1.06.2025, 18:00
Оқылды: 182

Жәнібекте балалар күніне орай мерекелік шара өтті

Бүгін әлемдегі ең асыл, ең таза жүрек иелері – балалардың мерекесі! Бала – өмірдің мәні, жанның жарығы, елдің ертеңі. Олар бақытты болса – болашақ та жарқын болады. Тұғыры биік еліміздің ертеңі бүгінгісінен де кемел болуы рухы асқақ, өресі биік білімді де талантты ұрпақ қолында.

image-01-06-25-02-07
Жәнібек ауданы орталығындағы мәдениет және демалыс саябағында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай «Балалар – болашақ шамшырағы» атты мерекелік шара өтті. Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов мерекелік шараға жиналған бүлдіршіндерге өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді.

image-01-06-25-02-07-1
Облыстық «Балдәурен» байқауының дипломанты «Ақмаржан» бишілер ансамблі «Бақшадағы тәртіпсіздік» биімен жиналған жұртшылықтың көңілін көтерді. Мерекеде әртүрлі кейіпкерлер, сайқымазақтар балаларға ойындар ұйымдастырып, би билеп көңілдерін сергітті. Сонымен қатар «Алтын ұя» бөбекжайының тәрбиеленушілері әзірлеген «Джентльмен» биімен жұртшылықты тамсандырса, «Балдәурен» бөбекжайының бүлдіршіндері «Гүлдер» биін ырғағына келтіріп биледі. Шарада Аяжан Марс «Көңілді күн» әнін орындаса, «Жәнібек» бөбекжайының тәрбиеленушілері «Кемпірқосақ» биімен мерекенің көркін қыздырды. Сондай-ақ Мейрамбек Стамов «Крылатые качели» , Айлин Биболат «Жалқаубек» әндерін шырқады. Жәнібек аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы Дарын Сұлтанов құттықтау сөз сөйлеп, балғындарға арналған сыйлықтар табыс етті.
photo-output
Шара соңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев шараға белсене қатысқан «Алтын ұя», «Балдәурен», «Жәнібек» бөбекжайлардың ұжымдарына алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті.
Мерекелік күн Асылан Боранбаевтың орындауында «Қуанышым менің» әнімен өз мәресіне жетті.

Бану Самат
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале