8.06.2025, 14:30
Оқылды: 141

Янайкин ауылында жас балуандар белдескен аудандық турнир өтті

Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Янайкин ауылында 2012–2013, 2014–2015, 2016–2017 және 2018–2019 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында қазақ күресінен аудандық турнир ұйымдастырылды.

IMG-20250606-WA0033
Жарысқа Янайкин, Болашақ, Белес ауылдарының палуандарымен қатар, Ақжайық ауданына қарасты Алғабас ауылынан келген спортшылар да қатысты. Барлығы боз кілемге 60-қа жуық жас спортшы шығып, өзара бақ сынасты.

IMG-20250606-WA0042
Турнир қорытындысында Янайкин ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Гүлсім Бисекешова сайысқа жиналған тұрғындарды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, боз кілемде белдескен барлық жас балуандарға болашақта тек жеңіс пен жарқын жетістік тіледі. Сонымен қатар, үздік нәтижелер көрсеткен спортшыларды марапаттады.
Бірден айтайық, бозкілемде жергілікті балуандар мықтылығымен көзге түсті. Жарыс қорытындысы бойынша 2018–2019 ж.т. ұлдар арасында: 16 келі салмақта – Мансұр Ғалиев (Янайкин), 20 келіде – Беймұрат Бейімбет (Алғабас), 23 келіде – Тәуекел Қанаш (Янайкин); 2016–2017 ж.т. ұлдар арасында: 23 келіде – Алтынбек Әділғали (Янайкин), 26 келіде – Әділхан Ғаділ (Болашақ), 32 келіде – Әлімжан Бисенов (Янайкин); 2014–2015 ж.т. ұлдар арасында: 26 келіде – Нұриман Құрман (Янайкин), 29 келіде – Арман Нәжмеден (Янайкин) үздік болды. Ал қыздар арасында: 27 келіде – Әсел Бекболатқызы (Янайкин), 42 келіде – Шынханым Құрман (Янайкин) топжарды. 2012–2013 ж.т. ұлдар арасында: 29 келіде – Арман Ғұмаров (Янайкин), 32 келіде – Рамазан Қадыралиев (Белес), 35 келіде – Ұлан Қуанышпен (Янайкин) ешкім теңесе алған жоқ.
Сөйтіп жарыстың ең жоғары марапаты саналатын «Түйе палуан» атағы янайкиндік Ұлан Қуанышқа бұйырды.
Тек спортшылар емес, оларды жарысқа дайындаған бапкерлер де назардан тыс қалмады. Үздік бапкерлерге алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

IMG-20250606-WA0040
-Бұл менің алғашқы жарысым. Күреске 5 жасымда атамның жетелеуімен барған едім. Сол сәттен бастап боз кілемге деген қызығушылығым артып, жаттығуды тоқтатпадым. Янайкиндегі турнир ерекше әсер сыйлады. Қарсыласымның жауырынын жерге тигізген сәтте арманыңа бір қадам жақындағанда күй кештім. Сол сенімім алдаған жоқ, нәтижесінде бірінші орынды иеленумен қатар, «Ең жас палуан» аталымына да ие болдым, – дейді Алғабас ауылынан келген Беймұрат Бейімбет.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, медальдар және естелік сыйлықтар табысталып, Құрбан айт мерекесі ауыл жұртшылығы үшін есте қаларлықтай спорттық шарамен жалғасты.

Салтанат Серікбайқызы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале