4.06.2025, 12:30
Оқылды: 286

ҚР Мемлекеттік Рәміздері күніне орай Сырым ауданында велошеру өтті

Жымпиты ауылындағы С. Сейфуллин көшесінен көк жалау көтеріп қозғалған керуенді автошерушілер жалғады. 

IMG_3021

Елдігіміз бен еркіндігімізді болмысына сыйғызған символ - ҚР Мемлекеттік туын асқақтата аспанға шаншыған шерушілер Қаратаев, Амангелді көшелерімен жүріп өтіп, Қазақстан көшесіндегі бас алаңға келіп тоқтады.

IMG_3059

Құрметті қарауыл жанындағы ауданның бас туын көтеру мәртебесі Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовқа, мемлекеттік қызмет саласының ардагері,”Сырым ауданының құрметті азаматы” Әнуарбек Ғалымовқа және Маңғыстау облысында өткен Әбіш Кекілбаев атындағы “Әбіш оқулары” республикалық ғылыми-шығармашылық байқауының жеңімпазы, Ж. Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша-бөбекжай кешенінің 10 сынып оқушысы Бекзат Әлтенге берілді. Ту тұғырына қонғасын, ҚР Мемлекеттік Гимні орындалды. Орталық алаңдағы “Рәміздер - ұлт мақтанышы” атты салтанатты шараны Жұмагелді Жолдыбайұлы құттықтау сөзімен ашты.

IMG_3050

- Рәміздерге еліміздің дербестігін паш ету деген биік мәртебе берілген. Мемлекеттік нышандар мемлекетіміздің өткенін, бүгінін болашақпен жалғайды. Бабалар тудың жолында жан қиған. Рәміздерді қастерлеу - ұлы парыз! - деді аудан әкімі.

IMG_3066

Сахна төрінде белгілі әншілер Сәлімжан Әубәкіров пен Алмаз Елшібеков “Көк тудың желбірегені! әнін шырқады. Даланың дауыстары - Мерген Мұқанов, Армат Алдамжаров және Дархан Қажығалиевтер домбырамен бірге самғады. Алмагүл Жұма, Армат Жұмагелдиев, Нұрлыбек Байниязов және Айгүл Сисенова орындаған “Атамекеннің” әр сөзі, әр ырғағы Тәуелсіздікпен бірге тыныстағандай.

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале