Жуырда «Жайық арена» спорт кешенінде Құрбан айт мерекесіне орай қазақ күресінен «Жамағат барысы» атты сайыс өтті. Исі мұсылман баласының бірлігін нығайтып, жамағат арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сайысқа өңір аудандары келген әуесқой палуандар қатысты.

– Қазақ халқы ұдайы төл өнерін қастер тұтып, ойын-сауықтарда, той-думандарда қызықты сайыстар, дүбірлі додалар ұйымдастырады. Ондай жиында жеңімпаз атанған палуандарын ел төбесіне көтеріп, құрметтейді. Өйткені қазақ күресі күшті ғана емес, қайсарлық, ептілік пен батырлықты талап етеді. Кешегі Қажымұқан мен Балуан Шолақ аталарымыз, олардың ізін басқан Жақсылық Үшкемпіров пен Дәулет Тұрлыханов ағаларымыз – қазақ палуандық өнерінің айнасы. «Жамағат барысы» жарысы спортты жанына серік еткен жандар үшін ғана емес, өскелең ұрпақ үшін ұйымдастырылуда. Өйткені жастарды спортпен шұғылдануға шақыруымыз керек, – деді сайыстың ашылу салтанатында БҚО дін істері басқармасының басшысы Азат Қаратай.

Одан соң сөз алған белгілі палуан, облыстық грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясының құрметті президенті Бауыржан Бегайдаров қызықты жарысқа келген жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Бәсекенің ашылуына арнайы келген Орал қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Мынатаубиік Әнесов палуандарға ақ батасын берді.

Жарыс жүлделері екі салмақта сарапқа салынды. Салмағы 90 келіге жетпейтін палуандар «Өгіз палуан» атағын, 90 келіден жоғары салмақтағылар «Түйе палуан атағын сарапқа салды.

Қорытындысында Өгіз палуандар бәсекесінде үшінші орын сырымдық Аманғали Орынбасаровқа, екінші орын жаңақалалық Ерқанат Малдыбаевқа бұйырса, бірінші орынды сырымдық жігіт Жандәулет Бауыржанов жеңіп алды. «Түйе палуан» атағын сарапқа салғандар қатарында Сырым ауданы атынан келген Дамир Мұқатов пен Темірлан Ғабдуллинге қола мен күміс, ал «Түйе палуан» атағы мен Сырым ауданы жамағаты бас жүлдеге тіккен жылқы Бәйтерек ауданының намысын қорғаған Нұралы Науановқа берілді.

Жеңімпаз, жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар мен бағалы марапаттар табысталды. Спорттық шараның жоғары деңгейде өтуіне БҚО спорт басқармасы, БҚО дін істері басқармасына мен «Жайық арена» спорт кешені мұрындық болды.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»
Суреттер: zamagat-barysy-2025
