10.06.2025, 15:30
Оқылды: 368

Түркиядан Америкаға дейін немесе бір рюкзак, қос құрлық, шексіз арман...

Ел ішінде жүріп өсіп-жетілуді мақсат тұтқан әрбір жас үшін әлемнің озық елдерінен тәлім алу – үлкен мүмкіндік әрі үлкен жауапкершілік. Бұл жолғы «Студент» бетінің кезекті кейіпкері шетелде білім алып, АҚШ-та тәжірибе жинап, болашақта сол білімін туған елінің өркендеуіне арнамақ ниетте. Мақаламыз арманына шекара қоймаған, бірақ тамырын туған елінен үзбеген Қадыр Мерекеұлы туралы.

WhatsApp Image 2025-05-15 at 10.27.13 (1)

2004 жылдың 24 қаңтарында Бәйтерек ауданына қарасты Жалын ауылында дүниеге келген ол – бүгінде Түркияда білім алып жүрген талапты жас. Балалық шағы мен мектеп кезеңі де осы ауылмен тығыз байланысты. 1-сыныптан 9-сыныпқа дейін Қадыр Жалын ауылындағы мектепте оқыса, 10-11-сыныпты Орал қаласындағы №19 мектептен «Алтын белгімен» аяқтаған. Ата-анасы – ұстаз. Тай құлындай тебісіп өскен алты бірдей бауыры бар.
– Өзім ауылда өскеніме қуанамын. Бала күнімнен әкем ағам екеумізді еңбекке баулыды. Өзінің негізгі мамандығы әдебиетші болса да, сырттың бар жұмысынан хабардар, өте еңбекқор жан. Әкеміздің қасында жүріп, біз мал да қарадық, шаруаға да икемделдік. Ауыр жұмыстан қорықпайтын төзімділік, уақытты тиімді пайдалану, жаңаны үйренуге деген қызығушылық сол кезден қалыптасты. Негізі мен елден жырақта оқимын деп жоспарламағанмын. Ата-анама, ағама қолғабыс болып, жақын жерде жүрсем деп ойлағам, – дейді өзі.
Қазіргі таңда Қадыр Түркия мемлекетінің Денизли қаласында орналасқан Памуккале университетінде түрік тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша грант негізінде білім алуда. Бұл мамандықты таңдауға мектеп кезінен-ақ Таяу Шығыс мәдениеті мен әдебиетіне деген қызығушылығы себеп болған.
– Студенттік шағымның Түркияда өтуін қалаған себебім көп. Ең алдымен, бұл ел – бізбен түбі бір, діні бір, ділі жақын халық. Және мен бұл елге «Түркия бурслары» деген бағдарламамен грантқа түстім. Грант барлық жол шығындарын өтеп, жатақханамен қамтамасыз етіп, ай сайын шәкіртақы төлеп отырады. Бұл елге алғаш келген сәттен-ақ өзімді жат сезінбедім. Қарапайым көшеде жүрген адамнан бастап, дүкендегі сатушысына дейін «Қазақстаннан келдім» десең, жылы шыраймен қарап, бауырындай қарсы алады. Бұл – мен үшін ең үлкен қолдау. Түрік халқы өте мейірімді, қарым-қатынасқа бейім. Елдің өзі туризмге бағытталғандықтан, шетелдік студенттерді жатсынбайды. Қоғамға ену, ортаға сіңіп кету қиын болмады. Бір сөзбен айтқанда, бұл жақтағы атмосфера – жайлы. Тағы бір ерекше ұнағаны – елдің табиғаты мен климаты. Бәрі де оқуға, өмір сүруге үлкен мотивация береді. Түркия – географиялық жағынан да өте ыңғайлы орналасқан ел, ­– дейді Қадыр.
Оның айтуынша, шетелдік студенттің өмірі қарапайым көрінгенімен, көп еңбекті қажет етеді. Түрік тілінде өтетін сабақтарды толық меңгеру үшін өзге студенттерге қарағанда екі есе көп ізденуге тура келеді екен. Бос уақыттарының көп бөлігін кітапханада өткізеді. Сонымен қатар апта сайын жергілікті қазақстандық студенттермен футбол ойнап, бос уақытты пайдалы өткізуге тырысады. Сенбі-жексенбі күндері де жеке дамуға арналады. Шетелде оқудың да өзінің қиындықтары мен қызықтары бар.
– Шетелде оқу – сырт көзге романтика секілді көрінгенімен, шын мәнінде үлкен жауапкершілік пен сын. Елден жырақта болу – ең алдымен сағынышпен бетпе-бет келу деген сөз. Ата-анаң, бауырларың, туыстарың – бәрі алыста. Бір ағзаң ауырса, көңілің түссе, жаныңа жүгіріп келетін ешкім жоқ. Осындай сәттерде нағыз жалғыздықты сезінесің. Бірақ дәл осы сәттер мені өсірді. Өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Тіл мәселесіне келсем, маған түрік тілін меңгеру оңай болды. Қазақ пен түрік тілінің ұқсастығы – үлкен артықшылық. Көптеген сөздер, тіпті кейбір мақал-мәтелдер де ортақ. Бұл – екі ұлттың түбі бір, тарихы тамырлас екенін дәлелдейді. Осы ұқсастықтардың арқасында мен түрік тілін тез үйреніп кеттім, – дейді ол.
Оның пікірінше, шетелдік университетте оқудың басты артықшылығы – адам көкжиегінің кеңеюі. Түрлі елдерден келген студенттермен танысу, мәдени алмасу, өз елін таныстыру секілді мүмкіндіктер тұлғалық дамуға үлкен септігін тигізеді.
Қадыр сондай-ақ 2023 жылы «Work and Travel» бағдарламасымен АҚШ-қа барып, аквапаркте құтқарушы болып жұмыс істеген. Бұл тәжірибе оның өміріндегі ең жарқын кезеңдердің бірі болғанын айтады. Жаңа достар тауып, ағылшын тілін жетілдіруге үлкен мүмкіндік берген бұл бағдарлама оның көзқарасын өзгертіп, өмірге деген сенімін арттырған.
­– «Work and Travel» бағдарламасы – мен үшін үлкен мүмкіндік әрі өмірлік сабақ болды. Бұл бағдарлама тек университет студенттеріне арналған. Сондықтан қатысудың басты шарты – студент мәртебесінде болу. Оған қоса, ағылшын тілін белгілі бір деңгейде меңгеру керек және оқу үлгерімі де басты назарға алынады. Өзім Чикаго қаласындағы аквапаркте құтқарушы болып жұмыс істедім. Міндетім келушілердің құтқарушы жейделерін дұрыс киген-кимегенін, демалыс орнындағы қауіпсіздігін қадағалау болды. Сағатына 12 доллар алатынбыз. Дамыған елдерде әр минутың бағалы. Америкаға барып, түрлі мәдениеттегі адамдармен араласу арқылы мен мүлде басқа дүниетанымға жол аштым. Әр халықтың өзіне тән өмір сүру салты бар, оны шектен тыс насихаттаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі әр ұлт, әр ел – өзінше ерекше. АҚШ халқы маған еңбекқор әрі қызмет көрсетуге бейім қоғам ретінде көрінді. Адамдар сабырлы, өз істеріне жауапкершілікпен қарайды. Әрине, мінсіз қоғам жоқ, олардың да әлсіз тұстары бар. Бірақ жалпы тұрмыстық жағдай, өмір сүру сапасы жағынан Америка – Орта Азия елдерінен көш ілгері екенін байқадым, ­– деп кейіпкеріміз өз ойымен бөлісті.
Қадыр ең алдымен адамның өз бағытын табу қажеттігін алға тартады. Қай салада, қандай бағытта дамығысы келетінін анықтап алған жастарға ағылшын тілін үйренуге кеңес береді. Себебі бұл – әлемге ашылар есік, білім мен тәжірибеге жол. Алдағы бесжылдық жоспары бойынша Қадыр Памуккале университетін тәмамдап, магистратураға түсуді көздеп отыр. Қазіргі таңда ағылшын тілін тереңірек үйреніп, алдағы екі жылда тағы екі шет тілін меңгеруді жоспарлауда.
«Магистратураны Қазақстанда немесе араб елдерінің бірінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқығым келеді. Басты арманым – дипломат болып, адал еңбек ету. Болашақта Қазақстанға оралып, туған елге абыроймен қызмет еткім келеді. Себебі елімізге елін сүйетін, халықтың мүддесі үшін қызмет ететін жас әрі білікті мамандар қажет», – дейді Қадыр.
Елім деп елжіреген жүрекке біз де сәттілік тілейміз! Сүрінбей, талмай, білім көгінде самғай бер, жас қыран!

WhatsApp Image 2025-05-15 at 10.27.10

Қосымша ақпарат:
Work and Travel USA – халықаралық студенттік бағдарлама. Бағдарламаның басты мақсаты – студенттерге АҚШ тұрғындарының тұрмыс-салтын жұмыс пен саяхат арқылы көрсету. Бағдарламаның ұзақтығы ең көп дегенде бес ай (4 ай жұмыс және 1 ай саяхат, басқаша «grace period» деп аталады). Әдетте, жазда өткізіледі. Жұмыстардың түрлері қызмет көрсету саласына жатады: мейрамханада, дүкенде, қонақүйде, демалыс орындарында.
Бағдарламаның басты талаптары – жоғары оқу орнының студенті болу және ағылшын тілін жеткілікті деңгейде білу. Бұдан басқа бағдарлама – ақылы. Мысалы, Қазақстанда бағдарлама 3 мың долларға жуық тұрады. Тапсырамын десеңіз, арнайы компаниялардың көмегіне жүгінесіз. Бағдарламаны АҚШ мемлекетінің департаменті өзара білім беру және мәдени алмасу заңына сәйкес басқарады.

Жанерке Мерекеқызы, 
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале