Чапаев ауылында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастамасымен «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз жұмысын бастады. Ашылу салтанатына аудан әкімі Мұрат Сердалин, қоғам белсенділері және ауыл тұрғындары қатысты.

Шарада сөз сөйлеген Мұрат Амангелдіұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отбасылық құндылықтарды нығайтуға қатысты ұстанымдарын атап өтіп, жаңа орталықтың осы бағыттағы маңызын ерекше атап өтті. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Әлеуметтік көмек» бөлімінің басшысы Алмагүл Есенғалиева Ақжайықтың мұндай орталық ашу жөнінен облыста алғашқылардың бірі екенін айтты. Қоғам белсендісі Құрман Бисенғалиев та орталықтың жұмысына сенім білдірді.

Орталықтың ашылу лентасын еңбек ардагері Дәулетжан Жақсыбаев пен «Шұғыла» әйелдер кеңесінің төрайымы Маншүк Мамбешова қиды. Жиналғандар орталық ішін аралап көріп, ондағы жұмыс істеуге дайын мамандар – заңгер, әлеуметтік қызметкер, психолог, профилактикалық бағыттағы маманмен танысты.

Шара жалғасы С.Сейітов атындағы аудандық кітапханада өтті. Онда үлгілі отбасы – Мақсот және Дина Хасановтармен сырлы сұхбат ұйымдастырылып, шеберлік сағаты өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова қатысты.
Азамат Қанапия,
Ақжайық ауданы
