5.06.2025, 20:00
Оқылды: 420

Казталовта шөп шабу науқаны басталды

Казталов ауданы көлемінде жыл санап мал басы саны артып келеді. Осыған байланысты, мал азығын дайындау мәселесі маңызға ие болып отыр. Биылғы жылы ауданға 380,3 мың тонна мал азығы (шөп) қажет. Оған қоса, соңғы жылдары ауданда қуаңшылық салдарынан мал азығы өнімділігі төмен болып отыр. Басы қайғы шаруаға оның үстіне аудан көлемінде киіктің саны әлдеқайда артып, біраз елді мекендердегі шөпті отап кеткені көпшілік тұрғындар, шаруа қожалықтар арасында мәселе туғызып отырғаны жасырын емес.

IMG20250604183409

«Киік далада құрттай жыбырлап, толып жатыр» десек, кейбір оқырман сенбеуі мүмкін. Бұл жағдайды келіп, көру қажет.

Ал биыл жауын-шашын көп болмаса да аудан аумағында шөп шығымы былтырғы жылмен салыстырғанда жаман емес. Шөп шабу науқаны маусым айының басында басталып та кетті. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиевпен бірге Казталов ауылдық округінің шабындық жерлерін араладық. Округтегі шаруалар шөп шабу жұмыстарына кірісіп жатыр. Алыстан шөп шапқан, шөпті буған техникалар көрінісі көздің жауын алады.

Сапарымыз барысында Асылбек Шамғонов жетекшілік жасайтын «Жәнібек» шаруа қожалығының шабындығына ат басын тіредік. Шаруашылық жұмысшылары қос трактормен мал азығын дайындап жүр. Бұрқыраған жасыл шалғынның иісі мұрын жарады. Көктей өскен даланың шалғынын трактордың орағы орып, баудай түсіріп келеді. Артынша тағы бір техника шабылған шөпті буып, тіркемеге тиеп жатыр. Бәрі алдағы қыстың қамы.

IMG20250604183056

Ерте қамданған қожалық жұмысшыларымен кездесіп, жағдайды білген бөлім басшысы шөптің шығымына қатысты өз ойымен бөлісті.

— Биыл ауданымыз бойынша шөптің шығымы орташа деңгейде және кейбір округтерде төмен. Жалпы әр гектардан 3 центнердей мал азығын дайындап алуға болады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір көш ілгері жағдай. Шаруаларға киіктің шектен тыс көбеюі де кері әсерін беріп тұр. Ақбөкендер «құралай» уақытында біраз жердің шөбін таптап, жеп кетті. Дегенмен, бар шөпті шауып, қысқа дайындап алу керек. Өткен қыстың жайлы болғанын ескерсек, біраз қожалықтарда мал азығының қоры сақталып отыр. Бірақ, қамсыз отыруға болмас. Алдағы қыстың қалай болары белгісіз. Ерінбей, мал азығын артығымен жинап алуға жұмыстану қажет. Біз де өз тарапымыздан барлық ұйымдастыру жұмыстарына қолдау жасаймыз,- деді Аманжол Баянғалиұлы.

IMG20250604184711

Иә, науқан басталып-ақ жатыр. Бәрінің қайырын бергей! Енді дала өртінен сақ болып, бар шөпті уақытында орып алған жөн. Қылышын сүйретіп келетін кәрі құда қандай тосын мінез көрсетері белгісіз?!

Нұр Рахман

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале