ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов Сырым ауданының активімен кездесті. Кейін аудандағы қоғамдық кеңес өкілдерімен, жастармен жолықты. Жиындарды Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов жүргізді.

Мемқызметке – конкурссыз...
Мемлекеттік қызметші – халықтық қызметшісі деген сөзді жиі айтамыз. Иә, бұл сөз мемқызметшінің жауапкершілігін ауырлатады әрі абыройын көтереді. Бірақ, халықтың қызметшісі болу – тұрғындар айтқан талап – ұсыныстың барлығын оң қанағаттандыру деген сөз емес. Әр мемқызметшінің өзінің функционалдық міндеті, кәсіби бағдары, құзірет шегі бар.
Мұрат Байсалов мырзаның айтуынша, ҚР Президентінің 2024 жылғы 17 шілдедегі №602 Жарлығымен бекітілген ҚР мемлекеттік қызметін дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, бүгінгі таңда мемқызметті адамға бағдарланған және сервистік сипатта ілгерілету, аппаратты кәсібилендіру, HR – процестерді басқару және цифрландыру негізгі мақсатқа айналған.
Бұл азаматтардың мемлекетпен өзара іс – қимылын жақсартуды, стратегиялық жоспарлаудың тиімділігін, мемлекеттік қызметтің кадр құрамының сапасын, квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыруды, мемлекеттік аппаратты оңтайландыруды және мемлекеттік қызметтер көрсетудің проактивті форматына көшуді, жергілікті өзін – өзі басқаруды көздейді.

Департамент басшысы кешенді жоспарларымен бөлісті:
- Бірінші – ашық конкурстық рәсімдерге маңыз беруге тиіспіз. Меритократияны енгізудің негізгі аспектілерінің бірі – мемлекеттік қызметке қабылдау және мансаптық өсу кезінде ашық конкурстық рәсімдерді қамтамасыз ету. Батыс Қазақстанда конкурстық рәсімдер автоматтандырылған және цифрландырылған. Сандарды сөйлетсек, облыстың мемлекеттік органдарымен 199 бос лауазымға орналасуға конкурстар өткізіліп, оған 305 адам қатысты, 85 жеңімпаз анықталды. Конкурстан тыс тағайындаулар да болады. Бұл – екінші тәсіл. Президенттің тапсырмасына сай мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою тәртібін жеңілдету үшін қолданыстағы заңнамаға өзгертулер енгізілді. Енді мемлекеттік грантпен оқу орындарын жоғары көрсеткішпен аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалатын болады. Бұл білікті жастарды мемқызметке ынталандыруға, мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемқызметке кіруді жеңілдетеді. – деді Байсалов.
Біз «Бұл тек жоспар ма әлде нақты мысалдар бар ма?» - деп сауал тастадық. Мұрат Байсаловтың айтуынша, норма енгізілгеннен бастап мемлекеттік лауазымдарға 54 жоғары оқу орындарының түлектері орналасқан. Бәрекелді! Әйтпесе, білім қуған, оқу орынын үздік, қызыл дипломмен бітірген маманның ақылы негізде, қашықтан оқыған адамнан үкімет алдында артықшылығы болмаса әділетсіздік қой.

Бюрократия «тірі» ме?
Мемқызметке келудің үшінші тәсілі – ротация. Ротация институты ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен енгізіліп, бұл әдіс саяси, «А» корпусының мемлекеттік қызметшілеріне, «Б» корпусы қызметшілерінің бірінші басшыларына міндетті. 2024 жылы ротациялауға жататын санаттардың тізімі кеңейтілді. Бұл өзгерістерге сәйкес, Батыс Қазақстанда 8 мемлекеттік қызметші «жылы орынын» басқа «жайлы орынға» ауыстырған. 7 мемлекеттік қызметшінің лауазымды болу мерзімі ұзартылды. Басшылық лауазымдағы тұлғалар тізбесі мен «мінсіз бедел» шеңберінде мемқызметке кіру шарттары күшейтілді. Нақтырақ айтқанда, қызметкер қылмыс не теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шықса, жауаптылықтан босағаннан кейін 3 жылдан соң ғана мемқызметке келе алады. Бұл мерзім қылмыстың салмағына қарай ұзара береді. Тіпті мүлде қабылдандау шарттары да бар. Костюм киген қауымға жауапкершілік пен адалдығын күшейту үшін тәртіптік жаза да қарастырылған. Департамент басшысына сырымдық әріптестері бірқатар сауалдарын қойды. Сырым ауданы әкімі аппаратының маманы Едіге Өтеповтың:
- ҚР Мемлекеттік қызметі бюрократиядан арылды ма? – деген сауалына Мұрат Байсалов ашықтық, жариялылықтың бәрі «галстукты шарт түйген», халыққа көзінің астымен қараған қызметкерлердің болмауы үшін жасалып жатқанын, бірақ бюрократия ұшқындары әлі байқалатынын ашық айтты.
Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева аудандық мәслихат пен қоғамдық кеңестің халық пен билік арасындағы байланысты тиімді ету бағытындағы жұмыстануда екенін айтты, мысалдар келтірді.
Өз кезегімізде, біз газет қызметкері ретінде екі сауал жолдағанбыз. Бірінші сұрақ – мемқызметшінің ар – ожданы туралы. Расын айту керек, ашынған халық кейде алдындағы лауазымды адамның жеке шекарасына кіріп, ауыр сөздер айтатыны жасырын емес. Департамент басшысының сөзіне қарасақ, мемқызметкерлер Заңға сай өз құқығын толық қорғай алады, бірақ олар көп жағдайда мәмілені бұзбау, этикетті кірлетпеу үшін ашуларын ішке «жұтады» екен.
Екінші сауал – биліктің халықтың өтінішіне құлақ асу туралы. Құжат жүзіндегі өтініштерге жауап беру мерзімі белгіленген. Құзырлы органдар көп жағдайда халықтың өтініштеріне шекті мерзім туғанша жауап бермейді, берсе де «қатерлейміз, мәлімдейміз» - деген жауыр жауаптар алатынымыз. Ал, Қазақстан үкіметі, әкімдіктер әлеуметтік желідегі ың – шыңға ынта – шынтамен жауап беріп, арнайы түсінік видеолар жүктеп, жедел реакция танытады. Бұл әрине, желідегі парақшасы арқылы жұмыс жасайтын блогерлердің «қолын жүргізіп» тұр. Ресми тәртіппен жүгінген халық болса «әкімдік бір жауап берер деп», елеңдеп отыр. Ал, билік блогерлердің алдында «есеп беріп жүр». Бұл әділеттілік пе? Агенттік өкілі желідегі шапшаң реакция тек теріс ақпаратты «тұмшалау» үшін ғана қолданылатынын айтты.
Мұрат Байсалов аудандардағы кадр тұрақтылығына маңыз беру қажеттігіне назар салды. Сондай – ақ меритократия қағидаты, мемқызметшілерді оқыту және тағылымдама мәселелерін айтып өтті. Президенттік жастар кадрлық резерві – жаңа буынды тәрбиелеудің жолы.

Мемқызметші неше ағайынды?
Сырым Датұлының ағайыны, соның ішінде бір әкеден тараған бауырлары аз болмаған. Соған қарамай, «Неше ағайындысың!?» - дегенге батыр: «Ағайынды екеумін. Бірі – өзім, екіншісі – халқым!» - деп жауап қатқан. Сұңғыла Сырым бірауыз сөзге азаматтар үшін асыл миссияны сыйғызып кеткендей. Біздіңше, билік басындағы адам халықты өзіндей көрмей, адалдықты өмір сүру стиліне айналдырмай, мемлекеттік қызметтің шарапаты болмайды.
Жыртық үй мен жылтыр үй
Айтпақшы, Мұрат Байсалов: «Мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді тым болмағанда орташа деңгейде білуге міндетті!» - деді. Бұған келісуге де, келіспеуге де болады.
Тілді тек түйіндемеде түртіліп тұру үшін үйренуге болмас. Тіл – халықтың өмірі, тұрмысы, мінезі, тіпті өзі. Лауазымды тұлғалар қазақ тілін неғұрлым жақсы білсе, қазақтың мұңын да соншалық түсініп, зарын соншалық ұғынар еді. Бұл әсіресе, Астана басындағы әйнек ғимаратта отырған ақжағалыларға көбірек қатысты. Теледидардан Үкімет отырыстарында сәлемдесу ғана қазақ тілінде басталып, әрі қарай баяндау, пікірлесу, тіпті тапсырма беру ресми тілде жалғасатынын көріп жүрміз. Шатыры жыртық үйдегі зарды жылтыр үйдегі адамдар түсінбесе де қиын ғой. Парламентке сайланған депутаттардың жарты бет антты ежіктеп, оқи алмай тұрғанын көргенде жылайсың. Депутат үшін емес, тілің үшін жылайсың. Бұл енді ауылда отырған біздің ішкі толғанысымыз.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы