Елімізде кәсіпкерлерді қолдауға көп көңіл бөлінген. Мемлекет басшысының сындарлы саясаты өркениетті елдер қатарына енудегі жалпыға ортақ бағыт. Кәсіпкерлікпен айналысудың сан жолы бар десек, ең бастысы, адамда өзіне деген сенім басым болу керек және еңбекке деген ынта қажет.

Бүгінгі сан-салалы жұмыстардың атқарылуы, мемлекеттік бағдарламалардың қарқын алуы азаматтардың әлеуметтік мүмкіндіктерін түзетудің тірегіне айналғаны шындық. Сондықтан, жұмыссыздықты жоюдың амалы аймақта, ауданда, керек десеңіз, ауылда шағын және орта кәсіпті дамыту жолдары жан-жақты қарастырылып келеді.

Осы орайда, бүгін Жәнібек ауданының орталығында «Диана» атты киім-кешек, опа-далап пен әшекейлер дүкені ашылды. Дүкенді жеке кәсіпкер Гүлбаршын Арыстаналиева ашып отыр. Шағын ғана бизнесінің өрісі кеңейіп, ендігі жерде ол кең ғимаратта тұрғындардың қажеттілігін өтейтін болады. Дүкеннің ашылу салтанатына арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов «Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз. Шағын және орта бизнес – біздегі жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуы тиіс», - деп ел Президенті өзінің Жолдауында айтқан болатын. Иә, біздің ауданда бизнесті дамыту үшін көптеген мүмкіндіктер беріліп отыр. Гүлбаршын Сәбитқызының еңбекқорлығын өте жақсы білеміз. Саудаңыз сәтті болып, халықтың алғысына бөленіп жүре беріңіз, - деді.

Дүкеннің ашылу салтанатымен құттықтап келген аудан өнерпаздары да әннен шашу шашты. Райымбек Кәрімовтің орындауындағы әдемі әннен кейін дүкеннің лентасы қиылды. Шашу шашылып, жиылғандар ішке қарай бет алды.

Айта кету керек, жеке кәсіпкер Гүлбаршын Арыстаналиева шағын кәсібінің аясын кеңейтіп, тәуекелге бас тігіп, ғимаратты жөндеп алып, тұтынушыларға сәнді де сапалы қызмет көрсетуді көздеп отыр. Қазіргі таңда бір адамды жұмыспен қамтып отыр.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы