12.06.2025, 16:30
Оқылды: 162

Ақ үмітке арқау болған ақ желеңділер

15 маусым – Медицина қызметкерлері  күні

Медицина қызметкерлері  – ақырын  жүріп,  анық  басатын,  әр  сөзі  мен  әрекеті  санаулы  секундқа  байланған  жандар.  Олар  –  түн  ұйқысын  төрт  бөліп,  шұғыл  шақыртуға  аттанып,  кейде  өзі  ауырса  да,  өзгені  емдеуге  асығатын  нағыз  қаһармандар.  Осынау сала  қызметкерлері  күні  қарсаңында  біз  өңіріміздің  денсаулық  саласында  аянбай  еңбек  етіп  жүрген  абзал  жандарды  оқырманмен  таныстырып,  олардың  тынымсыз  тірлігі  мен  жанкешті  еңбектеріне  құрмет  білдіргіміз  келеді.

Ажалдан  арашалап,  үміт  отын  жаққан

Кей мамандық – кәсіп, ал кей мамандық – тағдыр. Қазіргі Ақжайық ауданындағы Жамбыл ауылында дүниеге келген Меңсұлу Жұматова кеңес дәуірінің 70 жылдарында Алматы мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, тағдырын денсаулық саласымен тоғыстырған. Ұзақ жыл бойы туған ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда қызмет істеп, жүздеген адамның өміріне араша түсіп, қиын сәттерде үміт отын жақты. Хирургия, травматология, кардиология, неврология сынды түрлі салаларда шұғыл көмек көрсетіп, әрқашан халықтың жанынан табылды. Жерлестері оны «Құдайдың берген дәрігері, біздің Мать Тереза» деп атайды екен.

WhatsApp Image 2025-06-12 at 17.18.35

Халықтың сенімін арқалаған Меңсұлу Дүйсенбайқызы 1980 жылдары Ақжайық ауданындағы Жамбыл ауылының депутаты, кейіннен КСРО Жоғарғы Кеңесінің халық депутаты болып сайланды. Ол Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Кәкімбек Салықовтармен қатар ел мүддесін қорғап, қоғам мен қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған комитеттерде қызмет етті. Сондай-ақ Чернобыль мәселесіне арналған мемлекеттік комиссия құрамында да табанды еңбек еткен. Дәрігер ұзақ жылғы адал еңбегі үшін  республикалық және  облыстық, аудандық деңгейдегі алғысхаттар мен Құрмет грамоталарымен, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері», Отандық медицинаны дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Алтын дәрігер», «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін», денсаулық сақтау басқармасының «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталып, Ақжайық ауданының құрметті азаматы атағына лайық деп танылған.

Меңсұлу Дүйсенбайқызының ең басты марапаты – халықтың жүрегіндегі орны. Оның биік адамгершілігі, кішіпейілділігі мен адалдығы – шынайы  байлықтың  белгісі.

Жүрегі балалар деп соғады

Қапия Алдиярова – жүрегі мейірімге толы, ұрпақ саулығына өмірін арнаған нағыз балалар дәрігері. Бұрынғы Фурманов ауданына қарасты Балықшы ауылында дүниеге келген ол 1969 жылы Краснопартизан мектебін бітірген. Бала кезінен дәрігер болуды мақсат етіп, 1969-1975 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетінде  білім  алған. Интернатураны 1975 жылы Орал қалалық балалар ауруханасында өтіп, еңбек жолындағы алғашқы қадамын жасайды. Сол кезден бастап бүгінге дейін балалар денсаулығын қорғау ісіне 28 жылын арнаған екен. Әр жылдары №4 қалалық емханада балалар бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары, №3 қалалық емханада медициналық сарапшы қызметтерінде тер төгіп, 2019 жылдан бері №6 емханада педиатрия бойынша үйлестіруші маман ретінде еңбек  етуде.

Алдиярова

Қапия Тасболатқызы – әр баланың тағдырына жанашырлықпен қарайтын дәрігер. Қарапайымдылық, сабырлылық және табандылық – оның басты қасиеттері. Оның жанкешті еңбегі ескерусіз қалған жоқ, әр жылдарда ҚР Тәуелсіздігі күніне орай Орал қаласының әкімі С. Оразовтың алғысхаты, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Бұған қоса, оған республикалық «Өмір-Баян» қоғамдық-саяси журналының бас редакторы А. Мелдешовтің «Жанқиярлық еңбегі үшін» төсбелгісі табысталған.

Күйік пен сынық емшісі

Сәуле Антазиева – 49 жыл бойы травматология мен күйік терапиясы бағытында еңбек еткен абыройлы дәрігер. Ол 1949 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Балалық шағынан дәрігер болуды мақсат етіп, Атырау қаласындағы медициналық училищеде фельдшер мамандығын меңгерді. Оқуын тәмамдағаннан кейін шалғай ауылдарда алғашқы еңбек жолын бастап, өзін жауапты маман  ретінде  таныта  білген. Кейінгі жылдары жедел көмек бөлімінде еңбек етіп, қиын әрі қауіпті сәттерде салқынқандылық таныта білді. 1982 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетінде білімін жалғастырып, кейін Атырау қаласында ашылған травматология пунктінде меңгеруші болды. Ал 1984 жылы жедел медициналық көмек ауруханасына травматолог болып қабылданды. Осы уақытта Мәскеудегі Вишневский атындағы күйік орталығында оқып, бұл салада алғашқылардың бірі ретінде өңірге жаңа бағыт әкелді. Күйік терапиясы бойынша Атыраудағы алғашқы маман ретінде ол көптеген адамның өмірін сақтап қалды. Ал 1989 жылы Орал қаласына қоныс аударып, жаңа ортада да өз ісін жалғастырды.

WhatsApp Image 2025-06-12 at 17.16.04

№6 қалалық емханада травматолог қызметін атқарып, дәрігерлік еңбегінің жемісін көрді.  Оған дәлел – дәрігердің өңіріне тағылған «Денсаулық сақтау үздігі», «Құрметті ардагер-дәрігер», «Золотой врач» медальдары. Бұл тізімнің сыртында әріптестерінің құрметі мен науқастардың  алғысы  жатыр.

Сәуле Алдашқызы тек негізгі мамандығымен шектеліп қалған жоқ. Соңғы жылдары мануалды терапия, массаж, иглорефлексотерапия, гирудотерапия және реабилитология салаларында қосымша білім алып, жұртшылыққа кешенді көмек көрсетуде.

Өз мамандығына өкінбейтін жан

35 жылдық еңбек жолының 28 жылын Дариян ауылындағы перзентхана бөлімін басқаруға арнаған Хансұлу Саримова – бүгіндері Орал қаласындағы №6 емхананың акушер-гинекологиялық қызметі бойынша үйлестірушісі, жоғары санатты дәрігер, жас мамандардың тәлімгері. Ол өзінің күрделі де жауапты мамандығының ең басты құндылығы – жаңа өмірге жол ашу екенін айтады.

Хансұлу Мұханбеденқызы 1960 жылы Атырау облысының Сүйіндік кеңшарында дүниеге келген. Медицинаға бала күнінен құмар болған ол бастапқыда бірден институтқа түсе алмаған. Сөйтіп, Құлсары кентіндегі туберкулезге қарсы балалар ауруханасында санитар қызметкері болып жұмыс істеп, кейін Гурьевтегі (қазіргі Атырау) медицина училищесінің акушерлік бөлімін қызыл дипломмен аяқтады. 1981 жылы Ақтөбе медицина институтына оқуға түсіп, акушер-гинеколог мамандығын таңдады. Оқуды үздік бітіріп, 1987 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысындағы Дариян ауылына жолдамамен келді. Содан бері осы салада үздіксіз  еңбек  етіп  келеді.

WhatsApp Image 2025-06-12 at 17.17.45

Қазір Хансұлу Мұханбеденқызы қызмет ететін қалалық №6 емхана – қаладағы ең ірі емханалардың бірі. Жылына 2500-ге жуық әйел жүктілік бойынша есепке алынады. Олардың арасында егіздер мен үшемдер де бар. Денсаулығы бойынша өміріне қауіпті қарсы көрсетілімі бар жүкті әйелдер республикалық деңгейдегі клиникаларға жіберіледі. Мұндай жұмыста тек біліктілік емес, үлкен жанашырлық та қажет. 35 жылдық еңбегінде Хансұлу апай бір де бір рет өз кәсібін таңдағанына өкінбегенін айтады. Ақ желеңді абзал жанға ҚР Денсаулық сақтау саласының құрметті қызметкері атағы, «Еңбек ардагері» медалі, Құрмет грамотасы, облыстық және аудандық денсаулық сақтау басқармаларының алғысхаттары табысталған. Сондай-ақ ол жоғары санат дәрігері ретінде бірнеше  мәрте  марапат  төрінен  көрінген.

Жайнасова

Дания Жанайысова 1959 жылы Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар кеңшарының Сейтқызыл құмында дүниеге келген. Орта білімін Көпжасар ауылындағы Дина Нұрпейісова атындағы орта мектепте алып, бала күнгі арманына адалдықпен Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. 1984 жылы емдеу ісі мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады. 1985 жылы Орал қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында интернатурадан өтеді. Сол жылы құрылысшы мамандығындағы жолдасы Шыңғыспен бірге жолдамамен Жаңақала ауданына жолданып, дәрігерлік қызметін осы ауданда бастаған. 1985-1992 жылдары Жаңақала аудандық ауруханасында инфекционист дәрігер болып еңбек етті. Жауапкершілігі мен кәсіби біліктілігі ескеріліп, 1993 жылы аудандық аурухананың емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл лауазымды ол 2003 жылға дейін атқарып, аудан тұрғындарының денсаулығы үшін тынымсыз  еңбек  етті.

Жаңақала аудандық ауруханасында жұмыс істеген жылдары жұқпалы аурулар бөлімінен бастап, балалар, үлкендер, гинекология, хирургия және босану бөлімшелерінің тыныс-тіршілігіне тікелей араласты. Бөлімге түскен барлық ауыр науқастардың емі үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, бұл қызметін мінсіз атқарып жүрді. Кейін денсаулығына байланысты басшылық қызметін тапсырғанында инфекционист дәрігер ретінде Жаңақалада еңбек жолын жалғастырды. Жалпы алғанда, ол бұл ауданда 28 жыл еңбек етіп, мыңдаған адамға жәрдем көрсетті. 2013 жылы отбасы жағдайына байланысты Орал қаласына қоныс аударып, №3 қалалық емханада жұмыс істеді. Ал 2014 жылы жаңадан ашылған №6 қалалық емханаға ауысып, бүгінге дейін инфекционист дәрігер болып қызмет атқарып келеді.

Бұл салада еңбек ету дегеніңіз – әр науқаспен, әр вируспен қауіпті айқасқа түсу десе де болады. Өміріңді қатерге тігумен пара-пар. Әсіресе «COVID-19» пандемиясы кезінде Дания Қисағалиқызы алғы шепте жүрді. Ол күн сайын таңғы сегізден кешкі сегізге дейін емханадағы «фильтр» арқылы келгендерге алғашқы көмек көрсетіп, мобильдік бригадаларға онлайн кеңес беріп отырды. Қауіпті кезеңде төрт ай бойы отбасынан жырақта, жатақханада тұрып, жұмыс істеді. Қызуы көтерілген, әлсіреген, жөтел қысқан адамдар легі үзілген жоқ. Бірақ дәрігер халықтың амандығын бірінші орынға қойды. Көп жылғы еңбегі үшін «Денсаулық

сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Жанқиярлық еңбегі үшін», «Медицина саласының үздігі» төсбелгілері, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің салалық кәсіподағы БҚО филиалының Құрмет грамотасы,  Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің алғысхаттарымен  марапатталған.

Жанерке  Мерекеқызы,  Аружан  Болатбекқызы,

 «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале