшпелі театр»
Өз шаңырағынан айырылған театр ұжымы ел ішінде бүгінде «көшпелі театр» атанып кеткен. Алдымен «Атамекен» өнер ордасына, кейін 2024 жылдың соңында Ғ. Құрманғалиев атындағы филармонияның 3-қабатына уақытша қоныстанды. Қойылымдар әуелі А. Островский атындағы театрда өтсе, бүгіндері бірде «Зенит» мәдениет үйінде, бірде «Аманат» залында өтіп жатыр.
Бұл жағдай шығармашылық тынысты тарылтатыны сөзсіз. Өнердің өз ордасы болмауы – оның мәнін жоғалтуға апаратын үлкен қауіп. Театр – бұл сахна мен көрерменнің, техниканың, режиссердің тұтасқан бір кеңістігі. Ал ондай кеңістік болмаған жағдайда, театр өнерінің табиғаты бұзылады.

Көрермен азайды, қойылым сиреді
Бұрын апта сайын үш қойылым көрсететін театр бүгінде тек бір қойылыммен ғана шектелуде. Бұған басты себеп – тұрақты сахна мен кәсіби дайындалуға жағдайдың жоқтығы. Театрға барғысы келетін көрермен де нақты мекенжайдың болмауына байланысты екі ойлы. Бұл жағдай тек көрермен санын емес, театр ұжымының шығармашылық белсенділігін де тежеп отыр. Басшылық гастрольдік сапарларды көбейтуді жоспарлаған. Алайда бұл – түбегейлі шешім емес, уақытша амал ғана.
Островский театры жөнделіп жатыр, ал Бөкеева театры ше?
Салыстыру үшін айта кету керек, Александр Островский атындағы орыс драма театрының күрделі жөндеу жұмыстары 2025 жылдың ақпан айында ғана басталды, бірақ соған қарамастан нақты жоспармен, қарқынмен жүргізілуде. Жоба аясында шатыр, қасбет, инженерлік желілер, сахналық жабдықтар жаңартылады. Жөндеу аяқталатын мерзім мен жұмсалатын қаражат ашық көрсетілген. Ал қазақ театры бір жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін нақты құрылысшысыз, қаңырап тұр.
«Жаңа театр салынса ғой...»
Театр – тек қойылым өтетін сахна емес. Ол – халықтың рухани айнасы, тіл мен мәдениеттің тірі орталығы. Театрдың тоқтауы – бір ұжымның емес, бүкіл өңір руханиятының тоқырауы. Бұл – кез келген көрерменнің, азаматтың алаңдайтын мәселесі.
Қаражат бөлініп, уәде беріліп жатқанымен, нақты әрекет пен нәтиже жоқ. Жоспар мен іс арасындағы алшақтық – мәдениет саласына деген селқостықты көрсетеді. Ал руханиятқа бейжай қарау – болашаққа бейжай қараумен тең.
Хадиша театрының әртістері, қызметкерлері де бұл мәселеге алаңдаулы. Аты-жөнін атағысы келмеген қызметкерлер былай деп реніштерін білдірген еді.
– Күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады деп естіп жатырмыз, соған қуаныштымыз. Бірақ өз үйің болмағаннан кейін, бір жерден екінші жерге көшіп жүру де оңай емес. Театр – біздің жұмыс орнымыз ғана емес, рухани тынысымыз. Өз сахнаңның жоқтығы шығармашылыққа да әсер етеді. Мен өз басым жаңа театр салынғанын қалап едім. Себебі, ескінің аты – ескі. Театр сахнасының акустикасы бұрыннан нашар, грим жасайтын бөлмелер аз еді. Қарастырылмай қалған олқылықтар көп болды. Үш жылға жуық уақыт бойы сандалып жүрдік. Осы уақыттың өтеуіне жаңа, заманауи театр салынар деген үміт болған. Әлбетте, жағдай жақсарса – құба-құп. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылдының» кебін кимесек, жарар еді, – десе, екіншісі:
– Жараға тұз сепкендей болдыңыз… Жуырда ғана Мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған салтанатты жиында әкіміміз театр ғимаратының жөндеу жұмыстары маусым айында басталатынын айтты. Алайда оның нақты қашан аяқталатынын ешкім білмейді. Бірақ біз бұған мойымаймыз. Театр – біздің үйіміз, сахна – жүрегіміздің үні. Сол себепті біз әлі де жұмыс істеп жатырмыз: бүлдіршіндерімізге ертегі қойылымдарын ұсынып, жаңа премьераларды сахналап келеміз, – деді.
Ғаламат Сапарбаев, көрермен:
– Театрсүйер көрерменнің бірімін. Әр қойылымын асыға күтіп, әрбір актердің ойынын жүрегіммен қабылдайтын едім. Алайда соңғы екі жылда бұл өнер ордасы қаңырап бос тұр. Біресе бір жерде, енді бірде басқа жерде қойылым көрсетіледі. Актерлерге де, көрерменге де оңай емес. Өз сахнасынан айырылған өнерпаз қанша тырысса да, уақытша ғимаратта бұрынғыдай әсер бере алмайды. Ең өкініштісі, күрделі жөндеудің ұзаққа созылып кеткені. Ал арада екі жыл өтті. Жөндеу жұмыстары тоқтап тұр деген ақпарат естідік. Сонда біз әлі қай уақытқа дейін күтуіміз керек? Мысалы, Александр Островский атындағы орыс драма театрының жөндеу жұмыстары кейінірек басталды, бірақ нақты жоспармен, қарқынмен жүріп жатыр. Бәрі түсінікті, үміт бар. Ал қазақ театры ше? Неге ол тасада қалып қойды? Неге ұлттық өнерге, ана тілімізде сөйлейтін сахнаға келгенде осынша енжарлық танытамыз? Қазақ театрының есігі қайта ашылып, көрерменімен қауышатын күнді асыға күтеміз.
P.S: Көлеңкеде қалған қазақ театрын қайта жандандыру – тек мәдениет басқармасының емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Өнер иелеріне тұрақты орта, көрерменге өз театры қажет. Бір кездері Оралдың рухани ордасына айналған бұл театрдың шырағы қайта жанып, көрерменімен қайта қауышатын сәт туар. Сең қозғалар күн де алыс емес деп үміттенеміз.
Жанерке Ғинаят,
«Орал өңірі»
Фотоға түсірген Мәди Салық