Таяуда қаламыздағы «Аmanat» партиясының ғимаратында «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шегірткелермен күрес және олардың ауыл шаруашылығына тигізетін зияны» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараны Батыс Қазақстан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырды. Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы, «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Жиын барысында шегірткелердің ауыл шаруашылығы дақылдарына келтіретін зияны, зиянкестердің таралу аумағы мен оларға қарсы қолданылатын шаралар егжей-тегжейлі талқыланды. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкінарықты сапалы өніммен қамту және шаруалардың проблемаларын шешу жолдары қарастырылды.
Сарапшылар шегірткемен күрес бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, тиімділікті арттыру үшін бірлескен іс-қимыл қажет екенін атап өтті. Қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»