Жәнібек ауданы орталығындағы 90 жылдық тарихы бар М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледж базасында «AgroSkills Oral - 2025» салалық чемпионаттың ашылу салтанаты өтті. Чемпионатқа Ақжайық аграрлық-техникалық, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Шыңғырлау, Тасқала және М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледждерінің командалары бақтарын сынауға келді.

«Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында қоғамға қажет, бәсекеге қабілетті, жан-жақты, құзыретті мамандар дайындауды мақсат ететін оқу орындарының жаңашылдыққа жаны құмар, білім бәсекесінде көштен қалмауға ұмтылатын жалынды жастарының басын қосқан дәстүрге айналған «AgroSkills Oral-2025» чемпионатының мақсаты айқын.

Яғни, жастарды кәсіптік даярлау саласындағы әлемнің үздік тәжірибесін анықтау және ҚР техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізу, Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жаңа оқыту технологияларын енгізу және инновациялық процестерді ынталандыру, оқу бағдарламаларын жетілдіру бойынша үнемі әдістемелік көмек арқылы Қазақстанның сарапшылық қауымдастығын дамыту, еңбек адамы дәрежесін және техникалық кәсіп мәртебесін арттыру болып табылады.

AgroSkills – Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласындағы студенттердің кәсіби шеберліктерін шыңдайтын республикалық чемпионат. Аталмыш шара WorldSkills қозғалысының ауыл шаруашылығы бейімделген нұсқасы. AgroSkills чемпионаты алғаш рет 2019 жылы ұйымдастырылып, қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде өткізіліп келеді.Аталған шарада Батыс Қазақстан облысының әдістемелік орталығының әдіскері Жанар Карманова, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешев, аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Жәнібек Кенжеғалиев, колледж ардагерлері мен ауыл шаруашылық құрылымдардың өкілдері мен әлеуметтік серіктестері төбе көрсетті. Жиында Мирболат Бауыржанұлы сөз алып, чемпионаттың ашылу салтанатымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тілеп, кәсіптік, бағдар механизмін, мамандарды даярлау, еңбек өнімділігін арттыру, халықаралық стандарттар негізінде техникалық мамандықтар бойынша өндіріс орындары саласын жоғары технологиялық мамандармен қамтамасыз ету жолындағы жыл сайын ұйымдастырылып отырған чемпионаттың рөліне баса тоқталды.
Батыс Қазақстан облысының әдістемелік орталығының әдіскері Жанар Сәбитқызы да жүрек жарды тілегін жеткізіп, чемпионнатты өткізуді өз жауапкершілігіне алған М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің директоры Берік Ықсановқа алғысын білдірді. Сонымен қатар Жанар Сәбитқызы жақында мерейлі 80 жасқа толған ардагер ұстаз Қабаш Жүнісовты құттықтап, облыстық білім басқармасының басшысы Жантас Сафуллиннің алғысхатын табыстады. Өз кезегінде М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің директоры Берік Ықсанов ардагер ұстаздың иығына шапан жауып, алғысхат табыс етіп, жылы лебізін білдірді.

Әрмен қарай чемпионаттың бас сарапшысы Абылай Әміров қатысушыларды «AgroSkills Oral-2024» салалық чемпионатының ережесімен таныстырды. Оның айтуынша, чемпионат төрт модуль бойынша өтеді. Бірінші кезең колледж базасында өтсе, қалған үшеуі далады, яғни егістікте өтетін болады. Жарыстың берінші кезеңі «К-742М Кировец» тракторын сату алдындағы дайындық бойынша бағаланса, екінші кезеңде қатысушылар «Lutong LT 1304» тракторымен «ПТС 8 тіркемесімен» жұмыс бабына келтіріп, артқы беріліспен қақпаға айдап кіргізу керек болады.

Үшінші модульде «МТЗ-82.1» тракторымен табиғи және екпе шөптерді баулауға арналған «Sipma Kostka PK 4000» пресін жұмысқа дайындау, байлау аппаратына жіпті сабақтау, табиғи шөпті престеу көрсетіледі. Соңғы модульде «К-742М Кировец» тракторына агреатталған «Sukov Downhil-Spring» айналмалы соқасымен жер жыртылады. Колледждің өнерлі қыздары мен жігіттері әсем әнмен салтанатты ашылу шарасының нүктесін қойды. Айта кету керек, салалық чепионаттың жеңімпазы биыл қазан айында өтетін республикалық кезеңге жолдама алады.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы