Облыстық халық шығармашылығы орталығында «Парасат» орденінің иегері, актриса Нұрлыгүл Жұбатованың мерейтойына арналған бенефис өтті. Актрисаны құттықтауға келген көрермен, ең алдымен, Нұрлыгүл Жұбатованың шығармашылығы мен өмір жолына арналған бейнероликті тамашалады.

Нұрлыгүл Жұбатова Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан өнер институтының «Режиссура» факультетін тәмамдаған. 1993-1997 жылдары институт қабырғасында оқып жүріп-ақ, театр өнерінің қара шаңырағы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрындағы қойылымдарды сахналауға үлес қосты. Оқу орнын бітірген соң театрға актриса ретінде қабылданып, бүгінгі күнге дейін табан аудармастан еңбек етіп келеді. Нұрлыгүл Өтемісқызының актриса болуға деген алғашқы қадамы «Алло, таланттарды іздейміз!» атты байқаудан бастау алады. Осы байқауға бару үшін ауылды аралап, жол-пұлға ақша іздегендері де күні бүгінгідей есінде.
– Ол кезде елде көк тиын ақша жоқ. Облыс орталығына жету дегеніңіз, қазіргі тілмен айтқанда, Дубайға тап бүгін ұшу керек дегенмен бірдей. Негізі, аудан орталығына жиналып, одан әрі сол аудандағылар алып кетеді. Ауылды аралап шықтық. Қасымда марқұм Құбиев Нұрлан ағам бар. Тиын-тебен тапты. Бірақ мардымсыз. Сонымен үйге келіп, көңілім түсіп, жыладым ба білмеймін, ұйықтап қалдым. Таңертең көзімді ашсам, Нұрбөбек апай мені оятып: «Нұрлыгүл, Қайыржан ағаң (күйеуі) бүгін районға жүреді. Тез жет» деді. Бетімді жудым ба, жумадым ба, есімде жоқ, қолымда домбыра, құстай ұштым. Аяғым жерді сезіп келе жатқан жоқ сияқты. Зираттардан аса бергенде, жанында «КӨКТЕРЕК» деген жазуы бар Қайыржан ағаның аутобосы үлкен жолға шығып келе жатыр екен. Жүрегімнің соғысы кеудемде емес, басыма көшіп кеткендей. Жүгіріп жеттім. Аутобостың жол билетін алмады ағам. Аудан-ның мәдениет үйіне келдім. Содан әрі қарай әр совхоздан келген таланттарды жинап, өздері апарып келді. Бәйгеде оза шаптым. Оқуға түсуге жолдама алдым. Білетінім, менің өнерімнің ауылда қалып қоймауын тілеген жомарт жандар көп болды, – деп еске алады сол кездерді актриса.
Нұрлыгүл Жұбатова театр табалдырығын аттағалы бері М. Хасеновтің «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» комедиясындағы Зәуреш, М. Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясындағы Шолпан, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясындағы Баян, Т. Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір той» гротескінде Күйкетай, М. Байджиевтің «Құдалар» драмасында Бәтес, тағы басқа қойылымдарда көптеген рөлді сомдап, көрерменнің іздеп келетін сүйікті актрисасына айналды.
Талантты актрисаның бенефисі қазақтың көрнекті жазушысы Д. Исабековтің «Әпке» қойылымымен жалғасты. Арада қаншама жыл сырғып өтсе де, бұл қойылым өзектілігін жойған жоқ. Қойылым режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Сердеш Қажымұратов.

Бас кейіпкер – Қамажайдың рөлін Нұрлыгүл Жұбатова сомдады. Қазіргі заман талабына сай нұсқада ұсынылған драма көңілді басталып, оқиғалар шиеленісе түседі. Алғашқы оқиға Темірбектің өзінің құрбысын, нақтырақ айтқанда, болашақ жарын үйіне қонақ ретінде әкелуден басталады. Әрдайым өз ойын тіке айтатын, ерке қарындасы Нәзилә болашақ жеңгесінің кей қылығы ұнамай қалғанын айтып салғанда, үйде ұрыс басталады. Әрі қарай оқиға тұрмыстың түйткілдерімен өрбиді. Ата-анасынан жастай айырылған шаңырақтың тұңғыш қызының бауырларының бабын табам деп әрқайсысының көңіліне қарап, жаутаңдағаны... Арқада тұрған ана аманаты... Бауырларының жолында құрбан болған жас қыздың аяулы сезімі, тұтастай ғұмыры... Бас кейіпкер мейірімді, сыпайы, өмірге құштар Қамажайдың рөлін Нұрлыгүл Жұбатова сәтті алып шықты. Тек бас кейіпкер емес, тұтастай актерлердің бәрі өз кейіпкерлерін керемет сомдады. Жиналған көрермен олармен бір жылап, бір күліп, ризалықпен қол соқты. Қандай қиындықты басынан кешсе де, өз өмірін бауырларына арнаған әпке оларды жетілдіріп, аяққа тұрғызады. Драма соңында әке-шешесінің орнын жоқтатпай, бауырларына пана болған аяулы әпкені бауырлары құттықтап, алыс қалалардан арнайы келеді. Тұтастай бір отбасының тағдыры суреттелген шағын ғана драмада әпкенің бауырларына деген қамқорлығы, махаббаты – бәрінен де бағалы, сонысымен де құнды. Қойылым соңында облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев талантымен тәнті еткен актриса, бас кейіпкер Нұрлыгүл Жұбатоваға облыс әкімінің құттықтаухатын табыстап, сый-сияпат жасады.
Гүлжамал Кенжеғалиева,
«Орал өңірі»