Ерлан Нағымұлы Хұсайынов әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың түлегі. Университеттен биолог-эколог мамандығын алып, осыдан тура 40 жыл бұрын қанаттанып шыққан. Атакүлдігі – Қазталов ауданындағы Қараоба ауылы. Мектептен кейін шопанның көмекшісі болып, қой бақты, одан соң екі жылды әскерге беріп, азаматтық борышын өтеді. Әскерден келгесін ғой, Қазақ мемлекеттік университетінің даярлық курсында оқып, өзі армандаған мамандықтың оқуына әбден еңбек сіңіріп түсетіні. Университетті бітірген бойда Қазақ КСР Ғылым академиясының республикалық Ботаника институтының зертханашысы болғанын ұмытпайды. Онда алдағы жұмысына талай көмегі тиетін тәжірибе жинады. Одан Қазталовкасына келіп, аудандық комсомол комитетінде комсомолдың жас қайраты болып, үш жыл жарқылдап жүргені де Ерекең үшін қымбат шақтар! Содан кейін барып, мектепке, шәкірт тәрбиелеуге кіндігінен байланды. Әсіресе, Ақжайық ауданындағы М. Әуезов атындағы мектепте өткен жылдары көңілінің түкпірінде үнемі сәулеленіп жататынын айтсайшы... Мектепте сабақ беріп қана қоймай, оқу орны жанындағы оқу-тәжірибе учаскесіне жетекшілік жасады.

Сонымен бірге өсімдіктер жылыжайының зертханашысы ретінде оқушылардың ортасында жүрді. Ешкімге дауыс көтермейтін, сөзінің біссіміләсін жұмсақ жымиып бастап, содан күні бойы танбайтын ұстазды оқушылар да жақсы көріп, ерекше құрмет тұтты. Соған орай оның сабағына қызыға, құлшына қатысып, ойларын, пікірлерін ашық айтатын. Мектеп жанындағы оқу-тәжірибе учаскесі дегеннен шығады, ондағы жұмыстарды оқушыларға Ерлан Нағымұлы өзі бас-көз болып, екі ойлы, жүрексіне бастаған еді. Оған көкөністің бірнеше түрі егілді. Оқушылар жұмысқа бастан-аяқ қатысып, «Қалай болар екен» - деп, ағайларымен бірге уайымдап жүрді. Учаскенің бір кереметі, мұғалім шәкірттеріне жұмыс істете жүріп, арасында сабаққа қатысты тақырыптарды міндетті түрде оқытып отырды. Қызықтың көкесі күзде болды. Тәжірибелік учаске жақсы өнім берді, әсіресе, қызылша мен сәбіз өнімді төгіп салды. Оның бәрі мектеп жанындағы асханаға тегін тапсырылды. Арада бір жыл өткенде бұл учаске аудан мектептері арасында оқу-тәжірибе учаскесі жеңімпаз атанды. Онымен де тоқтап қалмай, облыста осы бағытта өткен сайыста тағы да ең үздік атанып, М. Әуезов атындағы мектептің абыройын асқақтатты.
Эколог-ұстаздың сол кездегі алға қойған мұраты - шәкірттерін қоршаған ортаға құрметпен, жанашырлықпен қарауға тәрбиелеумен қатар, Ақжайықтың табиғатын жан-жақты зерттеп, оны аялап, қорғауға үлкен-кішінің бәрін бір кісідей жұмылдыру. Мектепте жұмыс істей жүріп, биологиялық-экологиялық бағыттағы жаратылыстану ғылыми терминдерін қағазға түсірумен күні-түні айналысты. Өңіріміздің флора-фаунасына сәйкес, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің үш тілдегі атауларының ғылыми кітапшасын жасады. Жан-жануарды былай қойғанда тек, өсімдіктердің 7 мыңнан астам түрін жүйелемелік (систематикалық) тұрғыда жазып, жинақ шығарғаны кез келгеннің қолынан келетін оңай шаруа емес. Осынау ұшан-теңіз жұмыстардың арғы жағында қоршаған ортаға деген жанашырлық, туған табиғатты қорғау оны әрі қарай түрлендіріп, гүлдендіріп келер ұрпаққа табыстасақ деген әдемі үміті, үлкен мақсаты жатыр Хұсайыновтың.
Экологтардың ұлық мерекесі қарсаңында биология ғалымы десе, қоршаған орта, табиғат десе, ішкен асын жерге қоятын Ерекеңмен арнайы кездестік. Әңгімеміз Ерлан Нағымұлының «стихиясына» бұрылғанда азаматтың жүзі нұрланып сала берді...
- Біз туған табиғатымызды толық зерттеп болған жоқпыз. Зерттеу өз алдына, жеткілікті түрде қорғап, аялап, сақтап жүрміз бе, деп өзімізден өзіміз сұрап жүрміз бе? Айта алмаймын. Ал, шындығына келсек, қорғай алмай келеміз, - деген Ерекең әңгіме тиегін ағытты. - Адам баласы табиғаттан ажырап, алшақ кете алмайды, тығыз байланыста болуы керек. Есіңізде ме, өткен ғасырдың сонау 70-80-жылдары экология нашарлады, табиғи орта ластанып барады, ауа, су бүлінді деп айтып, дабыл көтердік пе? Ондай болған жоқ қой... Әлгі аяқ астынан табиғи немесе техногендік жағдай орын алып, су ластанып, балық өліп дегендей оқыс оқиғалар болмаса, жалпы, мамыражай тыныштық бәрі жақсы болды. Қазір ХХІ ғасырдың 25 жылын орталап қалдық, ал экологиялық мәселе бұрынғыдай емес, күшейіп келеді. Ушығып барады десек, артық емес. Енді не істейміз деп, бүк түсіп отыруға болмайды. Экологиялық тәрбиені күшейтпесек болмайды. Білім – экологиялық білім-тәрбие керек! Мәдениеттілікті сіңірмесек, біз одан сайын ластана береміз. Кішкентай балаларымызға гүлді-шөпті жұлма, бұтақты сындырма, жәндіктерді «жәбірлеме» деп күнделікті айтып отыруымыз керек. Міне, осы мәселелер мені соңғы 7-8 жылда ылғи мазалайды. Зейнет демалысында жүрсем де, экология мәселесімен тұрақты айналысып келемін. Өте қажет, болашақ ұрпақ үшін керек мәселе болғасын есіл-дертім осы салада десем, дұрыс болар... Қарапайым адамдардан бастап, мемлекеттік қызметшілер арасында экологиялық тәртіпті күшейткен жөн. Жоғарыда айтқанымдай, ұрпағымызды кішкентай күнінен, балабақшадан бастап, қоршаған ортаны көздің қарашығындай сақтауға тәрбиелеуіміз керек. Мен былай дер едім – әр мекеме басшысы қоршаған ортаны қорғау жөнінде өзінің мекемесінің жеке жоспарын жасауы керек. Мекемесі орналасқан аумақта, жерде, өсімдіктер бар ма, ағаштар өсіп тұр ма, құс-жәндіктер мекендей ме, соларды сақтаудың жолдарын ойластырған жоспар түзілсін. Түстеп, түгендеп инвентаризация жасап отырса, артық етпейді. Біз әдетте, «Қызыл кітапқа» енгендерге ерекше көңіл бөліп, оларды сақтауға күш саламыз. Дұрыс дейік. Бірақ оған енбегендерді де қорғап-сақтауымыз керек. Қандай тұқымдас, қандай қатарға жатады, соны жүйелеу қажет. Былайша айтқанда, сол мекеменің шарбағында, аумағында өсіп тұрған өсімдіктер мен мекендеп жүрген жан-жануардың инвентаризациясы болсын! Ал, бізде қалай, мекеме өзінің негізгі жұмысын ойлайды да табиғатыңа, қоршаған ортаңа көңіл бөлмейді.

Мен өзіміз-дің облыс қана емес, республикалық масштабта өсімдіктің 7 мың түрінің атауларын жүйелеп шықтым. Мұнда Ресейге де қатысты өсімдіктер мен жан-жануарлар, жәндіктер бар екенін де ескерейік. Нақтырақ айтсам, «Өсімдіктер, құстар, балық атауларының қазақша-орысша-латынша атаулары», «Биологиялық және экологиялық терминдердің, омыртқалы жануарлар мен омыртқасыз жәндіктер атауларының қазақша-орысша-латынша және орысша-қазақша-латынша сөздіктер анықтамалығын» әліпби тәртібімен электронды нұсқаға түсірдім. Оның ішінде өсімдіктер мен жан-жануарлардың Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген түрлері айрықша көрсетілген. Әдетте ненің болса да, терминдері негізінен орыс тіліндегі әдебиеттерде кезедеседі ғой. Жаратылыстануға қатысты терминдерді, ең алдымен, қазақшалауға күш салдым. Ол үшін оған сәйкес әдбиеттерді іздеп, бірнеше жыл уақытымды жұмсадым. Талай ғылыми әдебиет, журналдарды тауып алып оқыдым, зерттедім, салыстырдым. Әрине, бұған менің көп жылым кетті. Бірақ еңбегім еш болған жоқ. Көпшілік менің осынау іс-тәжірибемді ғылыми шығарма деп бағалап жатады. Бұл мен үшін жоғары баға, биік марапат. Мен қайда жүрсем де, туған жерім Казталовты, мұғалімдік жылдарымның ең бір жарқын кездері өткен Ақжайық ауданын көңілімнің төрінде ылғи сақтап жүремін. Жоғарыда айтылды, бүгінде зейнет демалысындамын. Бірақ соған қарамастан аздаған зейнетақымның қауқарына сүйеніп, және ҚазИИТУ-дың қамқорлығымен Ақжайық, Қазталов аудандарының жаратылыстану кітапшасын шығарып, сол аудандардың мектеп кітапханасына табыстадым. Онда сол өңірлердің флора-фаунасына сәйкес, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің үш тілдегі атаулары тізілген. Қазақстанның флорасы бойынша алфавитпен өсімдіктер тізімін жасақтап шықтым. Былайғы ғалымдар мұны баға жетпес дүниетаным деп бағалап жатыр. Соның ішінде Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген өсімдік түрлерінің белгіленуі, осы салада оқитындар мен жұмыс істейтіндер үшін дайын материал. Өсімдік дүниесі деген де бір шетімен шеті жоқ галактика сияқты. Мысалы, жусанды алайық. Осы жусанның Қазақстанда 102 түрі бар екен.Соның ішінде бір түрі «Қызыл кітапқа» енген. Қазақша-орысша-латынша атауын келтіріп айтсам: дәрмене жусан - полынь цитварная – artemisia cina. Тұқымдасының атауы – жұлдызгүлдер тұқымдасы – семейство астровые – familia asteraceae. Өзіміз жақсы білетін қызғалдақты алайық, Қазақстанда сол қызғалдақ туысына жататын 36 түрі бар екен. Соның 20 түрі еліміздің «Қызыл кітабына» енген. Кең тараған бір түрін айта кетейін: Биберштейн қызғалдағы – тюльпан Биберштейна - tulipa Biebersteinia scһult. Жататын тиісті тұқымдас атауы: лалагүлдер тұқымдасы – семейство лилейные – familia Liliaceae A.L.de Juss. Өсімдіктер дүниесінде қоңырбастың орны зор. Еліміз бойынша, осы тұқымдасқа жататын 104 туысы, 624 түрі бар екен. Осы арадан доғарайын, әңгімемді (аутордан құлаққағыс: Осы жерде айта кетуіміз керек, Ерлан Нағымұлы – жоғарыда айтқан ғылыми еңбектерінен басқа бірнеше жинақтың ауторы. Атап айтсақ, «ҚР-ның флорасы бойынша өсімдіктер атауларының сөздіктер анықтамалығы», «ҚР-ның фаунасы бойынша құстар атауларының сөздіктер анықтамалығы», «ҚР-ның фаунасы бойынша балықтар атауларының сөздіктер анықтамалығы», «Жалпы флора бойынша әліпби тәртібімен өсімдіктер атауларының сөздіктер анықтамалығы» кітаптары. Бұл еңбектерге Ерекеңнің талай жылдары арналып, еңбегі ерекше сіңгенін айта кеткеніміз жөн).
* * *
Жуырда Ерлан Нағымұлы өзінің Альма матері – әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ына барып қайтты. Осы жерден түлеген курстастарымен 40 жылдан кейін кездесіп, мәре-сәре болған әсерінен әлі арыла алмай жүр. Университеттің студенттері, ұстаз-ғалымдары мұнымен кездесу өткізді.Олар мұның ғылыми еңбектерімен танысып, әсіресе, ғалым-ұстаздар Ерлан Нағым-ұлының еңбегін жоғары бағалады. Ғылыми кітапшалар қазақстандық ғалымдарға, эколог-биолог зерттеушілерге, студенттерге мәні терең, мағынасы зор көмекші құрал екенін атап айтты. Университет ректораты ауторды алғысхатпен марапаттап, құрмет көрсетті. Ардагер ұстаз ҚазМУ-ынан қанаттанып қайтты. Қазір ол ғылыми жұмыстарын одан әрі жалғастыруда. Көп ұзамай, жаңа ғылыми еңбектерін көріп қалуымыз ғажап емес...
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі»