3.06.2025, 12:15
Оқылды: 697

Бөкей ордасына сапар

Мамыр айының орта шенінде облыстық ардагер – ұстаздар ұйымының басшылығымен Бөкей ордасы ауданында «Ұстаз – ұлылық емес, ұлы қызмет» атты ардагер ұстаздардың облыстық, аудандық ұйымдарының тәжірибе алмасып, байланыстарын нығайтатын әдемі шара оздырылды.

Изображение WhatsApp 2025-05-30 в 00.26.48_5110ee93

Шараны Бөкей ордасы ауданының әкімдігі, аудандық білім бөлімі, «Бөкей ордасы білім саласы ардагерлері» қоғамдық бірлестігі бірлесе ұйымдастырып, өте жоғары деңгейде өткізіп шықты. Сапарға шығу туралы хабардар болған күннен бастап барлық аудандық ардагер ұстаздар ұйымдарының басшылары қатты қуандық. Қуана жүрсек те, «қалай болар екен» деген ойдың мазалағаны да рас. Абырой болғанда, бәрі өте жақсы болды. Ризашылығымыз шексіз екенін бірден айтып қояйық. Расы сол. Енді ретімен сапар жайын баяндайық.

Изображение WhatsApp 2025-05-30 в 00.38.40_41b3b4f5

Облыстық білім басқармасы жанынан «ГАЗельге» автокөлігіне мінген біздің топ Хан Ордасына бет түзеді. Сапарластардың осалы жоқ. Әзіл айтып, ой толғап, пікір алмасып бірден араласып кеттік. Жақсыда жаттық болмаса керек. Жолдың бел ортасынан ауғанда Казталов ауданының қарасына да іліктік. Осы жерден бастап қазақы қонақжайлылықтың ғажап әлеміне бөленіп сала бердік. Қаймаққа татитын айраны мен ақ бауырсағын ұсынған елдің ықыласына разы болып, өнерпаз әншілердің домбырамен айтқан әсем әндері көңіл күйін шертіп жүректерге жылылық пен сыйластық сәулесін төге берді, себе берді. Казаталовтағы Алма Оразбаева атындағы мектепті аралап, жаңа заманауи үлгідегі ұлттық нақышта безендірілген білім ордасының сән салтанатын тамашаладық. Хан Ордасы – облыс орталығынан қашықтықта орналасқан елді мекен. Жол қашықтығын жеңілдетуге жәнібектік әріптестердің күре жолдың бойындағы Өнеге ауылынан күтіп алуы да септігін тигізді. Бұл жерде де ақжарма тілек ақ сүттей көңіл, ауылдастар ниеті көңілімізді жадыратты. Алда –Хан Ордасы.

Батыстың қасиеті боп жаралғасын,

Ел- халқың алға қарай қадам бассын.

Тұңғыштардың мекені аталатын,

Ассалаумағалейкум, Хан Ордасы! – деп алға қарай зулап келеміз. Көңілде қуаныш пен Бейбіт ағаның әсем әні. Қосылып келеміз, көлік те жылдамдығын қосқандай.

Хан Ордасы ауылы қақпасының алдынан қарсы алу салтанаты да тамаша болды. Айтып жеткізу қиын. Көру керек. «Жас құс» қонақ үйіне орналасқан соң, жоспарға сай «Бөкей ордасы» тарихи – мұражай кешенін аралауға келдік. Музейді аралау кезінде жолдағы шаршауымыз басылып, рухани демалып, көп мәліметтер мен көріністерге куә болдық. Музей-кешен өте ғажап жасақталған, экскурсия жүргізушілері де керемет екен. Жәңгір хан мен оның айналасы, Махамбет пен Исатай, Мәншүк батыр, Нарынның нар ұлдары кезектесе көз алдымызға келіп, өткен ғасырдан елес беріп, өшпестей әсер қалдырды. Әр залдың эстетикалық талғаммен жасақталуы, жәдігерлердің өзара байланыста қойылуы да орынды екен. Армансыз араладық, көп деректер алдық, тек уақыт аздау болды.

Қарағайлы Орданың кеші де бата бастады. Тәтті тағаммен толған берекелі дастарханда жақсы жандармен жолыққан кешіміз де жақсы өтті. Әсем ән қалықтап, ақ тілектер төгілді. Демалыс сәтіне қалай жеткенімізді сезбей де қалдық. Қарағайлы орманның сыбдырлары, Мәншүк қыздың майданда салған әні деген сияқты әсермен Хан Орданың қырмызы қою түніне ене бердік. Ертеңгі күн келер жылы 185 жылдығын тойлағалы тұрған Жәңгір хан мектебі мен танысудан басталды. Республикамыз бойынша алғашқы ашылған мектеп атына заты сай іргелі білім ордасы екен. Іші мен сырты бірдей жасақталуы да, материалдық жағдайы да талапқа сай жоғары дәрежеде екен. Сапалы білім мен саналы тәрбие беруге толық мүмкіндік жасалған. Ұлы Отан соғысына қатынасқан батырлар мен Мәншүк Маметованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, семинар өтетін мәдениет үйіне келіп кірдік.

Изображение WhatsApp 2025-05-30 в 00.43.25_6d1584cd

Семинар аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың құттықтау сөзімен басталды. Шараның басты ұйымдастырушысы, семинардың модераторы «Бөкей ордасы білім саласы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нәйлягүл Нарбулованың баяндамасы толық қанды, жүйелі болып шықты. Бейнебаянмен әрленіп, шешеннің ашық үнімен жеткізілген баяндама баршаға түсінікті болды. Көпшілікті толғантып жүрген мәселелер талқыланып, ұсыныс- тілектер айтылды. Облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллиннің сөзі өлкенің тарихын таразылаумен басталып, білім беру саласындағы жаңалықтар мен ізгі мақсат –мұраттарға негізделген бағдарламалық нұсқау болды деуге татитындай тұшымды болды. Жарыссөзге қатысушылар да негізгі баяндаманы да нақтылай түсті. Облыстық, аудандық деңгейдегі марапаттаулар семинардың маңызын ашса, концерттік нөмірлер семинардың сәнін келтірді. Шара аяқталған соң қонақжай ел келгендерге жол болсын айтып, шығарып салды. Аттанып кеттік. Жолда Қос өзен бойындағы казталовтық бауырлардан бестің шайын ішіп, ымырт жабыла Оралға да жеттік. Сапар аяқталғанмен, алған әсерден арыла алмай, ақ ниетті, ақжарма тілекті ордалықтарды әлі ризалықпен еске алудамыз.

Қарышты болсын әркез қадамдарың,

Ыстық болып көрінесің маған бәрің.

Жақсылықтар көп болсын Сіздің жақта,

Ақ ниетті Орданың адамдары.

                                                                                                                         Адақ Шотпанов,

Шыңғырлау-Орал-Бөкей ордасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале